Жаңалықтар

«Баламның артынан аңдитындар бар». Дәулет Тұрлыханов баласының әрекеті жайлы айтты

«Баламның артынан аңдитындар бар». Дәулет Тұрлыханов баласының әрекеті жайлы айтты
Фото: parlam.kz 16.10.2024 10:48 468

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов әлеуметтік желіде сынға қалған ұлы Нұрасыл Болаттың әрекетіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қай әке баласын жаман болсын деп тәрбиелейді? Балам жақсы адам. Неге екенін білмеймін, баламның артынан аңдитындар бар сияқты. Жай емес қой мұның барлығы. Ертеңгі күні баламның жүйкесі тозып, ауру болып қалуы мүмкін. Оған кім жауапты болады?! Сондықтан айтқым келетіні, балам өте жақсы, тәрбиелі бала. Оған енді туған күнге баруға, достарымен араласуға болмай ма?! Осы нәрсе мені қатты ойландырады, - деп жауап берді депутат Мәжіліс кулуарында журналистердің қойған сұрағына.

Дәулет Тұрлыханов бұл оны көре алмайтын жандардың әрекеті болуы да мүмкін екенін айтты.

Әрине, бізді көре алмайтындар да бар. Қазақта ондай бар ғой. Мен бір мандатты округтен сайландым. Мен мандатымнан айырыламын ба, жоқ па, сайлаушылар ғана шеше алады. Бүгінгі күні мен өз абыройыммен жұмыс істеп жатырмын. Бұл тараптан менің жұмысыма, әріптестеріме ешқандай сұрақ жоқ. Өз еңбегімді сіңіріп жұмыс істеп жатырмын деп ойлаймын, - деді ол.

Журналистер Тұрлыхановтан «Ұлыңызды бас бостандығынан айыруы мүмкін деп жатыр. Бұл туралы естідіңіз бе?» деп сұрады.

Балам 21-ден енді асқан ғой. Өмірді әлі көрмеген. Оның мүмкіндігін шектеп, бас бостандығынан не үшін айыруымыз керек? Кешкі сағат 8 жарымда әріптестерімен отырғаны үшін бе? Ол онда ішіп отырған жоқ. Оны бірден түрмеге қамайтын болса, ол тәрбие емес, - деп жауап берді мәжілісмен.

Депутат БАҚ өкілінің «Балаңыз күйзелісте деп айтып қалдыңыз? Өз-өзіне қол салуы да мүмкін бе сонда?» деген сұрағына жауап бере кетті.

Бәрі мүмкін. Оған күн сайын неше түрліні жазады. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Балама жаным ашиды. Балама қатты сөйлеп жүрген жоқпын. Бұл ұрысатын нәрсе емес, - деді Дәулет Тұрлыханов.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылауда жүргеніне қарамастан түнде көңіл көтергені туралы видео тарады.

2023 жылдың 11 ақпанында Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан еді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға