Жаңалықтар

Баланы шахматқа баулу: пайдасы және зияны

Шахмат спорт па, әлде ой сергітетін ойын ғана ма?
Баланы шахматқа баулу: пайдасы және зияны
05.02.2019 09:28 18313

Шахмат спорт па? Бұл әзіл-шыны аралас көптің көкейіндегі сұрақ. Ол сөзсіз – спорт. Себебі, мұнда да футбол, волейбол секілді спорттық құмарлық пен бәсекелестік қатар жүреді.

– Мен әрдайым шахматқа спорт ретінде қарағам. Себебі, ол тек ақылға ғана салмақ салып қоймай, физикалық  мықты дайындықты талап етеді. Мен күн сайын физикалық дайындықтан өтемін: жүзуге барамын, жүгіремін, кейде үлкен тенниспен айналысамын, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әйелдер арасындағы гроссмейстер Жансая Әбдімәлік.

Жансаяның қазір Алматы қаласында балаларды ерте жастан шахматқа баулитын өз академиясы бар. Ол академияға жоғары білікті жаттықтырушыларды ғана алатынын айтады. Кейде өзі де сабақ өткізеді. Қазақстандағы шахмат аяғынан тік тұрып, әлем санасатындай деңгейге көтеріліп келе жатыр дейді шахматшы.

Сонымен, шахматтың балалар үшін қандай пайдасы мен зияны бар? Қанша жастан бастап баланы шахматқа беруге болады?  

Шахматтың пайдасы мен зияны

Шахматтың балаларға әсері жайында пікірлер екіге жарылады. «Жалпы, шахмат ойыны баланың ақыл-ойына оң ықпал етеді. Өз басым ешқандай зияны жоқ деп есептеймін», – дейді тәжірибелі балалар жаттықтырушысы Абылайхан Сәрсембай. Алайда, кейбіреулер бұл ойынның айтарлықтай зардабы бар деуден таймайды.

Шахмат ойынының қандай кері әсері болуы мүмкін?

– Бір орында тапжылмай ұзақ уақыт отырады. Бұл баланың физикалық дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан, шахматтан тыс уақытта көбірек серуендеп, қосымша қимыл-қозғалысқа негізделген спортпен шұғылданған дұрыс.

– Бала ойынға беріліп кетіп, өзінің отыру қалпын бақылаудан шығарады. Ол арқа ауруына себепкер болып, омыртқаға кері әсерін беріп, сколиозға шалдықтырып жатады.

– Моральды тұрғыдан шаршау және санаға көп салмақ түсу. Жас спортшы дәл осы күйді бастан кешеді. Әрине, мұның зияны жоқ, десе де баланы қатты зорықтырып жіберуі мүмкін.

– Көзге салмақ салу. Шахматшы ойын бойы фигураларды бақылап, көзіне көп салмақ түсіреді. Жаттығудан соң, міндетті түрде жанарына демалыс берген дұрыс.

Бұл минустардан оңай құтылу үшін жаттығу мен баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырса жеткілікті. Зиянды әсерлері бар екен деп «ақылды» спорттан бас тартудың ешқандай қажеті жоқ.  

Шахмат несімен пайдалы?

– Жастайынан бала өздігінен шешім шығарып, өтіп жатқан әртүрлі оқиғаларды логикалық тұрғыдан бағалай біледі. Қарапайым сұрақтарға да ересек адамдарша жауап беріп, саналы шешімдерге барады.

– Бір орында отыра алмайтын кішкентай бұзықтарды шахмат ойнауға үйрету қиын соғуы мүмкін. Егер осы спорттың қызығына кіргізе алсаңыз, бала сабыр пен шыдамдылыққа үйренеді. Әсіресе, мектепке барғалы жүрген балаларға мұның пайдасы зор.

– Бала өз ісін жоспарлап, болжам жасап үйренеді. Уақытты тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі.

– Баланың мінез-құлқын тәрбиелеуге қиындау әрі іш пыстырарлық спорт түрі болғанына қарамастан, жеңіске деген жігер танытуға жаттықтырады. Бір-екі ойыннан соң, жас спортшы, жеңіс пен жеңіліс тек өзіне тікелей байланысты екенін түсініп, жинақтала бастайды.

Дүние жүзінде шахматты ресми спорт түрінде қабылдаған мемлекеттер саны жүзден асады. Ал Ұлыбританияда бұл заң тек 2006 жылы ғана шыққан. Халықаралық Олимпиада комитеті шахматты 1999 жылы спорт ретінде қабылдағанымен, жарыстар бағдарламасына сол күйі енгізген жоқ. Ондай спорт түрлерінің қатарында шахматтан бөлек, бридж, шашка, қытайлық шахмат сияқты ойындар бар.  

Неден бастау керек?

Бұл спорт денсаулыққа ешқандай зиян келтірмейтіндіктен, ерте жастан-ақ бастай берсе болады. Балалар үшін ең тиімді деп, үш жас есептеледі. Ал Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы балаларды төрт жастан бастап қабылдайды.

Спорт шеберлігіне кандидат, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, білікті балалар жаттықтырушысы Әділ Ишмұхаметов:

– Баланы шахматқа бермес бұрын жеке қабілетіне қарау керек, егер алғыр бала болса, 4 жастан қабылдай береміз. Ал тұрақты жас деп бес жасты айтар едім, – дейді.

Алғашқыда баланы үйде жаттықтырған дұрыс па? Әлде бірден жақсы шахмат мектебіне берген жөн бе? Бұл орайда жоғары білікті жаттықтырушылары бар мектептің болғанына назар аудару керек.   

Мәселен, Астана қаласындағы секциялар баланы төрт жастан бастап қабылдайды. Одан ертерек ата-аналарымен баруға да болатын топтарды табуға болады. Жалпы шахмат академиясына аптасына екі рет, бір сағаттан қатысады. Балалар тобында негізінен 10-12 адамнан отырады.

Тәжірибелі шахматшылар баланың үйде ойнап бастағанын қолдайды. Біріншіден, бала жаңа ортаға үйренем деп уақыт жоғалтпайды, екіншіден ата-ана мен бала арасында өзара ынтымақтастық орнайды. Қосымша ретінде шахматты үйрету мақсатында Александра Костенюктің қазақ тіліне аударылған «Ең ақылды балаларға арналған шахмат жазбаларын» сатып әперсеңіз құба-құп.

«Үйдегі» шахмат мектебін қалай ұйымдастырамыз?

Егер өзіңіз шахмат ойнай алсаңыз, онда балаңызға екі жасынан бастап-ақ үйрете берсеңіз болады. Бұл уақытта арнайы мектепке баруға тым ерте, алайда өзі жақсы ойнай білген ата-ана кез келген жаттықтырушыны алмастыра алады.  

Шахмат тақтасы – соғыс алаңы, ал фигуралар жауынгерлер екенін түсіндіріңіз. Бұл тек ойын екенін айтуды ұмытпаңыз.

Бүлдіршінді шахмат ойнауға үйрету үшін пайдалы кеңестер: 

– Балаңыз ойын ережелерін қиын қабылдай ма? Аз уақытта барлығын үйретемін деп, асықпаңыз;
 Баланың жағдайына мән беріп отырыңыз, ол жалықпай тұрғанда ойынды аяқтап тастаңыз;
 Сабақтың ұзақтығы шахматшының жас ерекшелігіне байланысты: 2 жас – 20 минут, 4 жас – жарты сағаттан көп емес;
 Дене шынықтыратын минут: бұл да ойынның басты бір бөлігі. Оны сабақтың тақырыбын байланыстырып, атты қолына беріп, отырғызып-тұрғызсаңыз болады;
 Қателіктермен жұмыс – әрбір жаттығудан соң өтетін маңызды нәрсе болуы керек; 
 Баланың өз эмоциясын басқаруға үйретіңіз. Себебі, шахмат зиялы ойын. Мұнда қарсыластармен ұрысу, дау-дамау деген жоқ;
 Сізді балаңыз жеңе алатын шамада емес пе? Ал жеңіліске қатты көңілі түсе ме? Сол үшін әдейі ұтылып жүрмеңіз. Бала жеңіске ұмтылып, өзін көрсете білуі керек.

Сіз балаңызды жарты жылдан бері жаттықтырсаңыз да, ол ферзьді пешкамен шатастырып жүр ме? Уайымдамаңыз, шахмат – күрделі ойын, тіпті оны үйрену сіздің үш жасар балаңызды есептемегенде, ересек адамдарға қиындық туғызады. Ал егер баланың шахматқа деген қызығушылығы «сөніп» бара жатқанын сезсеңіз, бір-екі айға қоя тұрыңыз. Ол уақыт өткен соң, ол сізбен қуана-қуана бір партия ойын өткізеді. Ал сіздің біліміңіз баланы одан әрі дамытуға жетпейтінін білсеңіз, арнайы мектепке не академияға жіберіңіз.

Балаңызды жақсы мектепке бердім дегеннің өзінде жаттықтырушының әр балаға арнайтын уақыты аз болуы мүмкін. Алайда көмекке басқа балалармен бәсекелестік келеді. Қатарластарынан жеңілген балаңыз, келесіде қалайды оны ұтуға тырысады. Сол секілді балаңызды әртүрлі турнирлерге қатыстырып отырыңыз. Шеберліктің өсуіне жергілікті жаорыстардың да пайдасы көп болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға