Балқаш жағалауында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Балқаш көлінің жағалауында шомылу маусымы кезінде Жетісу облысы Сарқан ауданы аумағында 13 маманы қауіпсіздік мақсатында бекітілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сарқан ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Елдар Тұрсыновтың айтуынша, Балқаш көлінің 16 шақырымдық жағалауында шомылу маусымы басталғалы бері күнделікті патрульдеу және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Лепсі аймақтық құтқару қызметінің мамандары Балқаш көлінің жағалауындағы қауіпсіздік мәселесіне қамтамасыз етіп отыр. Жасақ құрамында 13 қызметкер бар, олар техникалық жағынан 1 КАМАЗ, 2 УАЗ, 1 ТРЭКОЛ автокөлігі, 4 қайық және 1 катермен жабдықталған. Жергілікті атқарушы органның қолдауымен қазір 2 қайық сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру шараларына көп көңіл бөлінеді. Осы орайда жалпы демалушыларға, соның ішінде көлге арнайы келген лагерь балаларына 1 мыңнан астам қауіпсіздік жөніндегі жадынама парақшалары таратылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шомылу маусымы кезеңінде жағада адасып қалған 5 бала құтқару жасағы қызметкерлерінің көмегімен табылып, ата-аналарына табысталды, - деді Е. Тұрсынов.
Қазір Балқаш көлі жағалауын дамыту бағытында «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы қолға алынған. Жобада электрмен және сумен қамту, кәріз жүйелері, жағалау жиегіндегі автожол құрылысы қарастырылған. Қазіргі кезде көл жағалауында 52 мың адам демалса, жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, даму жоспары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам адам демалады деп болжанып отыр.

