Жаңалықтар

Балеттің жарық жұлдызы

Әйгерім Бекетаева 
Балеттің жарық жұлдызы
09.03.2017 21:00 6565

Фаина Раневскаяның өзі бір кезде балетті «азапты еңбек» деп бағалаған болатын. Шын мәнісінде, көрермен залында отырып, нәзік қыздардың асқан сұлулықпен ауада қалқып билеуінің артында қандай азапты еңбек жатқандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Арулардың көктемгі мерекесі қарсаңында «Астана Опера» театрының жетекші балеринасы Әйгерім Бекетаевамен жаттығу арасындағы аз ғана үзілісте сұхбат алудың сәті түсті.

– Әйгерім, әңгіменің әлқиссасын өнер жолына келген ең алғашқы қадамыңыздан бастасақ...

– Менің би әлеміндегі алғашқы қадамым өзімнің туған қалам Талдықорғанда басталған. Бұл қалада әжемнің тәрбиесінде болып, үшінші сыныпқа дейін оқыдым. Әжем түрлі би үйірмелеріне апарып жүрді. Үшінші сыныпқа келгенде анам Алматы хореография училищесіне алып барды. Аталмыш оқу орнына түсуге талпынған үш жүздей талапкердің ішінде алпысы қабылданып, олардың қатарына мен де ілігіппін. Ол кезде әлі оң-солын тани қоймаған баламын, тіпті қайдан кіріп, қайдан шыққанымды да ұқпаймын. Анам интернатқа орналастырып қайтып кетті. Бір үйдің мәпелеп отырған жалғыз қызы болғандықтан, интернат өмірі мен үшін бастапқыда оңай бола қойған жоқ әрине. Анам жылына екі рет қана алып кететін. Ол жерде сегіз жыл білім алдым. Бірінші курста жарақат алғандықтан, бір жыл бойы академиялық демалыста болып, білім алу уақытым автоматты түрде тағы бір жылға ұзартылды. Алғашқы жылдардағы қиындықтың бәрі артта қалып, қазір интернатта білім алғаныма қатты қуанамын. Өйткені, бұл жерден тек балет өнерін ғана меңгеріп қоймай, жан-жақты  тәрбиеленіп шықтым десем болады.

– Одан кейінгі шығармашылық жолыңыз қалай өрбіді?

– Училище қабырғасында оқып жүрген кезімде, Астанада өтетін конкурсқа қатысатын болдық. Сөйтіп мұндағы К.Байсейітова атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өнер көрсеттік. Сол кездегі театрдың көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Әбдібайұлы өнерімді жоғары бағалап, училищені бітіргеннен кейін осы театрға келуіме ұсыныс жасады. Осылайша, Алматы хореография училищесін бітіре сала, 2010 жылдың тамыз айынан бастап, бас қаладағы өнер ордасы – К.Байсейітова атындағы мемлекеттік опера және балет театрындағы шығармашылық жолым басталып кетті. Тұрсынбек Әбдібайұлы мен сол кездегі оқытушым Ғалия Исмаилқызы бұл жақтағы туған ата-анамдай қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Әрине, ауысып келген алғашқы жылдар оңай бола қойған жоқ. Қанша дегенмен, Алматының жылы ауа-райына үйренген кез-келген адамның бастапқыда сарыарқаның сары аязына төтеп бере қоймасы анық. Дегенмен, бұл қиындықтар да артта қалды. Қазір шетелге шыға қалсам, тіпті туған қалам Талдықорғанға барсам да, Астананың ауасын, сақылдаған сары аязын сағынып, қайтуға асығамын (күліп). Ауа-райының суықтығына қарамастан, бұл жақтағы жаңа ұжым өте жылы қарсы алды. Өзінің керемет атмосферасымен, тамаша аурасымен бірден баурап алып, сахналық шеберлігімді дамытуға үлкен септігін тигізді. Көп ұзамай, елорданың төрінен жаңа «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашылып, осында ауысып келдік. Әлемнің әйгілі театрларымен иық тірестіре алатын бұл өнер ордасындағы шығармашылық адамына жасалған жағдай мен мүмкіндіктер жайлы айтудың өзі артық деп ойлаймын. Ғимараттың сәулетінің өзі-ақ ерекше рух беріп, шабыттандырады. Жалпы менің өнер жолымда бағыт-бағдар беретін ұстаздарым жағынан жолым өте болғыш адаммын. Дәл қазіргі уақытта театрымыздың көркемдік жетекшісі,  Ресейдің халық әртісі – Алтынай Әбдуахимқызы да өзінің бар білгенін бойымызға сіңіріп келеді.

– Жетістіктің 20 пайызы талантпен, қалған 80 пайызы еңбекпен келеді дейді. Бұл формуланың балет өнеріне қатысы бар ма, қалай ойлайсыз?

– Әрине. Барлық жағдайда алғашқы қадам дұрыс жасалуы керек. Жетістік дегеннің өзі не? Бұл қай саланы алмасаңыз да, ерінбей еткен еңбектің жемісі. Кез-келген жолда қиындықтар да, ауыртпашылықтар да болатындығын ұмытпау керек. Балериналардың ғана емес, кез-келген адамның жетістігі – алған бетінен қайтпай, барлық қиындыққа төтеп беруімен өлшенеді.

– Әйгерім, жаңа театрдың ашылу салтанатында П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі Аврораның рөлін сомдағаныңыз есімізде. Дәл осы партия сіздің шығармашылық жолыңызға біраз өзгерістер енгізген сияқты...

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл маған артылған өте үлкен жауапкершілік болды. Өйткені, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында небары үш жыл ғана жұмыс істедім. Мойныма артылған бұл жауапкершілікті алып шықпауға құқым да жоқ еді. Ұзақ жаттығулар жасалды, таңертеңнен кешке дейін жаттығу залынан табылдық. Бұл тұста Үлкен театрдан келген қоюшы-жаттықтырушы Оксана Цветницкаяға айтар алғысымыз шексіз. «Ұйқыдағы аруды» Юрий Григорович қойды. Ол Мәскеуден елордаға жаттығу жұмыстары аяқталып қалғанда ғана келген еді. Мэтр ойынымызды көріп, жоғары бағасын берді. Ол кісі мені алғаш рет Сочиде өткен байқауда көрген болатын. Одан бері шығармашылығымда айтарлықтай өзгеріс енгенін айтып, өнерімді одан ары шыңдай түсуіме кеңес берді. Театр ашылғаннан кейін, бірден кордебалеттен жетекші солист атандым. Бұл хабарды естігенде, қуаныштан көз жасымды тыя алмадым. Өйткені, балет әртісі үшін бұл өте үлкен жетістік. 

– Өз өміріңізде ең үлкен сәттілігіңіз не деп білесіз?

– Мамандығымның дұрыс таңдалуы – мен үшін ең үлкен жетістігім. Бидің тілі – адамдардың бір-бірін сөзсіз түсінетін жалғыз тіл. Бұл деген керемет емес пе?  Маған Борис Эйфман театрының труппасымен еуропаның ең үздік алаңдарында өнер көрсету бақыты бұйырды. Басқа да көптеген шетелдерде өз өнерімді көрсеттім. Өмірден өз мамандығымды адаспай тапқаныма бақыттымын.

– Балеринаның әдеттегі күн тәртібі қалай өтеді, айтып беріңізші?

– Жұмыс күніміз әуелі жаттығу алдындағы аздаған дайындықтан басталады. Одан кейін барлық труппа спектакльдің қойылымына дайындық жұмыстарына кірісеміз. Түскі ас уақытында аздаған үзіліс, одан кейінгі жаттығу жұмыстары кешке дейін жалғасады. Біздің жұмысымызда уақытымен тамақтану тәртібі қатты қадағаланып, ағзамызға көңіл бөлуіміз өте маңызды. Үнемі құрамында кальций, түрлі дәрумендері бар тамақтар ішуіміз міндеттеледі. Жалпы, ешқандай астан бас тартпаймыз, өйткені артық астың барлығы жаттығу барысында жоғалып кетеді.

– Ұлы балерина Уланова балет әртістеріне ерте жастан зейнетке дайындалуы керек екендігін айтқаны бар. Осы орайда басқа мамандық алу жоспарыңызда бар ма, әлде өміріңізді тұтастай бимен байланыстырар ма едіңіз?

– Шынымды айтсам, мен бұл жайлы мүлде ойламаппын. Менің алдағы өміріме жоспарларым бар. Бірақ, оның бәрі балетпен байланысты. Әлі көп нәрсені жасап үлгеруім керек.

– Сұхбатыңызға рақмет, Әйгерім. Алдағы әйелдер мерекесі қарсаңында аруларымызға қандай тілек білдірер едіңіз?

– Әдемілік! Барлық аруларымыз шаттыққа бөленіп, әдемі болып жүрсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға