Жаңалықтар

Баланың білімін тест арқылы анықтау дұрыс. Қазақ тілі оқытушысымен сұхбат

Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ғалия Рыскелдинамен сұхбат
12.02.2015 11:17 6110

Танымдық сайттарда, журналдарда сұхбатты көбіне белгілі бір жетістікке жеткен, бүкіл республикаға танымал адамардан алады. Қарапайым адамдар, мамандар әдетте ары кетсе сауалнамаға қатысумен шектеледі, олармен ешкім арнайы сұхбат құрмайды. Біз осы дәстүрді бұзып, Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Рыскелдина Ғалия Ырыскелдіқызымен сұхбат құруға бел будық. Сұхбат құрудағы мақсатымыз мұғалімдерін мұң-мұқтажын шағу емес, оны онсыз да күнде естіп, көріп жүрміз. Біз мұғалімнің өз мамандығы мен қоғамдағы болып жатқан дүниелерге қатысты ойын білгіміз келді.

 Баланың білімін тест арқылы анықтау дұрыс. Қазақ тілі оқытушысымен сұхбат

Сұхбат

  Қазақ тілі және әдебиет пәнін не себепті таңдадыңыз? Өз қалауыңыз ба, әлде ағыммен кеттіңіз ба?

– Бала жастан арман ұстаз болу еді, біздің кезімізде үлкен кісілердің батасының өзі «мұғалім бол, балам» деуші еді ғой, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазымның өзі өнер тұнған Жетісудың жайсаңы мен жампозының арасында өскен өнерлі жан еді. Сол адамға қызығушылық, ол адамның әр сабағы әдебиет атты әлемнің тұңғиығына тартып, ұстаздық жолды таңдадым. Өкінбеймін, қазақтың қара шаңырағы Ұлттық университетте ұлтымыздың маңдай алды тұлғаларынан дәріс алдым, туған тілдің қайнарынан сусындадым десем, артық емес.

Әдебиет пәнін оқытуға байланысты сұрақ. Кей жазушылар мектепте әдебиет пәні дұрыс оқытпайды деп жатады. Шынымен көп мектепте әдебиет пәні дұрыс оқытылмай ма? Әлде ХХІ ғасыр балаларының әдебиетке деген қызығушылығы төмен бе? Егер төмен болса, олардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

– Қателеседі, өз пәнін шын сүйген жан, алдындағы шәкірттерінің қызығушылығын қандай жолымен болса да арттырады. Пәннің дұрыс оқытылмауы деген аралас мектептерге тән шығар.

Жас мұғалімдерге көңіліңіз тола ма? Олардың білімі мен құлшынысы бар ма?

– Жоқ, олардың біліммен қаруланып келген құлшынысы, мектептің тынымсыз қарбалас өміріне, қағазбастылықтан сөніп қалады, кейбірі мектепке тіпті келгісі келмейді, себебі ата-анасының қалауымен оқуға түскендер. Жас мұғалімдердің мектепке келгені жақсы, егер өз пәнін сүйсе.

Сіз оқушыларға қазақ тілін 30 жыл бойы үйретіп келесіз. Қазақ тілі үйренуде балалар көбіне неден қиналады? Грамматика ма, әріптерді дыбыстау ма, әлде тағы да басқа себеп па?

– Қазақ тілін үйрену әрине, қиын. Грамматика оңай шағылатын «жаңғақ» емес, көпшілік ел қазақша сөйлегеннің барлығы қазақ тілін біледі деген пікір қалыптастырады. Сөйлеу тілінде әріптерді бұрмалап, қазақ тіліне тән әріптердің дыбысталуына көңіл бөлмейді.

ҰБТ-ға дайындық қазақ тілі мен әдебиет пәнін шынайы меңгеруге кедергі ма? Көп жағдайда тестке дайындалатын бала жаттап жатады? Жалпы, сіздің ойыңызша баланың қазақ тілі және әдебиеті бойынаша білімін тест арқылы анықтау дұрыс па? Не себепті олай ойлайсыз?

– Жоқ, кедергі емес. Қайта бұл дайындық баланың есте сақтау қабілетін шыңдайды, шығармашылықпен ізденуге көп көмегі тиеді. Баланың білімін түрлендірген тест арқылы анықтау дұрыс деп ойлаймын, өйткені логикалық тапсырмаларда ой-өрісін кеңейеді.

30 жыл бұрынғымен қазіргі мұғалімдерін салыстыра аласыз ба? Қазіргі мұғалімдердің жағдайына көңіліңіз тола ма? Балаға алаңдамай білім беруге толық жағдай жасалған деп айта аламыз ба?

– Иә, жер мен көктей айырмашылық бар. Ол кездерде мұғалім мамандығына сұраныс көп болғандықтан ұстаз мәртебесі құрметті болды. Көңіл толмайды, себебі шығармашылық шабытпен жұмыс істеуге ниеттенбейді, жаңа АҚТ-ға сүйеніп алған. Екіншіден, ұстаз еңбегі дұрыс бағаланбайды. (еңбекақысы аз мөлшерде болғандықтан)

Телеарналарды көре отырып, газет-журналдарды оқи отырып, журналистер тарапынан қате қолданылатын сөздерді байқайсыз ба? Егер байқасаңыз, ол қандай сөздер?

– Иә, байқалады. Журналистердің бірсыпырасы жергілікті диалектілерін көп қолданады. Кейбір газет-журналдарда әріптердің жазылу емлесін сақтамайды, қос сөздер, біріккен сөздер, қосарлы дауыссыздар, тіпті сөздер дұрыс тасымалданбайды да.

Биыл Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл. Бүгінгі жастар Абайдың кім екенін жалпылай біледі, бірақ оның терең шығармаларын үңіле оқымайды, оқығанымен назар аудармайды, оның сөздерінің астары жайлы ойланбайды. Абайға келгенде көпшілігіміз ары кетсе «Абай жолын» оқумен шектелеміз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Келіспеймін, өз заманында Ахмет Байтұрсынұлы ұлы Абайды «Қазақтың бас ақыны» деген, бұл пікір әлі күнге мәнін жойған жоқ. Қазіргі уақытта Абай шығармашылығын тереңдету мақсатында мектеп бағдарламасына «Абайтану» курстары енгізілді. Мұның өзі Абайды жастарға таныту үшін үлкен көмек, өмірлік мәнін жоймайтын оның философиялық ғақлияларының өзі қазіргі қоғамның көкейкесті мәселелеріне ой салуына түрткі болуда.

Қазақта «туған күн» және «туылған күн» деген екі сөз бар. (Мысалы, «Бүгін Арманның туған күні / Бүгін Арманның туылған күні) Егер логикаға сүйеніп қарасақ, «туылған күн» деген дұрыс сияқты. Бірақ, кәсіби филологтар «туған күн» деп айту керек дейді. Себебі неде?

– Кәсіби филологтардың пікірімен келісемін.

Дарынды балалардың арнайы мектептерде оқытылуын қолдайсыз ба? Жалпы, қабілеттері жоғары балаларды бір жерге топтастырып, қабілеті төмендеу балаларды екінші жерге жинау дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Егер барлық жерде мұндай мектептер болса неге қолдамасқа?! Дарын мен қабілеттің арасында айырмашылық бар. Дарын – туа біткен қасиет, қабілет – жүре келе қалыптасады. Топтастыру оқытылатын пәннің деңгейіне байланысты.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға