©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Баланың көзінше темекі шегіп, ішімдік ішкен ата-анаға айыппұл салынады

20.01.2026 17:31

Қазақстанда баласының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішкен ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін. Осылайша, мемлекет отбасы тәрбиесіне қатысты ережені өзгертті. Енді ата-аналар зиянды әдеті үшін бақылауға алынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Бұдан былай кәмелетке толмаған баланың көзінше темекі шегу не алкоголь ішу ата-ананың бала құқығын бұзғанын білдіреді. Мұндай жағдайда 10 АЕК мөлшерінде (2026 жылы 1 АЕК – 4325 тг) айыппұл салынады. Бұл «Бала құқықтары туралы» заңда бекітілген салауатты өмір салтын насихаттауға негізделген. Егер құқық бұзу бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 15 АЕК-ке дейін өсіп, 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Сондай-ақ ата-ана өзі алкоголь тұтынғанымен қоймай, балаға да берген жағдайда жаза қатаңдайды. 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға негіз бар.

Сондай-ақ балаға күш көрсетуге толық тыйым салынады. 2024 жылы 16 маусымнан бастап елімізде кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты жаңа өзгерістер күшіне енді. Қол жұмсау, белдікпен ұру сияқты әрекет Қылмыстық кодекстің 109-1 бабына сай жазаланады. Бұл бап бойынша 50 тәулікке дейін қамауға алынады немесе 100-200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. 

Оған қоса, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Олар құқық бұзған жағдайда, ата-аналары айыппұл төлейді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін ата-ана жауапқа тартылады.