Жаңалықтар

Баланың саулығы – болашақтың саулығы

Баланың саулығы – болашақтың саулығы
28.10.2020 17:53 6510

Суықтың алғашқы ызғары білінісімен-ақ, ата-аналардың өз баласының денсаулығына алаңдай бастайтыны заңдылық. Бүгінде деннің саулығын арттырып, түрлі жұқпалы инфекциялар мен вирустардың алдын алудың түрлі жолдары ұсынылуда. Алайда, баланың саулығының маңыздылығына мән артқан ата-ана көп жағдайда, оның өсіп келе жатқан баланың ағзасына қауіпсіздігіне көз жеткізуге тырысады.

Баланың саулығы – болашақтың саулығы

Жалпы адам бойындағы иммунитеттің өзі екі түрге жіктеледі. Туа бітті және жүре бара қалыптасқан иммунитет. Балалардың бойында да осы иммунитеттің екі түрі де болады. Туа бітті иммунитет бала дүниеге келген сәттен бастап белсенділігін бастайды. Ол сыртқы теріден, көз қабығынан, шырышты қабаттардан, тыныс алу жолдарынан, асқазан-ішек және зәр шығару жолдарынан тұрады.  Мұның барлығы қосылып, баланың денесін қорғауға көмектесетін жүйені құрайды.

Ал жүре қалыптасқан иммундық жүйе туабітті иммунитет жүйесінің көмегімен қандай да бір «басқыншылардан» қорғайтын жасушаларды яғни антиденелерді қалыптастырады.   Олар В-лимфоцит деп аталатын антиденелер арқылы шығарылады. Жүре қалыптасқан иммун жүйесі әр уақытта әрқалай өзгеріске ұшырап отырады. Ол адамды аурулардан қорғайтын антиденелер шығаруда иммун жүйесінің жадысын жаттықтырады.  Иммундық жүйенің қос бөлігінің жасушалары дененің әр түрлі мүшелерінде оның ішінде аденоидтарда, бадамша бездерінде, лимфа түйіндерінде,  лимфа тамырларында, сүйек кемігінде, көкбауырда, тимуста түзіледі. Ал енді статистика деректеріне сүйенер болсақ, әсіресе, күз маусымында балалар ересектерге қарағанда, төрт есеге жиі ауырады екен.   

Емізулі баласы бар аналардың өздері де күнделікті ас-ауқатына ақуыздарға бай тағамдарды, көкөністер мен жеміс-жидектерді енгізуі керек. Ал үлкендеу балаларға жеке бас гигиенасын сақтауды ерте бастан үйретіп, дағдыландырған абзал. Баланың ұйқысының дұрыс болуын қадағалап, оның таза ауада көбірек серуендеуіне назар аудару керек.

Далада тамақтанғанда да абай болу керек, баланы жол бойындағы дүңгіршектерден тамақтануға дағдыланбаған жөн.  

Осы сақтық шараларын сақтағанның өзінде кейбір инфекциялар балаға балалар мекемелерінде жұғып жатады. Балалар бірге топ болып ойнаған уақытта, инфекцияның жедел таралу мүмкіндігі де жоғары болады. Бұл әсіресе, көзін уқалап, мұрнын жиі сүртетін ойын балаларына қатысты. Ауырып тұрған бала екінші сау балаға өзі қолына ұстаған, аузына салған ойыншықты бере салуы әбден мүмкін. Ал әлгі ойыншық сау бала үшін «қауіпті» затқа айналады. Осылайша, ол вирус топ болып ойнаған балалар арасында жедел тарап, дамиды.

Сондықтан өз қолыңыз бен баланың қолын жиі жуып отыруды ұмытпаңыз. Себебі, бактерияның баланың нәзік тәніне қай уақытта шабуыл жасауы кәдік екенін болжап білу мүмкін емес.  

Айналаңызды таза ұстап, баланы күнделікті суға шомылдырып, қайта-қайта қолын жуғызып отырсаңыз, вирустар мен бактериялардың көбеюінің алдын алу мүмкін болады. Көптеген ата-аналар баласы ауыра қалса, антибиотик беріп жатады. Алайда, дәрігерлер мұның да зияны болатынын ескертеді.

Антибиотик – медицина саласындағы ең бір айтулы жетістіктердің бірі болып саналады. Оны дұрыс қолданған жағдайда адам өмірін сақтауға қауқары жетеді. Алайда, антибиотиктердің де зияны бар. Жағымсыз жанама әсер беріп, бактериялардың төзімділігін арттыруы, кей жағдайда тіпті иммун жүйесіне қарсы жұмыс жасауы да мүмкін.

 Антибиотиктер бактериалды инфекцияларды емдеу үшін тағайындалады және осы жағдайларда ғана тиімді. Бірақ олар вирустарға қарсы тиімсіз препарат болып саналады.

Күз және қыс мезгілдерінде балалар үшін дәрілік дәрумендерді қабылдаудың аса қажеті жоқ. Себебі, көптеген тағамдарда дәрумендер, минералдар мен микроэлементтер онсыз да жеткілікті.  Ол үшін құрамында құнарлы дәрумендері бар тағам түрлерін білу керек.

Мәселен, жидектер антиоксиданттарға, дәрумендерге түрлі минералдар мен  амин қышқылдарына бай болып келеді. Олар әсіресе, балалар үшін пайдалы. Өйткені олар қанды оттегімен қанықтыруға және иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Ал майлы балықтарда қабынуға қарсы құрал - омега-3 майлары бар.

Сондай-ақ олардың құрамында иммундық жүйені нығайту үшін маңызды селен мен Е дәрумені бар. Жұмыртқа - бұл ақуыздың керемет көзі және мұнда денеге кальцийді сіңіруге көмектесетін D дәрумені бар.  Сондай-ақ, жұмыртқада темір, А дәрумені және В тобындағы дәрумендер де кездеседі.

Апельсин, киви, қызыл және сары бұрыш, қызылша және жидектер сияқты барлық қанық түсті жемістер мен көкөністер С дәрумені мен микробтарға қарсы тұратын антиоксиданттарға бай болып келеді.

Дәрілік дәрумендердің  баланың денсаулығына қарсы көрсеткіштері де болуы мүмкін. Сондықтан балаға дәрілік дәрумен берер алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек.

Баланың саулығы – болашақтың саулығы

Сонымен үй жағдайында баланың иммунитетін қалай көтеруге болады?

Көптеген ата-аналар баласы түшкірсе болды, баланың иммунитеті түсіп кетті деп ойлады.

Ал шынтуайтына келгенде, иммунитетті қалыптастырып, жаттықтыру үшін балалардың ауырып тұруы да заңдылық. Сол арқылы иммунитет жаттығып, қорғаныш механизмі қалыптасады. Алайда, бұның салыстырмалы түрде айтқанда, жәй ғана инфекция болғаны абзал. Ал аса агрессивті инфекциялар мен қауіпті аурулардың бала иммунитеті үшін пайдасы жоқ.  Баланы толықтай зарарсыздандырылған ортада қамап ұстау да мүмкін емес.

Егер бала жиі тұмауратып және бұл тұмау жазылып болмай созылып кететін болса, онда бұл баланың иммун жүйесіне шын мәнінде көмектің қажет екенін білдіреді.

Бірінші кезекте, баланың ағзасы түрлі бактериялар мен вирустармен өз бетінше күресуге қауқарлы болуы үшін оның иммун жүйесін күшейтуге назар аудару керек. Бүгінде, өкінішке орай, көптеген балалардың иммундық жүйесінде әлсіздік байқалады. Мамандар бұған ата-аналар кінәлі екенін айтады. Неге дейсіз ғой, себебі, олар баланың дұрыс тамақтануына, денесін шынықтырып, жаттығулар жасауына, бойын сергітіп, серуендеуіне аса назар аудармайды. Ал бұл иммундық жүйені қалыптастыратын және күшейтетін бірден-бір мүмкіндік. Балаңыздың иммундық жүйесін күшейту үшін дәл қазір қолға алуыңыз керек шаралар бар. Ия, ия, қазір дәл осы эпидемиологиялық кезең ішінде барлық отбасы мүшелері респираторлық вирустарға қарсы төтеп беруі керек.  

Мәселен, тыныс алу жолдарының иммунитетін арттыру үшін бөлмеге эфир майларын сеуіп қою керек. Зерттеулер анық көрсеткендей, эфир майлары шын мәнінде шырышты қабаттардың жағдайын жақсартып, ылғалдандырады, иммундық жауап беру мүмкіндігі артып, ол вирустың ағзаға енуіне кедергі келтіреді.  Кейбір эфир майларының вирусқа және бактерияға қарсы әсер ететіндігі де шындық. Мұндай майлар «ауа антисептигі» қызметін де атқарады, ол үшін оны үйдегі матадан жасалған жиһаздарға немесе ауаға сеуіп қою керек. Ол ауаға сіңіп, оны бірнеше сағатқа дейін залалсыздандырады.

Алайда, кез-келген эфир майлары антисептикалық қасиетке ие емес екенін де білу керек. Микробтарды, вирустарды жалбыз, эвкалипт, қалампыр, арша және каепут эфир майлары «өлтіре» алады. Сондай-ақ, эфир майлары табиғи болуы тиіс. Сол себепті де, эфир майларын алған кезде міндетті түрде оның құрамына үңіліңіз.

Баланы үйден өзіңіз емдеуге болмайды

Жоғарыда айтып өткеніміздей, антибиотиктерді қолдануда сақ болған абзал.  Әсіресе, оны өзіңіз балаға тағайындап, қолданбаңыз. Ия, рас, антибиотиктер түрлі ауруларды емдеу үшін дәрігерлермен тағайындалады. Антибиотиктің мақсаты да сол – инфекция тудыратын бактерияларды өлтіру. Алайда, сарапшылардың мәліметінше, тіпті дәрігерлер тағайындаған антибиотиктер 30 пайыз жағдайда қажет емес. Себебі, антибиотиктер патогенді бактерияларды өлтіріп қана қоймай, ішек микрофлорасындағы пайдалы бактерияларға да зиянын келтіреді.

Егер тіпті дәрігердің өзі сіздің балаңызға антибиотик тағайындаған болса да, алдын ала мән жайға қанығып алмай тұрып, оны қабылдаудан бас тартыңыз. Дәрігерден «Бұл антибиотиктерді қабылдау қаншалықты қажет? Баланың өз иммунитетінің вируспен антибиотиксіз күресуге қауқары жетпей ме?» деген сұрақтардың жауабын алуға тырысыңыз. Антибиотик қабылдаған сайын ішек микрофлорасын қалпына келтіріп, орнын пайдалы микробтармен толықтыруды да ойлау керек.

Баланың саулығы – болашақтың саулығы

Пробиотиктерге бай тағамдар пайдаланыңыз

Ішек жолдарында өте мықты пайдалы бактериялар болуы керек. Оны күшейтудің бір жолы – барлық отбасы мүшелері үшін пробиотиктерге бай тағамдар тұтыну. Ол үшін баланың ас мәзіріне тұздалған қырыққабат, айран, йогурт немесе йогурт коктейльдері, езілген жемістермен араластырылған қышқыл сүтті және ашытылған өнімдер қосқан абзал.   

Пребиотиктер ішекте өмір сүретін бактериялар үшін азық болады. Олар әсіресе талшықтарды, пектиндерді және өсімдік компоненттерінің түрлерін ұнатады. Сондықтан баланың жаңа піскен жемістер мен көкөністерді, дәнді дақылдар мен жаңғақтарды көбірек жеуі маңызды.

Күнделікті режим және ұйқы кестесі

Көптеген ата-аналар күнделікті жұмыс режиміне және ұйқы кестесіне мән бермейді. Әсіресе, жаз мезгілдерінде күн кеш бататындықтан және балалар көбінесе ұйықтағысы келмейтіндіктен, ата-аналар олардың әртүрлі уақытта ұйқыға жатуларына рұқсат беріп жатады. Бірақ ұйқы режимінің сақталмауы – ағза үшін стресс және иммундық қорғанысты бұзады.

Балалардың иммунитетін күшейту үшін тамақтануға және ұйықтауға қатысты күн тәртібін белгілеу керек. Бұл баланың бойында ерте тұру дағдысын қалыптастырады.

Баланың өзін жайлы сезінуі үшін және денінің сау болуы үшін күніне  10 сағаттан 14 сағатқа дейін үзіліссіз ұйқы қажет.

Қант табиғи болуы керек

Балалардың тәттілерді жақсы көретінін белгілі. Алайда, әр түрлі тәттілердегі қанттың көп мөлшерде берілуі микробиомды (адам ағзасын мекендейтін барлық микробтардың жиынтығы) шамадан тыс өзгертетіні, қантты «жақсы көретін» патогенді бактерияларды қоректендіретіні, оның және иммунитетті күшейтетін пайдасы бар екені дәлелденді. Алайда, қантты тәтті торттар мен кәмпиттерден емес, жеміс-жидектерден де алуға болады.

Далада көбірек серуендеу маңызды

Жылдың қай мезгілінде болмасын, баланың ашық аспан астында, таза ауада серуендегені, ойнағаны оның денсаулығына пайдалы. Таза ауа біріншіден, оттегіге бай, сонымен қатар күн сәулесінен алынатын Д дәрумені тағы бар.  

Өкінішке орай, қаланың тас үйіне қамалған балалардың далада асыр салып ойнауы кемде-кем. Бұл балалардың бойындағы Д дәруменінің тапшылығынан анық аңғарылады.

Баланың саулығы – болашақтың саулығы  

Ата-аналарға кеңес

Баланың иммундық жүйесін сақтап, күшейту үшін қарапайым ғана қағидаларды ұстанған абзал.

1. Жаңа туылған нәрестелерді мүмкіндігінше ұзақ емізуге тырысыңыз. Егер сіз балаңызды кем дегенде 6 ай бойы ана сүтімен тамақтандырсаңыз, бұл сіздің балаңызға кейіннен инфекция қаупін азайтуға көмектеседі. Ана сүті - бұл әртүрлі инфекцияларға қарсы «вакцина», иммундық жүйені ынталандыратын дәрумендер мен қоректік заттардың бір бөлігі.

2. Балаларды үнемі қолдарын жууға үйретіңіз. Балаларыңызды түшкіргенде, жөтелгенде, сыртта жүргенде, жануарларды сылап-сипағанда, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолдарын жууға дағдыландырыңыз. Қолыңызды жылы сумен және сабынмен кем дегенде 20 секунд жуғанда бактериялар мен вирустар жойылып, өкпенің инфекциясы 45% -ға дейін төмендейді.

3. Уақытылы екпе алыңыз. Вакцинация сәби кезінен басталып, ересек жасқа дейін жалғасады. Олар қызылша, паротит, желшешек, көкжөтел және басқа да инфекциялардың алдын алады. Сондай-ақ, жыл сайын тұмауға қарсы екпе алып отыру қажет. Бұл әсіресе астма және басқа созылмалы аурулары бар балалар үшін өте маңызды.

4. Ұйқыны бірінші кезекке қойыңыз. Иммунитетті арттыру үшін балалар жеткілікті деңгейде ұйықтауы керек. Мысалы:

Мектепке дейінгі жастағы балалар (3-5 жас) 10-нан 13 сағатқа дейін ұйықтауы  керек. 6-13 жастағы балалар 9-дан 11 сағатқа дейін,  14-17 жастағы жасөспірімдер 8-ден 10 сағатқа дейін ұйықтаулары қажет. Ұйқының жеткіліксіздігі ағзада цитокин деп аталатын ақуыздардың шығарылуын шектейді. Бұл ақуыз қабынуды төмендетіп, инфекциямен күресуге көмектеседі.

5. Дұрыс тамақтануын қадағалаңыз. Балаңыздың иммундық жүйесі үшін оның ас мәзірінің әр түрлі және құнарлы болғаны абзал. Оған жемістер мен көкөністермен қатар дәнді дақылдарды да жегізіңіз.  Ал өңделген тағамдарды шектеңіз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға