Баланың танымдық белсенділігін қалай арттыруға болады? Тәрбиеші кеңесі
Балабақшада бала тек ойынмен уақыт өткізбейді. Себебі әр бала – кішкентай зерттеуші. Олар жаңа әлемді тануға асығады. Сол ұмтылысты қолдап, дамыту – тәрбиешілердің басты міндеті. El.kz тілшісі ҚР ПІБ Медорталығы «Қарлығаш» балабақшасының педагог-модераторы Жанагүл Маратқызымен балалардың танымдық белсенділігін арттырудың заманауи әдістері мен әлемдік тәжірибе туралы сұхбаттасқан еді.
El.kz: Жанагүл Маратқызы, баладағы танымдық белсенділікті қалай дамытқан дұрыс?
Жанагүл Маратқызы: Танымдық белсенділік – баланың интеллектуалды дамуының негізі. Оны дамытудың басты жолы – қызықтырып, қолдап, сұрақтарына мән беріп, ойын арқылы үйрету. Бала жан-жағындағы заттарға, құбылыстарға, адамдардың іс-әрекетіне үнемі қызығушылықпен қарайды. «Бұл не?», «неге олай?», «қалай жұмыс істейді?» деп көптеген сұрақтар қояды. Біз, тәрбиешілер, соны байқап, қолдап отыруымыз керек. Фин педагогы Хейкки Ляхдемякидің «Learning by Wondering» кітабында да айтылғандай: «Балаға жауаптан бұрын, дұрыс сұрақ қоюды үйрету керек». Яғни, ізденуге деген құлшыныс – білімнің кілті.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
El.kz: Балалардың қызығушылығын арттыру үшін қандай әдістерді жиі қолданасыз?
Жанагүл Маратқызы: Балалар үшін ең табиғи әрекет – ойын арқылы үйрету. Неге десеңіз, ойында белгілі бір қатып қалған ереже болмайды. Оқу іс-әрекеті барысында, баланың көңіл-күйіне байланысты тақырыпты жеңіл әрі күрделі етіп өзгертуге болады. Ең бастысы, балаға таңдау мүмкіндігін беру – «қаласаң, сурет сал, қаласаң, құрастыр» деген сияқты. Еркіндік – ішкі мотивацияны оятады. Бұл әдісті Финляндия, Сингапур мен Жапония балабақшалары кең қолданады. Біз «Құпия қорап», «Зерттеу бұрышы», «Ойын-саяхат» сияқты ойындармен қызықтырамыз. Тәжірибелік сабақтар балаларды ғылымға, табиғатқа жақындатады.
Сонымен қатар, біздің балабақшаның авторлық «Бастау» бағдарламасы бар. Бағдарламада 4 негізгі бағыт бар: танымдық даму, әлеуметтік-эмоциялық даму, шығармашылық қабілеттер және дене шынықтыру. Әсіресе ойын арқылы үйрету, зерттеу әдісі, ұлттық ойындар мен отбасылық құндылықтарды біріктіре оқытуға көп мән беріледі. Бізге келген балалар қазақтың болмысын сезіне отырып, әлемдік білімге бейімделіп өседі. Ең бастысы – тұлғалық даму.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
El.kz: Әлемдік тәжірибелерді өз жұмысыңызда қолданасыз ба?
Жанагүл Маратқызы: Әрине. Қазір STEAM (Science, Technology, Engineering, Art, Math) әдістемесі әлем бойынша ең тиімді деп танылып отыр. Біз оны балабақша деңгейінде қолдануға тырысамыз: балаларға сурет салып, тәжірибе жасап, құрастырып көруге мүмкіндік береміз. Сондай-ақ Реджо Эмилия педагогикасынан да шабыт аламыз: бала өзі ортаның белсенді авторы болуы керек.
El.kz: Баланың ойлауына түрткі болатын қызықты бір оқиға есіңізде бар ма?
Жанагүл Маратқызы: Балалар қоршаған әлемді тап-таза, мөлдір етіп көреді, өздері сол әлемде еркін өмір сүреді. Балалармен жұмыс істеу барысында көптеген қызықты жағдайлар болады. Біз ойламаған, біз көрмеген құбылыстарды жиі байқап қалады. Құстармен амандасады, құмырсқаларға тамақ береді. Бір күні бір қыздан «жапырақ неге демалмайды?» деп сұрадым. Ол: «Олар біз сияқты демалады, тек бізге білдірмейді» деді. Бұл «бала логикасының философиясы» десек болады. Балалар бізге де көп нәрсе үйретеді.


Суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан
El.kz: Ұяң балаларды қалай баурайсыз?
Жанагүл Маратқызы: Жеке көңіл бөлу керек. Әлемдік тәжірибеде «quiet observation» деп аталады. Яғни, оған сөзсіз сенім артып, кішкентай жетістігін мақтап отыру керек. Сенімді қарым-қатынас орнаған кезде ғана бала ашыла бастайды. Мұндай балалар көп жағдайда – сезімтал, қиялға бай, зерек болады. Тек соны оятуға көмектесу керек. Өз тәжірибемде бірде-бір бала ашылмай қалған емес.
El.kz: Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
Жанагүл Маратқызы: Үйде баламен көбірек сөйлесіңіздер. «Қалай ойлайсың?», «неліктен олай деп ойлайсың?» деген сұрақтар қойыңыздар. Бірге кітап оқып, бірге тәжірибе жасаңыздар. Әлемге қызығушылық танытуына кедергі жасамаңыздар, керісінше қолдаңыздар. Баланы тым сынамай, әр кішкентай табысын мақтап отырған жөн. Ең бастысы – өзіңіз де үйренуден, таңданудан шаршамаңыз. Бала ата-анасының іс-әрекетінен үлгі алады.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Жанагүл Маратқызының айтуынша, 15 жылдық тарихы бар «Қарлығаш» балабақшасындағы «Бастау» бағдарламасы – бала бойындағы табиғи қабілеттерді ашуға арналған бірегей әдістеме. Бұл бағдарлама тек балаларға емес, тәрбиешілерге де үнемі ізденіс пен шабыт сыйлайды. «Бала – ұшуға дайын қарлығаш. Біз тек қанат бітіруге көмектесеміз», – дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін баланың психикасына экранның әсері туралы жазған едік.

