Жасанды интеллектке негізделген ойыншықтар бүгінде жай ойын-сауық емес, баланың дамуына ықпал ететін жаңа технологиялық бағытқа айналды. Егер бұрын мұндай ойыншықтар жаңалық ретінде қабылданса, бүгінде олар білім беру мен тәрбиелеу үдерісінің бір бөлігіне айналып отыр. Әлемдік ірі компаниялар мен өндірушілер бұл саланы болашақтың инвестициясы деп санап, қомақты қаржы құйып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жасанды интеллект бүгінде адам өмірінің барлық саласына терең еніп отыр. Ол ән мен өлең жазады, дәрігерлерге диагноз қоюда көмектеседі, суреттерді талдап, тіпті операция кезінде көмекші бола алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында өнім көлемін болжауға және өндіріс үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Енді осы технологиялар балалар әлеміне де жол тартты: сөйлейтін қуыршақтар, эмоцияны танып үйрететін роботтар мен баламен сөйлесіп, есеп үйрететін ақылды ойыншықтар саны артып келеді.

