Баланың омыртқасына зиян келтірмейтін мектеп сөмкесін қалай таңдау керек?
Мөлдір Қайнар тілші
Дүкен сөрелерінде түрлі мектеп сөмкелері толып тұр. Бірақ олардың ішінде баланың омыртқасына зиян келтіретін үлгілері жетіп артылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқушы күн сайын кітап, дәптер және басқа да оқу құралдарын өзімен бірге алып жүреді. Олардың салмағы аз болмағандықтан, бастауыш сынып оқушыларына қол сөмке алу ұсынылмайды. Себебі сөмкені бір қолда ұстағанда салмақ дұрыс бөлінбей, омыртқа бүйірге қарай қисаяды. Бұл уақыт өте сколиозға әкелуі мүмкін. Ал екі иыққа асылатын рюкзак салмақты омыртқаға біркелкі таратады. Сонымен, оқушының омыртқасына зиян келтірмейтіндей қандай сөмке таңдау керек?
Таңбасына мән беру
Сөмке таңдағанда ең алдымен оның белгісін (маркировкасын) қарау қажет. Онда сөмкенің мектепке арналғаны және жас санаты көрсетілуі тиіс, мысалы, 10+. Қарапайым қалаға арналған рюкзактар сырттай ұқсас болғанымен, күнделікті ауыр оқу құралдарын тасуға арналмаған.
Басты назарда – өлшемі мен салмағы
Сөмкенің арқа бөлігі пішінін сақтайтын қатты болуы және баланың арқасына тығыз жабысып тұруы керек. Артқы панельдің ұзындығы – 30–36 см, ал алдыңғы жағы – 22–26 см. Негізгі бөлімнің ені 6–10 см аралығында болғаны дұрыс.
Сөмкенің ені баланың иығынан кең болмауы, ал ұзындығы белден төмен түспеуі қажет. Егер рюкзак тым үлкен болса, салмақ дұрыс бөлінбей, бала еңкейіп жүруге бейімделеді, бұл омыртқаға зиян.
Бос сөмкенің салмағы бастауыш сынып үшін 700 грамнан, ал жоғары сынып үшін 1 келіден аспауы тиіс. Толық салмағы (оқу құралдарымен бірге) баланың салмағының 10%-ынан аспағаны дұрыс.
Арқа бөлігі мен иықбаулар
Арқа бөлігі анатомиялық пішінде болғаны жөн: ішкі жағы қатты, сыртқы жағы жұмсақ. Жай ғана көбік немесе жұмсақ полиэтиленнен жасалған арқалық бөлік омыртқаны қажетті деңгейде ұстамайды.
Иықбаулардың ұзындығы кемінде 60–70 см болуы керек, ені – 2–2,5 см. Иық тұсында қосымша жұмсақ төсемдері болғаны ыңғайлы. Баулардың ұзындығын реттеу мүмкіндігі болуы шарт және олар үстіңгі бөлігіне берік бекітілуі тиіс. Кеуде тұсында қосымша белдік болғаны жақсы – ол баулардың сырғып кетуіне жол бермейді.
Сөмкенің іші де маңызды
Мектеп рюкзағында кемінде екі бөлік болуы керек: негізгісі – кітаптар мен дәптерлерге, қосымша бөлігі – ұсақ оқу құралдарына арналған. Қосымша қалталар телефон, кілт, планшет сияқты заттарды бөлек сақтауға мүмкіндік береді. Жоғары сынып оқушыларына ноутбукке арналған қатайтылған бөлігі бар үлгілер ыңғайлы.
Материалы және қауіпсіздігі туралы да ұмытпаңыз
Материал жеңіл, берік және су өткізбейтін болуы керек. Полиэстер, қалың нейлон немесе тенттік оксфорд – ұзақ уақытқа жарамды маталар. Жаңбырлы күндері оқу құралдарын қорғау үшін су өткізбейтін қаптамасы болуы шарт.
Сондай-ақ, рюкзактың алдыңғы және бүйір бөліктерінде жарық шағылыстырғыш элементтер болғаны маңызды. Олар жолда бала қауіпсіздігін арттырады. Егер ондай элементтер болмаса, жарық шағылыстырғыш белгі немесе брелок тағып қою қажет.
Қорытынды
Дұрыс таңдалған мектеп рюкзағы баланың омыртқасын қорғайды, ал сапалы әрі ұнамды дизайны оның мектепке деген қызығушылығын арттырады. Сондықтан ата-ана сөмке таңдағанда оның сапасы мен балаға ыңғайлылығын бірінші кезекке қоюы керек.

