Жаңалықтар

Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша тергеліп жатыр: айтыскердің өзі пікір білдірді

Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша тергеліп жатыр: айтыскердің өзі пікір білдірді
Фото: instagram.com/balgynbek_imash 10.04.2025 09:38 5839

Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев алаяқтық ісі бойынша тергеліп жатыр. Бұл жағдай қажылыққа бара алмаған туристердің шағымынан кейін туындады. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елуден астам адам Мекке мен Мәдинаға ұша алмай, Qazaq Travel компаниясының үстінен шағым түсірген. Ал Данияр Имашев дәл осы жолдамалар сатумен айналысатын компанияның атқарушы директоры. Рейс алдында бір күн бұрын билеттер мен қонақүй броньдалмағаны анықталған. Ал олардың әрқайсысы жолдама үшін шамамен 500 мың теңге төлеген.

Жаннұр Жөкетай есімді азаматша компания директоры Данияр Имашев үш күн ішінде ақшаны қайтаруға уәде бергенін, бірақ бұл уәдеге сенімсіздік білдіріп отырғанын айтты. Қажылыққа жете алмағандар қазір бірінен соң бірі полицияға шағым түсіруде.

Осы мәселеге байланысты полиция алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, үш күдіктіні тергеуге алды, олардың қатарында Данияр Имашев та бар. Өзі үнсіз қалуды құп көргенімен, оның әкесі Балғынбек Имашев бұл жағдайды әуе билеттері мен қонақүй бағасының қымбаттауымен түсіндіріп, ешқандай алаяқтық жоқ деп сендірді.

Көп адамдар акциямен алған. Арзан бағада алды. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билет алынып жатыр. Ұшақ бағасы, қонақ үй қымбат болып кетті. Сол себепті құрылтайшылар өз қалтасынан қосып, қаржы салып, қызметте болуға талпынып жатыр, - деді танымал айтыскер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға