Жаңалықтар

«Балалық шақ – бал дәурен»

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар жазушысы, ақын Толымбек Әбдірайымның балалар әдебиеті туралы пікірі
«Балалық шақ – бал дәурен»
07.06.2020 11:00 9857

Адамның бұл өмірдегі бақыты – балалық шағы. Сол ұмытылмас күндер кімді болса да сағынтпай, аңсатпай қоймайды. Балалық кезеңдегі тәтті қылықтарың, ата-анаңыздың қамқорлығы, жақындарыңыздың мейірімі мен ата-әжеңіздің жүрегі елжірей еркелеткені әрқашан санаңызда берік орнап, жаныңызға жылу ұялатады. Осы орайда қазақ балалар әдебиеті туралы қалам тербеген балалар жазушыларының бірі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Толымбек Әбдірайым оқырмандарымен «Балалық шақ­ – бал дәурен» тақырыбында онлайн кездесу өткізді. Игі іс-шараның ұйымдастырылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұжымы себепкер болып, қолдау көрсетті. Біз де онлайн кездесу барысында жазушыға сұрақ қою арқылы өз тарапымыздан бүгінгі балалар әдебиеті жайында көкейде жүрген маңызды сауалдарымызға жауап алуға тырыстық.

Суретте: ҚР Мәдениет қайраткері, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым

Адам баласының өмірге көзқарасы мен талғамы балалар әдебиетінен қалыптасады. Ол дегеніміз балалар әдебиетінің тәлім мен тағылым ордасы және ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі екенін көрсетеді. Балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым да бала күнінен мәдениеттің қайнар көзі - әдебиетке жақын болып өскен. Ол кешегі Семей, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданына қарасты Қараағаш кеңшарындағы шағын Отжияр елді-мекенінде дүние келген. Өзінің балалық шағы өткен ауылында алғашында 70-80 үй, мектеп және тағы да басқа өндіріс орындары болыпты. Кейін, жылдар өте ауылдағы адамдар көшіп, ақыр аяғында Отжиярда үш үй ғана қалыпты. Толымбек Әбдірайымның көршісі Бәтен әжей жапандағы жалғыз ауылда, өз жұрты көшіп кеткеннен кейін жиырма бес жыл өмір сүреді. Жазушы туған ауылын қимаған сол әжейге арнап «Жапандағы жалғыз үй», «Жалғыз кемпір» деген алғашқы мақалаларын жазыпты.

– Менің балалық шағым Отжиярда өтті. Ол жер мен үшін кәдімгідей жер жәннаты еді. Орманды, тоғайлы, жеміс-жидегі мол өлкемнен Тарбағатай өзенінен бастау алатын Аягөз өзені ағып келетін. Біздің бала кезімізде өзеннің арнасы кең, суы терең болатын. Таңертең ерте тұрып, өзенге қарай жалаңаяқ жүгіріп, шомылып, кәдімгідей құмға қыздырынып, балық аулап, сайран салатынбыз. Әркімге бір рет ғана берілетін балалық бал дәурені кімге болмасын қызықты ғой. Әке-шешең жаныңда, ештеңені ойлап, бас ауыртпайтын кезең ғой, шіркін, – деп балалық шағын еске алды Толымбек Әбдірайым.

Жазушы бала күнінен қазақ ертегілерін, батырлар жырын оқып өсіпті. Ол өз кезегінде қазақ балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаев, Сұлтан Қалиев, Шәкен Күмісбайұлы, Ескен Елеубаев, Ақылбек Шаяхметов, Сәбит Дүйсенбиев және тағы да басқа балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген ақын-жазушыларды атап өтті. Сонымен бірге Толымбек Әбдірайым бүгінгі күннің балалары шытырман оқиғаларды жақсы көретіндігін айта кетті. Жазушы бастауыш сынып оқушылары мейірім мен қайырым, үлкенді сыйлау, құрмет тақырыбындағы шығармаларды сүйіп оқитын болса, одан кейінгі жасөспірімдер шытырман, детектив жанрындағы оқиғалары бар кітаптарды жақсы көретіндігін айтты. Сонымен бірге балаларға арналған шығармаларда үлкен әсер, отанға деген сүйіспеншілік пен махаббат, ұлттық рухын оятатындай әсер қалдыру керек дейді. Шығармалардың көркемдігі, тілі және оқиғасы балаларға лайықты жазылып, сол кітапты оқыған бүлдіршін сәулеленіп, қызығып отыратындай, үлкендердің өзі қызығатындай болуы мен жазушының бойында ерекше қасиеттің бірі балажандылықтың болуының маңызды екендігін айта кетті.

eefaca3a16214de2ff45180612c16fe2.jpg

– Бала күнімде ауылда тұрғанда халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің жыр жинағы болды. Соны әкем 2- сыныптан бастап маған оқытатын. Сонымен бірге қазақ ертегілерін оқумен көзіміз ашылды. Ал батырлар жырын оқығанда керемет адамның рухы көтерілетін еді. Сол батырға ұқсап, елің мен жеріңді қорғағың келеді. Осы кітаптар мені әдебиетке жетелейді деп есептеймін. Оның бергі жағында адамзат мәдениетінің байлығы, үйдегі музыкалық аспаптар: гармон, мандалина, домбыраның да үлкен әсері болды деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Жазушының әдебиеттегі алғашқы қадамы 15 жасында жазылған «Мылтық» деген әңгімесі. Бірақ сұхбат барысында жазушы дәл сол кезде жазған әңгімесіне баға беруге көркемдік деңгейі болмағанын айтты. Әңгіме 15-16 жылдай үстел тартпасында жатып қалыпты. Кейін жазушы Алматыға барғанда бұрынғы «Қазақстан пионері», бүгінгі «Ұлан» газетіне алғашқы жазған әңгімесін ұсыныпты. Бір нүктесі, үтіріне тиіспей сол күйінде қаз қалпында жарияланған «Мылтық» әңгімесі кейінірек балалар жазушысының алғашқы жинағы «Ерке шорада» жарияланған болатын.

– Жинақтың редакторы, марқұм қазақ балалар әдебиетінің өкілі, ақын, жазушы Қаржаубай Омарұлы шығарған еді. Тағы да осы балалар әдебиетіне келуіме себепкер болған марқұм досым, қазақтың белігілі сатиригі, қазақ балалар ақыны 48 жасында дүниеден озған Бейсебай Тынышбайұлы деген азамат. Біз сол мектепте оқып жүргенде менің «Ұлан» газетіне үш бірдей материалым жарияланған болатын. Сол кезде Бейсебаймен хат арқылы танысқан болатынбыз. Ол кезде ол «Балдырған» журналында жауапты хатшы екен. Ол кісі маған бір күні балаларға әңгіме жазып алып келші деген ұсыныс тастады. Солай «Боранды күн» деген шағын әңгіме жазып алып бардым. Әңгімем «Балдырған» журналының келесі санына жарияланды. Содан бері 30 жылдың көлемінде 70-тен астам әңгімелерім мен ертегілерім жарық көрді. Алғаш «олашар» деген рубрикамен менің «Кіндік шеше» деген әңгімем суретімен жарияланды. Қазіргі кезде мен – «Балдырған» журналы редакциялық алқасының мүшесімін. Қазақ балалар әдебиетіне келуім осылай басталды, – деді балалар жазушысы.

Балалармен еліміздің көптеген аймақтарында кездесу өткізетін жазушы Толыбек Әбдірайым кітап тапшылығы мәселесін де қозғап кетті. Ол өз сөзінде мемлекеттік тұрғыда балалар әдебиетін қолға алу, арнайы бағдарлама мен жүйе орнату туралы да айта кетті.

– Ғұламаларымыз жазушы дегеніміз – адам жанының инженері деп айтып жатады. Ал әдебиет болса, адамның қуанышы, қайғысы, күлкісі. Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов болса, «Әдебиет деген адамгершілікке сүйіспеншілік», – дейді. Расында да әдебиет адам баласының рухын көтеретін, ойландыратын, толғандыратын дүние ғой. Әдебиет – ­­­ қазақ тілін үйренудің үлкен мектебі. Қазақ әдебиеті болсын, классикалық әдебиет болсын, олар қазақтың жаны мен рухы. Себебі кешегі Күлтегін, Тоныкөк бабамыздың, кемеңгер Абайдың, Шәкәрімнің, Махамбеттің, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Әбіш Кекілбайұлының шығармаларында осы қазақтың рухы жатыр деп есептеймін, – дейді Толымбек Әбдірайым.

Балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның осыдан 13 жыл бұрын 2002 жылы «Аққоянның үйшігі» деген жинағы шыққан болатын. Одан бөлек жазушының көптеген әңгімелері мен повестері, драмалық хикаяттары және ертегілері жарияланып келеді.

– Өзімнің өмірімнен 13 жылда талай дүниелер жарық көрді. Сондықтан да балалар әдебиеті жүрегіме, жаныма жақын деп есептеймін. Жақында карантин кезінде де 3-4 әңгіме жаздым. Жалпы балаларға арналған шығармада мейірім мен қайырымға адамгершіліктің негізінде құрылуы керек. Онда үлкен бір қақтығыстар пен соқтығыстар болмауы керек. Мәнді-мағыналы баланың рухын көтеретін, тәрбие мен тағылым беретін, ойландыратын, жүрегіне сәуле құятын шығармалар көп болса екен деп тілеймін, – дейді жазушы.

Онлайн кездесу барысында Толымбек Әбдірайым балаларға арнап жаңадан жазылған бірнеше әңгімесін оқып берді. Жазушыға кешегі мен бүгінгі балалық шақтың айырмашылығы туралы сауал жолдағанымызда былай жауап берді.

– Үлкен айырмашылық бар деп айта алмаймын. Қазір де біздің ауылдарымыз бар. Ауылдың балалары сол балалар, сол табиғат, сол өзен, таулар жеміс-жидек. Бір ерекшелігі қазір бүрынғыдай емес, техника, әлеуметтік желілер интернет бар, – деді жазушы.

Әңгіме барысында Толымбек Әбдірайым ұлы ақын Абайдың өлеңдерін оқып, еліктеп өлең жазған кездері туралы да айтып кетті. Онлайн кездесу кезінде сол өлеңдерінен оқып, анасының суырыпсалмалық қасиеті болғандығын баяндады.

– Жазушылық – Алланың берген сыйы. Бұл қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Ал шабытқа байланысты Тургеновтің бір сөзі бар. Ол шабыт деген жалқаулардың үйіне бармайтын бекет деп өте керемет айтып кеткен. Расында да шабытты күтіп отыру міндет емес. Бірақ оқиғалар адамға әсер береді. Өмірде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Жиіркенесіз, ренжисіз, мұңаясыз, қуанасыз - сол бір сәттерде жазғыңыз келеді. Шабыт керісінше жазу кезінде, жазу үстінде келеді. Мен оны солай түсінемін. Жазушы өз шығармасының қандай деңгейде екенін біледі. Сол үшін жазушының өзіне ұнауы керек. Әсер беруі керек. Оқырманға ой салатын, толғантатын болуы керек. Бүгінгі таңда балалар мәселелерін, балалар әдебиетін көтеру үшін көптеген әдеби конкурстар болуы керек. Бізде Алматыда «Дарабоз» деген конкурс өтті. Алматыда кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспан қолдау көрсетіп, кітаптар жарық көрді. Балаларға арналған әдеби байқаулар көп болса екен деймін. Содан кейін қаламақыны жақсы төлеу керек. Жалпы класссикалық жақсы шығармаларды қайталап оқып отыру керек. Мысал ретінде айтайын, жақында, карантин кезінде мен «Абай жолын» үшінші мәрте оқыдым. Басқа әсер алдым. Бұрынғы оқығаннан, қазіргі оқығаным басқаша. Ол деген ғажап. Кітап – адамның рухы. Кітап оқылмауы мүмкін емес. Ал әдебиеті мықты мемлекет тілге де мықты болады, – дейді балалар жазушысы.

Бүгінде бүлдіршіндер тақырыбында қалам тартқан жазушылардың саны некен-саяқ. Сөз соңында әр сөзiнiң астарында ғибрат пен тәлiм, шындық пен сыры бар балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның шығармашылығына табыс тілейміз. Қалмагер ағамыздың қаламы мұқалмай, жазары көп болсын!

Бөлісу:
(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға