Жаңалықтар

Балық өнеркәсібіне неге бей-жай қарап жүрміз?

Балық өнеркәсібіне неге бей-жай қарап жүрміз?
Фото: ©AP/Aaron FAVILA 13.06.2023 14:05 1177

Қазақстанда үлкен әлеуетке ие, бірақ әлі бағы жанбай тұрған саланың бірі – балық өнеркәсібі. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі елдегі балық  балық өнеркәсібінің тыныс-тіршілігіне үңіліп көрді. 

Келмеске кеткен Кеңес одағынан біздің елге бассейндік кәсіпорындар, балық зауыттары мен комбинаттар, ғылыми институттар мен селекциялық стансалар, балық порттары, кеме жөндеу зауыттары, ыдыс-аяқ және басқа да өндірістерді қамтитын заманауи стандарттар бойынша дамыған жүйе мұраға қалды. Бірақ Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста осының бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Әйтпесе, Қазақстан Кеңес одағында салалық балық министрлігі жұмыс істеген үш республиканың бірі болғанын қазір біреу білсе, біреу білмес. Тіпті осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан одақ көлемінде балық аулау және балық өнімдерінің көлемі бойынша тұрақты көшбасшы болғанымызға қазір сене қоятындар некен-саяқ. Сол кезде жан басына шаққандағы балық өнімдерін тұтыну жылына 20 килограмнан асқан. Бұл халықаралық ұйымдар бекіткен медициналық нормадан әлдеқайда жоғары болған.

Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғаннан кейін түрлі жағдайларға байланысты саладағы сол оң жетістіктердің көбі келмеске кетті. Экономикалық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаевтың айтуынша, 2000 жылдардың басында ірі балық өндіру және өңдеу кәсіпорындарының орнын ұсақ артельдер басты. Тиісінше, саладағы көрсеткіштер де бірнеше есе төмендеді. 1990-2004 жылдар аралығында балық аулаудың жалпы көлемі 80,9 мың тоннадан 36,6 мың тоннаға дейін құлдыраған.

Сырттан келетін балық өнімдері отандық өнімдерді ығыстырып, тұтыну көлемі жан басына шаққанда жылына 4 килограмға дейін төмендеді. Ал бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 16 килограмды құрауға тиіс еді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) жіктемесі бойынша Қазақстан халықтың балық тұтыну деңгейі бойынша елдердің 4-ші тобына, яғни ең төменгі тобында орналасқан, – дейді Ғабит Матаев.

Былай қарағанда сала мемлекет назарынан тыс қалмаған сияқты. Бірқатар бағдарламалық құжат қабылданды. Мәселен, балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы жұмыс істеді. Ол нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру, балық қорларын қорғау мен өсімін молайтудың тиімді жүйесін қалыптастыру, балықтардың бағалы түрлерінің кәсіпшілік қорларын толықтыру және көл-тауар шаруашылықтарын дамыту үшін жағдай жасау, балық шаруашылығын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді айқындады. Бұл ретте әлгі құжатта 2006 жылы балық өндіру көлемі 51,7 мың тоннаны құрайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген.

Бұдан кейін балық шаруашылығын дамытудың 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, балық аулау, өсіру және импорттау көлемін жылына 272 мың тоннаға дейін жеткізу және жасанды өсіру көлеміне байланысты 2015 жылға қарай 10 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде балық саласын дамыту жөніндегі шаралар да көзделгенін айта кетейік. Алайда осынау маңызды құжатта балық шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінбеді.

 Ал балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасында тағы да өршіл міндеттер қойылды. Айталық, балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін немесе 39 есе ұлғайту көзделген. Сондай-ақ балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін немесе 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұған қоса балық өнімдерінің экспортын жылына 30 мың тоннадан 181 мың тоннаға дейін, яғни 6 есе ұлғайту 6 есе көзделген, – дейді Экономикалық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Кейінгі жылдардағы сала көрсеткіштерінің өсуін ескерсек, 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламадағы міндеттерді еңсеруше болатын секілді. 2021 жылы жаңадан құрылған Балық шаруашылығы комитетінің деректері бойынша, Қазақстанда балық өнімдері нарығының сыйымдылығы соңғы 5 жылда 1,5 есе ұлғайған: 2017 жылы 58,3 мың тонна, ал 2022 жылы 83,8 мың тонна балық өнімі сатылған. Сол секілді табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады әрі бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өз кезегінде, балық өсіретін кәсіпорындар өткен жылы 15 мың тоннаға жуық тауарлық балық өсірген. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. 2021 жылы елде 300 балық шаруашылығы болса, ал 2022 жылы олардың саны 380-ге дейін өскен.

 Рас, көрсеткіштер көңіл куантарлық. Бірақ статистиканың кейде алдамшы екенін ұмытпауымыз керек. Бағдарламада көзделген 541,3 млрд теңге көлеміндегі қомақты қаражатқа келетін болсақ, оның 340,5 млрд теңгесі жеке инвестицияларды құрауға тиіс екенін есте ұстаған жөн. Әрине, жаңа бағдарламада көзделген барлық шаралар өзекті әрі оны іске асыруға қатысы барлық құрылымның үйлесімді іс-әрекеттері жағдайында оларды тиімді іске асыру саладағы ахуалға түбегейлі өсгеріс әкеледі, - дейді – дейді Ғабит Матаев.

Ол алайда өткен бағдарламаларды іске асырудың сәтсіз тәжірибесін ескерсек, сарапшылар тарапынан айтылған түрлі күмән мен сұрақтар орынды секілді деп отыр.

Атап айтқанда, мамандар жасанды (фермерлік) балық өсіруді дамытуға баса назар аудару автоматты түрде балық шаруашылығы секторына және қайта өңдеуді дамытуға назар аударудың төмендеуіне әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар әлемдік ауқымда табиғи жағдайда өсірілген балыққа деген сұраныс өсіп келеді. Сондықтан көктем мен жаз мезгілінде балықты қорғау, қыс айларында мұздатылуға қарсы шаралар өзекті болып қала береді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының жеткілікті жүктелмеуі де бағдарлама назарынан тыс қалған. Экспортталған көлемнен (23,8 мың тонна балық) 21,5 мың тонна бөлінбеген (тірі, мұздатылған, салқындатылған өнім) болып саналады. Сарапшылар шикізат экспортының көлемін қысқарту туралы мәселені дайын өнім экспортын ұлғайту арқылы шешуді ұсынды. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарын жүктеу мәселесін шешеді.

 Браконьерлік мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені экономикалық себептермен қатар (сарапшылардың бағалауы бойынша, заңсыз балық аулау 170-200 мың тоннаға бағаланып отыр), оның шешімін кешіктіру әрдайым халық арасында жағымсыз резонанс тудырады. Өңірлік балық инспекцияларын толық жарақтандыру үшін алдағы үш жылда қосымша 3 млрд теңге бөлу қажет. Жалпы балық шаруашылығына қатысты қалдық қағидаты қалыптасқанын атап өту керек және бұл субсидиялау мәселелеріне ғана қатысты емес. Жалпы елде де, өңірлерде де осындай теріс тенденция қалыптасқан. Өткен жылы депутаттар бірқатар облыста балық өсіру шаруашылықтарының (Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында) өздеріне тиесілі субсидияларды алмағанын анықтады. Мұндай фактілер әлеуетті инвесторларды ынталандыра қоймайды әрі саланы дамытуға бюджеттен тыс қаражат тартуға ықпал етпейді, – деп нақтылады Ғабит Матаев.

Су пайдалану лимиттерін бөлу кезінде балық шаруашылығының басымдығы, балық азығы мен балық отырғызу материалы бойынша импортқа тәуелділігі, ғылыми сүйемелдеудің әлсіздігі және білікті кадрлардың жетіспеушілігі де үлкен мәселе. Аквамәдениет саласындағы құқықтық қатынастардың реттелмеуі аквамәдениет туралы заңның қабылдануын шеше алатын еді. Оның жобасы қазіргі таңда дайын. Балық өнімдері мониторингінің ақпараттық жүйесін енгізу саладағы көлеңкелі айналым көлемінің төмендеуіне ықпал етер еді. Дегенмен үдеріс белгісіз себептермен кешіктіріліп жатыр. Қысқасы, салаға серпін әкеледі деген қазіргі қолданыстағы бағдарламада балық шаруашылығындағы мәселелер тегіс қамтылмаған. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаны іске асыру барысында қосымша бюджеттік қаржыландыру арқылы оның жекелеген ережелерін түзету қажет болуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға