Балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын болдырмау: заңға түзетулер енгізілді
Сенаттың жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда қаралып, екінші оқылымда Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған заң қолданыстағы заңнама нормаларын «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Комитет төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, балық пен балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын болдырмау мақсатында «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға балық шаруашылығы субъектілерін балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде тіркеуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Балық және басқа да су жануарларының жаппай қырылу қаупін болғызбау, сондай-ақ қырылу салдарын жою үшін көмек көрсету тәртібін айқындау бойынша балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізілді, - деді Әли Бектаев.
Бұдан бөлек, өсімін молайту кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық өсімін молайту мақсаттары үшін балық шаруашылығы су айдынын және (немесе) учаскесін конкурссыз алу құқығы беріледі. Сондай-ақ заңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі нормалар көзделген.
Заңда агроөнеркәсіптік кешен мен электр энергетикасын дамытуға бағытталған нормалар көзделеді. Мәселен, «Астық туралы» Заңға жем қорын қамтамасыз етуге және басқаруға, сондай-ақ астық нарығы жөніндегі операторға жем қорының астығын сақтау жөніндегі шығыстарды өтеуге бағытталған түзетулер енгізілді. Инвестициялық келісім жасасқан экспортқа бағдарланған ірі өндірушілерді қолдау мақсатында «Электр энергетикасы туралы» Заңға электр энергиясына инвестициялық тариф енгізуге бағытталған түзетулер енгізілді, - деді комитет төрағасы.
Заң бірінші оқылымда ғана мақұлданып, екінші оқылымда Мәжіліске қайтарылды.
Аталған заңға бірқатар түзету енгізілді. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жекелеген баптарын мақұлдамауды және заңның жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтаруды ұсынады, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

