Жаңалықтар

Балқашта Қарулы күштердің көпсайысы мен командирлік старттар аяқталды

Балқашта Қарулы күштердің көпсайысы мен командирлік старттар аяқталды
Фото: gov.kz 01.07.2023 22:48 554

Қарулы күштердің ХХ Спартакиадасы аясында Балқаш гарнизонында көпсайыс пен командирлік жарыстар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған 14 команда атынан қатысқан 200 әскери қызметші әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың намысын қорғады.

Командирлік старттар дегеніміз Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің командирлері арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жеке және командалар арасындағы жарыстар. Ерлер бағдарламасында – Макаров тапаншасынан ату, жас санаттары (100, 200, 300 метрге) бойынша жүзу, 1000, 3000, 5000 метрге жүгіру, белтемірге тартылу. Әйелдер арасындағы бәсекелестік жаттығудың үш түрі – ПМ-1 ату, жас санаттары бойынша жүзу (100, 200, 300 метр) және 1000 метрге жүгіру болды.

Командирлік старттарда командалық есепте Әуе қорғанысы күштерінің командасы жеңіске жетсе, екінші орынды – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, үшінші орынды – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамасы иеленді.

Әскери-спорт кешенінің көпсайысына әскери қызметші ер-азаматтар ғана қатысты. Жарыс бағдарламасына Калашников автоматынан ату, Ф-1 гранатасын лақтыру, 100 және 3000 метрге жүгіру кірді.

Көпсайыстан командалық есепте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы үздік деп танылса, ал екінші орын – Десанттық-шабуылдау әскерлеріне, үшінші орын – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына бұйырды.

Әскери қызметші әйелдер арасында Әуе қорғанысы күштерінің атынан қатысқан сержант Елена Леонова үздік деп танылды, екінші орынды – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің ефрейторы Аяжан Әміржанова, үшінші орынды – «Шығыс» ӨңҚ ефрейторы Татьяна Купцова олжалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға