Баланың үйірмеден үйренері көп

19.03.2022 10749

 

Бүгінде үйірме атаулының сан түрі бар. Әлбетте сұраныс болғаннан кейін ұсыныс та көбейіп келеді. Жеткіншектің бос уақытын ұтымды пайдалану, бойда ашылмай жатқан сан қырлы талантты ұштап, өрбітуге мүмкіндік беретін тәрбие жолы десек қателеспейміз. Уақытты тиімді өткізу әсіресе бала тәрбиесінде өте маңызды. Баланың уақытын қалай басқарған жөн? Оны қандай үйірмеге берген дұрыс? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте өткен жолдауында айтылған балаларды бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту туралы тапсырмасы бүгінде оң шешімін тауып жатыр. Соның айқын дәлелі күннен күнге қатары көбейіп жатқан балғындарға арналған тегін шығармашылық және спорт үйірмелері. Бүгінде елордамызда тегін үйірмелер саны көп. Солардың бірі «Kids time» балаларды дамыту орталығының директоры Карипжанов Ержан Қуанышұлы былай деп жауап берді.

 

­­-­2019 жылдан бері қолға алынған бұл бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап, үйірмелер мен секцияларды қаржыландыру ережелері күшіне енген болатын. Осы жоба аясында Аrtsport.edu.kz бағдарламасы іске қосылды. Біздің орталық аталмыш бағдарламамен жұмысын бастаған компаниялардың бірі. Үйірмеге 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мемлекеттік қолдау арқылы кез келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмеге тегін бара алады. Баланы үйірмелерге жазудың өзіндік заңдылықтары бар. Әр бала кем дегенде екі үйірмеге жазылу мүмкіндігі бар. Ол үшін ең алдымен ата-аналар artsport.edu.kz сайтына кіріп, электронды өтініш беру керек. Ескеретін жәйт, өтінім берілгеннен кейін, 10 күн ішінде таңдаған үйірмемен келісім жасасып, қажетті құжатты ұсыну керек. Ары қарай баланы үйірмеге қабылдау мақсатында ваучер беріледі.

 

Біз қазіргі уақытта көптеп ашылып жатқан елордадағы үйірмелер жайлы айтып отырмыз. «Орталықта арманы асқақ балалар мен берген білімін бұлдап, пайда іздемейтін қамқор тәлімгерлер бар. Балаларын мұғалімдерге сеніп тапсырған ата-аналардың көңілі жай. Жеткіншектер мұнда уақытын тиімді өткізеді. Пайдалы әрі өздері қалаған іспен айналысады», - дейді мекеме директоры.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

Балаларды дамыту орталығында жалпы саны 17 үйірме жұмыс жасайды. Сабақ кестесі танертең сағат тоғяыздан, кешкі сегізге дейін. Барлық үйірмеде бала саны толық, бір топта он екі баладан артық алмаймыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1100 бала санымен аяқтасақ, қазіргі таңда 1200 бала үйірмелерге келеді. Бізде ән айтып, би билеуге, музыкалық аспаптарды да үйрене алады. Мүсін жасап, сурет салып, қолөнерді де меңгеруге болады.

 

Ата-аналар балалардың логикалық және зияткерлік ойлау қабілеті дамығанын қалайды. Сондай ақ темірдей тәртіпке үйренсе дейді. Бұл тұрғыда осындай үйірмелер таптырмас құрал. Сондықтан ұл қыздарының зияткерлік ойын үйірмелеріне жаппай беріп жатыр, - дейді балаларды дамыту орталығының директоры.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

 

- Балаларды өнерге баулып шығармашылығын дамыту үшін, жұмысын жандандырған орталықтар еліміздің барлық аймағында бар. Олар жұмысын үздіксіз және үзіліссіз жалғастырып жатыр. Десе де менің ұстаздардан талап ететінім сапалы білім. Себебі, болашақта артспорт бағдарламасы жабылып қалатын болса, біз үйірмеге келіп жүрген балаларды алып қалуымыз керек. Жасөреннің шығармашылығына шабыт беретін мұндай орталықтарды қаланың кез келген аумағынан кездестіруге болады. Ал, ата –аналар тәжірибелі, сапалы орталықтарға бергісі келеді. Сондықтан сапаға қарай жұмыс жасаймыз.

 

 

 

 

 

Баланың ой өрісінің қалыптасуы күрделі процесс. Білім беру жүйесіне құрамдас баланың

 

шығармашылық қабілетімен дербестігін дамытатын ұтымды тағы бір жолы үйірме екені белгілі. Осындай балалардың ашылмаған сан қырлы талантын ашуға септігін тигізіп жүрген жандардың бірі – Жексенбай Нұрғаным Саятқызы. Мамандығы – композитор.

 

 

 

«Балалармен жұмыс жасау оңай, себебі олардың аспапқа деген сүйіспеншіліктері ерекше»,- дейді балаларды дамыту орталығының ұстазы.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

 

- Фортепиано, эстрадалық вокал бойынша маған жүзден аса бала келеді. Ол балалардың барлығы нөлден бастаған. Бұған дейін ешқандай музыкалық білімі жоқ, немесе ешқашан аспап ұстап көрмеген балалар. Солардың барлығы да өздерінің ыждағаттылығымен өздерінің дарындылығы және қызығушылықтарының арқасында біраз жетістікке жетіп келеді. Мысалы, жақында Санкт Петербург қаласында халықаралық конкурсқа қатысқан болатынбыз. Дүниежүзілік музыка күніне арналған «Ступени вокального мастерства» атты конкурстан дайындаған 10 оқушы I және II орындарды иеленді. Олар: гитара, вокал, фортепиано және укулела бағыттары бойынша бақтарын сынады. Бұдан бөлек, қалалық және республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр.

 

Бұл жаңашылдық баланың кез келген үйірмеге баруына қолжетімді етеді. Ең бастысы ата-аналарға қаржылық жағынан ауыртпалық түспейді. Сөйтіп балаңызды сабақтан тыс уақытта, бірнеше үйірмеге жазып қоюыңызға болады. Үйірменің балалар үшін маңыздылығы баланың мәдениетін қалыптастырады, - дейді Нұрғаным Саятқызы.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

- «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы дейді», - ұлы ғұлама Әл- Фараби. Ал, рухани мәдениеттілік адамзаттың асыл бастауы. Сондықтан тәрбие бұл эстетика, жалпы өнерді түсіну үлкен бақыт. Сондай-ақ балаларға тегін түрде оқытылып жатқаны жақсы мүмкіндік.

 

Әрбір ата-ана баласының жарқын болашағын армандайтыны рас. Жалпыға бірдей білім беру шаңырақтарының өскелең ұрпақ тәрбиелеуде орны мызғымас екені даусыз. Табысқа жетіп, биіктерді бағындырған кез келген тұлғаның негізі балалық шақта жатыр,- дейді елордалық тұрғын, Орынбасар Карамолдинқызы.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

- Жетіліп келе жатқан жастың қабілетін ерте бастан анықтап, тұлғалық жағынан қалыптастыру ата-ана үшін, үлкен еңбекпен қажыр-қайратты талап етеді. Қабілет әрбір баланың бойында болады. Тек соңы дер кезінде байқау қажет. Қабілетті: есту, көру, сезіну осы үш жүйе арқылы анықтауға болады. Менің үлкен қызымның жасы 6-да, кенже балам 4 жаста. Екеуін де шығармашылық, спорттық үйірмелерге апарамын. Меніңше, ата-ана ретінде біз бағыт бағдар беруіміз керек. Ал, балаларым есейе келе өздеріне ұнаған үйірме түрінде қалады,- дейді балаларын дамыту орталығына әкелетін Орынбасар ханым.

 

Баланың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі ата-аналар үшін маңызды. Сондықтан түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақты жетілуі үшін барын салады. Ал, осы тұста психолог, Елжас Ертайұлы ата-аналарға, алдымен баланың қызығушылығын анықтап алған дұрыс дейді.

 

- Ойын үрдісі барысында баланың қызығушылығын анықтауға болады. Мысалы, бала музыкаға, спорттық ойындарға немесе сурет салуға қызығуы мүмкін. Жас жеткіншектің мінезі мен тұлғалық ерекшеліктері әртүрлі болады. Бірі- белсенді, ал енді бірі- тұйық келеді. Десе де баланың өзіне тән мінезі болады, сол жағдайға мән беруіміз керек. Ол бала өзінің қызығушылығын ашық айта бермеуі мүмкін. Сондай жағдайда ата-аналар баланы күштеп үйірмеге жазып жатады. Мұндай кезде баланың бойында агрессивтілік немесе ата-анасына қарсылығын білдіре алмағандықтан ашушаң болуы мүмкін.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

Ортаға тез бейімделіп, тіл табысатын алғыр да ақылды жеткіншек қашанда көз қуантады. Осындай үлгілі топтың қатарында болсын деп, ата-аналар кейде баланың дем алуына уақыт қалдырмайды. Бұл жайында психолог маман былай дейді.

 

- Ата-ана өзінің балалық шағында орындалмай қалған арманын балаларында болғанын қалайды. Баланы заман талабына сай, осы қоғамның белді азаматы етіп тәрбиелеу маңызды болса да, баланың ойнайтын уақытын ұрламау керек. Ең бірінші балаңыздың ішкі-сезімдерімен санаса білу керек. Бала ол үйірмені қалай ма жоқ па? Баланың пікірін тыңдай отырып, ойымен санасқан жөн. Сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай, қанша уақыт ой еңбегімен айналысу керегіңе мән берген абзал. Баланың ой, ақыл еңбегінен басқа айналасын танып білуге, достарын зерттеуге, табиғатпен араласуыңа күніне жоқ дегенде 2 сағат уақыт қалдырыңыз,- дейді Елжас Ертайұлы.

 

«Ұрпағының зерек те зейінді болып өсуің қаламайтын жан жоқ. Көкжиегі кеңейіп, қатарластарымен тең болуына себепші түрлі үйірмелер екені белгілі. Баланың қандай да бір бейімі мен ынтасын байқаса ата-ана қолдау көрсетуге дайын тұрады. Бұл әрине құптарлық жағдай, дегенмен де оның өз зияндары да бар дейді»,- психолог, Елжас Ертайұлы.

 

- Ата-ана баланың суды ішкені, тамақты жегеніне дейін зер салып бақылау керек. Себебі, әр баланың бойында ашылмаған бейімі мен қыры болады. Ата-ана соңы тек дер кезінде дамытып қолдау көрсете білу керек. Иә, баланың бос уақытын қалдырмай, жүйелі түрде жоспарлау болашақта бала өз уақытын үнемді жұмсап үйренетін болады. Бірақ бұның екінші керағар жағы бала үнемі біреудің көңілінен шығу, өзіне уақыт таба алмайтын жағдайға жетеді. Ал, егер бала қоршаған ортаны өз бетімен танып білетін болса, табиғатты зерттейтін болса, болашақта ол адамнан ғалым шығуы мүмкін. Мұндай балалар кездескен қиыншылықты өзі жеңе алатын болады. Өзімен өзі жүрген бала ішкі жан дүниесіндегі қиялы артады, және шығармашылық қабілетке ие болады.

 

Баланың үйірмеден үйренері көп

Баланы үйірмеге жазу, немесе бос уақытына еркіндік беруге келгенде ата- аналардың пікір екіге бөлінеді. Әрине, сіздікі дұрыс, не бұрыс деп ешкім айта алмайды. Әр ата-ана шешімді өзі шығарады. Десе де, балаларымның демалатын бос уақыты жоқ,- дейді екі баланың әкесі, Еркін Сағындықұлы.

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

­- Соңғы кездері жұбайыммен бір мәселеде ортақ шешімге келе алмай жүрміз. Даудың басы - бала тәрбиесі. Келіншегім 13 жастағы ұлым мен, 10 жасар қызымды кішкентайынан әртүрлі үйірмелерге сүйреп, әбден титықтатып жіберді. Би, шахмат, жүзу, менталды арифметика, ағылшын, вокал тізе берсем екі баламның бармаған үйірмесі қалмады. Жұбайыма мұның дұрыс емес бала өз қалауын өзі таңдауы керек десем, біздің бала кезімізде мұндай мүмкіндік болмаған бұлар бәрін көріп таңдау жасауы керек дейді. Меніңше баланың бала болып, ойнауыңа да мүмкіндік берген дұрыс сияқты,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Еркін Сағындықұлы.

 

Баланың мектептен тыс жұмыстарды таңдауына барынша байыпты және жауапкершілікпен қарау керек. Осы тұрғыда маман ретінде Елжас Ертайұлы ата-аналарға төмендегі кеңестерді ұсынады.

Баланың үйірмеден үйренері көп

 

Ата-ана мен баланың үйірме таңдаудағы 7 қателігі

1. Біріншіден, бала баратын үйірмені өзі таңдауы керек. Өз бетінше шешім қабылдай алмаған бала, болашақта ол үшін ата-анасы шешім қабылдау керек деп үйреніп қалады. Сондықтан ересектер өз ұрпағына мұқият қарап, оның барлық қабілеттері мен хоббилерін сараптап, кез келген теріс пікірге және өздерінің армандарына қарамастан, баланың қалаған үйірмесіне берген жөн.

2. Біздің қоғамда қалыптасып қалған теріс миф бар. Ол «баланы балалық шақтан айыруға болмайды» деген. Бұл қате пікір, мұның нәтижесі ештеңе таңдамай, ақыр соңында бала да ешқандай үйірмесіз қалады. Үйірмеге барғанша көбірек серуендеп, таза ауада ойнасын, мектептегі тапсырмалары да жетеді дегенді жиі естіп жатамыз. Баланың білімге, дамуға деген құштарлығы туа біткен қасиет. Олар оқуға, жаңа нәрселерді білуге, жаңалықтар ашуға, гипотеза құруға және іздеуге қызығушылық танытады. Бұл дегеніміз - даму. Балалық шақ деген осы. Керісінше оған жаңа нәрселерді зерттеуге және үйренуге болатына көзін жеткізу арқылы мүмкіндік беру керек.

3. Ең жақсы үйірмені таңдап, оны тастап кетуден қорқу. Үйірме- бұл баланың болашақ мамандығы емес. Баланы бір рет және мәңгілікке бөліп, оған болашақтың дайын траекториясын анықтаудың қажеті жоқ. Керісінше, ол ондаған түрлі үйірмелерге барып өзін байқап көрсін. Ата ана да, бала да байқап көруден қорықпау керек.

 

4. Үшінші қателік «компания үшін». Бала көп жағдайда жалғыздықтан немесе қоғамнан қорқады. Бұл әсіресе көшбасшылық қасиеттері қалыптаспаған балаларға қатысты. Сондықтан олар өздеріне достар іздейді, және көп жағдайда сол достарының соңынан ереді. Жақын жанның қолдауы оң әсерін береді. Дегенмен кері жағы бар. Жас жеткіншек өзінің хоббиі мен қалауын ысырып екінші орынға қояды.

5. Физика, математика сабақтары мектептің бағдарламасында бар. Оған қосымша дайындалып не керек деп ойлайтын ата-ана немесе балалар бар. Бұл қосымша білім алу сіздің осы сабақтарға деген қызығушылықты оятуы мүмкін.

6. Тағы бір себебі- баланың үйірмесі тұратын жерден алыс болуы. Мектептегі берілген тапсырмалардан шаршап келген бала, қосымша үйірмелерге баруға күші де қалмай қалады.

7. Білімді үйде өз бетінше оқып та алуға болады деген жаңсақ пікір. Иә, мүмкін шынымен де үйде білім алуға болатын шығар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебін үш негізгі себепке байланысты.

Біріншіден секциялар мен үйірмелер – бұл тек оқыту ғана емес, қарым-қатынас құралы. Әлеуметтену, ұжымда жұмыс істей білу, басқаларды бағалай білу, жеңу және жоғалту мүмкіндігі. Үйде мұның бәрін алу мүмкін емес.

Екіншіден, егер сіз химик болсаңыз, онда баланың химиясын еш қиындықсыз үйрете аласыз ба? Мұғалім өз пәнін жақсы біліп қана қоймайды. Одан да маңыздысы, сол тақырыпты балаға оның жасы мен ерекшеліктерін ескере отырып жеткізе алады.

Үшіншіден, бала сізді мұғалім ретінде қабылдай алмайды. Ұстаздық тәртіп, объективті бағалау және ата-ананың рөліне сәйкес келмейтін көптеген аспектілерді қамтиды.

Түйін

 

Баланы үйірмеге берудің артықшылықтары көп. Әсіресе қазіргі уақытта тапжылмай отырып, ұялы телефонға телмірген балаларға пайдасы зор.

 

Бөлісу:

Ұқсас материалдар