Баланың кітап оқуға деген ынтасын қалай арттыруға болады
Көптеген жасөспірімдер үшін кітап оқу қызықсыз іс сияқты көрінеді. Уақыт өте келе отырып кітап оқуға деген ынта азая береді. Сондықтан баланы кітапқа баулудың ең дұрыс жолы – кішкентайынан бастап ерекше әдістер қолдану, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кейіпкерден келген хат
Балаңызға сүйікті әдеби кейіпкерінің атынан хат жазыңыз. Конвертке салып, марка жапсырып, пошта жәшігіне тастаңыз. Кішкентай ғана сиқыр оқуға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін. Әрине, бұл шағын алдау, бірақ балаларға ғажайыптар керек, олар ертегілерге сенеді. Хат тек бір реттік ойын болып қалуы мүмкін. Ал кейде сәті түссе, хат алмасу жалғасып кетуі ықтимал. Бастысы, тоқтап қалмау. Егер қалаған нәтиже шықпаса, көңіліңізді түсірмеңіз.
Кітап тәріздес адвент-күнтізбе
Жаңа жыл қарсаңында көп ата-ана балаларға күн санауға арналған тәттілермен толтырылған адвент-күнтізбе сатып алады. Оның орнына кішкентай әрі қызықты кітапшалардан арнайы «кітап күнтізбесін» жасауға болады немесе қысқа өлеңдер, ертегілер, әңгімелерді әдемілеп басып шығарып, күнтізбе ұяшықтарына салып қоюға болады. Баламен бірге шыршаның астында оқыған әсерлірек. Ал мәтіндерге кішкентай тәтті қоса салсаңыз, бала үшін оқу нағыз мерекеге айналады. Ең бастысы, күнтізбе ерекше, тек сіздің отбасыңызға тән естелік болуы керек.
Отбасылық «кітап ағашы»
Бастауыш сыныпта баладан «кітап ағашы» жасауды сұрауы мүмкін. Бірақ сіз оны үйде алдын ала-ақ жасай аласыз. Үлкен ағаш суретін салыңыз немесе басып шығарыңыз. Жапырақтарына отбасы мүшелерінің кішкентай суреттерін жабыстырыңыз. Әрқайсысының бала кезінде сүйіп оқыған кітабын бірге анықтап, атауын жазыңыз немесе мұқабасын қойыңыз. Балаңыз да өз сүйікті кітабын қоса алады. Осылайша ол туыстарының кеңесіне қызығушылық танытып, жаңа кітап оқуы әбден мүмкін.
«Кітап жеңістері» бұрышы
Балаңыздың оқудағы жетістіктерін көрсететін арнайы орын жасаңыз. Мысалы, бөлек сөреге оқып шыққан кітаптарды қойсын. Ай сайын немесе жыл мезгіліне байланысты постер жасап, тізім толтыруға болады. Тіпті кітап мұқабаларын шағын форматта басып жабыстырсаңыз, визуалды түрде әсерлі шығады. Маңыздысы, бала өз нәтижесін көріп, мақтаныш сезімін бастан өткеруі. Әр кітапқа баға беруді де ұмытпаңыз.
Үйдегі шағын спектакль
Кейбір балалар үшін театр арқылы кітапқа жол ашу тиімді. Бірге кітап оқып, сценарий жазып немесе дайын нұсқасын алып, шағын қойылым әзірлеңіз. Киімдер, декорациялар жасап, отбасылық мерекеде көрсетсеңіз, әсерлі болады. Спектакльді туған күнге сыйлық ретінде дайындауға да болады. Бұл балалардың ынтасын арттыра түседі.
Әдеби саяхат
Кітапты әсерлі ету жолының бірі – әдеби саяхат. Данияға барсаңыз – Андерсен ертегілері, Швецияда – Астрид Линдгрен кейіпкерлері, Финляндияда – мумия-тролльдер, Англияда – Гарри Поттер. Тіпті еліміздің ішінде де танымал ақын-жазушылардың туған жеріне саяхаттап, олардың өмірімен жақынырақ танысуға болады.
Саяхат барысында баланың қиялы мен әсерін толықтай әдеби тақырыпқа бағыттау маңызды. Әрине, Копенгагенде тек Русалочкамен шектелмейсіз, бірақ бала әдеби әлемді нақты сезінуі керек. Арнайы сайттардан «баламен әдеби саяхат» бағыттарын табуға да болады.

