Баланы экраннан алшақтатудың қарапайым жолдары
Қазіргі балалар ұялы телефонға тым ерте жастан тәуелді болып барады. Тіпті арбадағы сәбидің қолынан телефонды көру – үйреншікті жағдайға айналды. Әсіресе мейрамханада немесе дастарқан басында, ата-ана баланы тыныш ұстау үшін қолына телефон беріп қояды. Бұл баланың ойлау қабілетіне, сөйлеуіне және миының дамуына қаншалықты әсер етеді? Бұл туралы El.kz интернет порталының тілшісі психолог маман Ақгүл Төлеуханқызының пікірін білген еді.
Балалардың 77%-ы қалам мен қайшы ұстауға қиналады
Психологтың айтуынша, бұл – үлкен қателік. Себебі мұндай әдет ата-ана мен бала арасындағы байланысты әлсіретіп, оның дамуына кедергі келтіреді. Ата-аналар шаршап, уақыты болмағасын ұялы телефонды «құтқарушы құрал» ретінде көреді. Бірақ баланың жасөспірім шағында, шамамен 15 жасында, ата-ана: «Біз бұл баламен байланысымыз үзілді, тыңдар емес, не істейміз?» деп қиналады. Шын мәнінде, осындай жағдайды жылдар бойы ата-ананың өзі қалыптастырғанын байқамайды.
Education Week жүргізген зерттеуге сәйкес, бүгінгі балалардың 77%-ы қалам мен қайшы ұстауға, ал 69%-ы аяқ киімнің бауын байлауға қиналады екен.
Мұны зерттеулерсіз өз балаңыздан да көру қиын емес. Мұның басты себебі – табиғаттағы белсенді ойындардың азаюы. Балалар жер қазбайды, секірмейді, өрмелемейді – осының бәрі ұсақ және ірі моториканың дамуын тежейді және дамымайды, – дейді Ақгүл Төлеуханқызы.
Өмірлік дағдылардың маңызы
Психолог бастауыш сыныпта тіпті қасықты дұрыс ұстай алмайтын балалар кездесетінін, бұл – өте қарапайым көрінгенімен, көптеген өмірлік дағдылардың негізі екенін айтады. Сондай-ақ бұл бір жағынан ата-ананың жауапкершілігіне келіп тірелетінін жеткізді. Өмірлік дағдылардың жауапкершілігін алған әр бала бір қадам алда болатыны мәлім.
Кітап оқу деңгейінің төмендеуі де мәселені ушықтырады, себебі кітап беттерін парақтау, зейін қою сияқты қабілеттер кейін аяқ киімнің бауын байлау немесе күрделі тапсырмаларды орындауға тікелей ықпал ететінін айтады.
Психолог бүкіл әлемде кітап оқу көрсеткішінің төмендеуі де мотор дағдыларының әлсіреуіне әсері бар деп есептейді.
Кітап оқу мен аяқ киімнің бауын байлауда қандай байланыс бар? деп ойлауыңыз мүмкін. Эми Хорнбек: «Кітаптың беттерін парақтау маңызды іс емес сияқты көрінгенімен, оқу мен зейін қою, нұсқауды орындау – жейденің замогын ашып жабу немесе аяқ киімнің бауын байлау сияқты әрекеттердің кілті болып табылады» дейді. Ақыры айналып келіп, мәселе осы смартфонға тіреледі, – дейді.
Баланы экраннан алшақтатудың жолдары
Маманның пікірінше, ұялы телефонға сағаттап телмірген бала оны өмірдің қалыпты бөлігі деп қабылдай бастайды. Нәтижесінде ол шынайы өмірдегі қарым-қатынас пен эмоцияны экрандағы жылдам ақпаратпен алмастыруға дағдыланады. Ал ерік-жігер мен өзін-өзі бақылау – ата-анадан берілетін қасиеттер. Сондықтан гаджет қолдануды тоқтата білу, уақытты тиімді пайдалану әдетін балаға ата-анасы үйретуі тиіс.
Баланы экраннан алшақтатудың қарапайым жолдары – табиғатқа шығу, құм мен тас жинау, үй жұмыстарына араластыру. Мысалы, стақанға су құюдан бастап, біртіндеп күрделірек істерді тапсыруға болады. Мұндай қарапайым әрекеттердің өзі баланың өмірге бейімделуіне, еңбекке араласуына және эмоциялық дамуына оң әсер етеді, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, балалардың қабылдау сезімдері енді қалыптасып жатқандықтан смартфон қарауда шектеу қою керек екенін айтады.
Түрлі қысқа бейнежазбаларды шексіз көру баланың ұйқысының азаюына, есте сақтау қабілеті мен зейіннің төмендеуіне әкеледі. Бұл – тек бастапқы зардабы. Уақыт өте келе бала өз жасына сай келмейтін қорқынышты немесе мазмұны ауыр ақпараттарға тап болып, оған сәйкес емес эмоциялық әсер алуы мүмкін, – деді.
Өмірге деген көзқарасы әлі қалыптасып үлгермеген баланың дүниетанымын тек ұялы телефондағы ақпарат толтырса, оның шынайы өмір туралы түсінігі бұрмалануы ықтимал.
Әлеуметтік желіге жас шектеуі
Сондай-ақ әсіресе 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салу керек деп санайды. Сондай-ақ ата-ана ұялы телефонды балаға берген сәттен бастап белгілі бір ережемен ұсынуы керек, қанша сағат немесе қанша минут қолданатынын алдын ала келісіп алған жөн.
Тіпті бұл келісімді қағазға түсіріп, бірге қол қоюға болады. Осылайша, бала да өз келісімін беріп, жауапкершілікті сезінеді. Егер бала келісімді бұзса, «не істейміз?» деген мәселені де бірге талқылаған дұрыс, – дейді.
Маманның айтуынша, балада бас тартқысы келмеу деген ұғым болмайды. Ұялы телефонды қолдануға нақты жас шектеуі жоқ, бірақ қаншалықты аз қолданса, соншалықты пайдалы болмақ.
Қазіргі таңда кей мамандар баланың жасына қарай экран уақытын шектейді. Мәселен 1 жас – 10 минут, 2 жас – 20 минут деген сияқты. Дегенмен, психологтың өз көзқарасы бойынша, 3 жасқа дейін мүлде смартфон қолданбаған абзал. Өте қажет жағдайда теледидардан ғана қысқа мультфильм көрсеткен дұрыс, – дейді психолог Ақгүл Төлеуханқызы.

