Жаңалықтар

Баланы мектептегі мұғалім мен балабақшадағы тәрбиешімен қорқыту дұрыс емес – психолог

Баланы мектептегі мұғалім мен балабақшадағы тәрбиешімен қорқыту дұрыс емес – психолог
Фото: Автор 04.09.2024 17:05 274

Баланың мектепке қанша жастан барғаны дұрыс? Мектепке балаларды психологиялық дайындау қалай жүзеге асырылуы керек? Осы орайда мектеп психологі Райгүл Жеңіс қызымен әңгімелескен едік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда 6 жасқа толған баланы мектепке беруге болады. 7 жасқа толған баланы мектепке беруді ата-аналар кеш деп есептеп жатыр. Еліміздегі статистика бойынша,ата-аналардың басым бөлігі мектепке балаларды 6 жастан беріп жатыр. Мектепке қабылдау да стандартқа сай, 6 жастан бастап жүпргізіледі. Бірақ мектепке баратын баланың бойында қалыптасқан қасиет пен дағдыларына мән беру керек. Оның физикалық дайындығы, білімге құштарлығы, бастамашылығы, табандылығы, ұмтылысы мен қарым-қатынасқа түсуі, көпшілік ортаға бейімделуі сынды жағдайы 1-5 жас аралығында қалыптасып үлгеруі керек. Оған ата-аналар, балабақша жұмыс істеуі керек. Бала балабақшада 1 жастан 5 жасқа дейінгі негізгі әрекеті ойын болуы керек. Ойынға қанығып, барлық дамуын ойын арқылы қалыптастырып алған баланың құштарлығы оқумен жалғасып кетуі керек. 6 жастан жоғары балалардың негізгі әрекеті оқу болуы керек. Сондықтан 6 жастан бастап баланы оқуға беру керек», - дейді психолог.

Оның айтуынша, қазіргі таңда балалар өте көп ақпаратты ерте қабылдап жатыр.

Олар цифрлық әлемде көп ақпаратты қамтып, қарқынды даму үстінде жүр. Олардың бойында барлық қасиет қалыптасқан. 6 жастан бастап дайындығы толық екеніне көз жеткізген ата-ана оны мектепке беруі керек. Ал ата-ана оның дамуына көңіл бөлмесе, ойын арқылы дамытып, қанықтырмаса, оны 7 немесе 8 жастан мектепке берсе де дұрыс болады. Ең маңызды мәселе баланың ерте дамуына дағды енгізу керек. Ата-аналар да осы бағытта өздерін дамытып, ағарту жұмысымен айналысуы керек. Ата-ана өз баласының дамуына жас ерекшеліктерін ескере отырып, дамытса, ол оқуды жеңіл алып кетеді, - дейді Райгүл Жеңісқызы.

Психологтің айтуынша, мектепке ынтасы жоқ балаларға да ата-ананың тәрбиесі әсер етеді.

Мектепке барғысы келмейтін балаларға қатысты айтатын болсақ, ата-аналар мұндай қиындықтармен бетпе-бет келіп жатқаны, баланы психологиялық тұрғыда дайындамағандықтан болып жатыр. Олар балаға «мектепте білім алады, онда көп нәрсе үйренесің» деп айтуы керек. Балабақшадағы тәрбиеші мен мектептегі мұғалімдерді айтып, қорқытып жатқан ата-аналар да болады. Бұл – қате ұстаным. Мектеп пен білімді насихаттайтын әңгімелер айтылуы керек, - дейді ол.

Райгүл Жеңісқызының айтуынша, мектепке баласын оқып, есептей алады деп ерте жіберген ата-аналар да баласының ынтасын төмендетіп алуы мүмкін.

Себебі ата-ана педагог емес, оқытудың толық жолдарын білмеуі мүмкін. Сандарды жаттатқанда, жазалау әдістерін қолданып кетуі мүмкін. Ал ондайды көрген бала мектепте де осылай болуы мүмкін деген теріс пікір қалыптастырады. Сондықтан баланы үйде ерте оқытып, қинаудың қажеті жоқ. Бала 6 жасқа толғанда барып, мұғалімнің талабына сай түрлі тиімді әдіс арқылы білім алғаны дұрыс. Баланың мектепке дайындығын мектеп психологтары да айтады. Оны алдын ала диагностикадан өткізіп, қарауға болады. Баладан «мектепке не үшін барасың десе, білім алу үшін» деп жауап береді. Басқа балалармен араласу үшін, ойын ойнау үшін демейді. Олар балаға мотивация бола алмайды. Ең басты себеп – білім алу, - дейді ол.

Райгүл Жеңісқызы мектепке келетін бала ойынға барынша қанығуы керек.

Баланың ойыны қанбаса, білімге, мектепке деген құштарлығы ашылмайды. Бала ойында өзін еркін сезініп, көшбасшы бола алса, оқуда да соны жалғастырып кете алады. Бала қаламай тұрып, оған оқу оқытып, есеп шығартса, ол мектепке барғысы келмей қалады. Оқуға ынтасы болмаған баланы қинап оқыту дұрыс емес. Ата-ана осы әрекеттеріне есеп беруі керек. Бала мектепке өз қалауымен, құштарлығымен баруы керек.  Сонда ғана мектептен қашу, зерігу, жылап, еркелеу сынды оқиғалар болмайды. Бала толығымен жетіліп, алдын ала дайындықпен барса, оның оқуда қиыншылықтары болмайды, - дейді ол.

Еске салсақ, алдағы оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,7 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда STARLINK спутниктік интернеті 1 757 мектепте орнатылған, соның арқасында қосылу жылдамдығы үш есеге артты. 122 мектепте интернет қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл ретте барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды, 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді. Оқушының оқу траекториясын анықтау үшін бірінші сынып мұғалімдері Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы бала дағдыларының деңгейін көрсететін Жеке даму картасын алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Инклюзивті мектептердің үлесі 88%-ға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80%-ға дейін өсті. Биыл пилоттық режимде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілуде, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламаларға жаңа талаптар әзірленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға