«Балаларымды анасынан айырдым». Темір торға тоғытылған ер адам өкінішін айтты
Атырау облысында жыл басынан бері полицияға 3 667 тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамымыздың ең ауыр әрі күрделі мәселелерінің бірі. Оның салдары тек бір отбасының емес, тұтас ұрпақтың тағдырына ықпал етеді. Өкінішке қарай зорлық-зомбылық деректері әйелдерге қатысты жиі тіркеледі. Атырау облысында жыл басынан бері полицияға 3 667 тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама түскен. Оның ішінде 400-ден астам қайталанған құқық бұзушылық анықталып, жанжал шығарушыларға 3 143 қорғау нұсқамасы берілген.
Атырау облысының полиция департаменті қызметкерлері осындай зорлық-зомбылық әрекеті үшін сотталған адамдармен сөйлесіп, олардың өкініштерін тыңдады. Екі оқиға да өзгелерге сабақ болар ауыр мысал.
Әйелімді жақсы көрдім. Бірақ сол күні ішімдік ішіп келдім. Екеуміз қатты ұрысып, ашуға беріліп, оған қол көтердім. Осы әрекетімнің кесірінен ол қайтыс болды. Бүгінгі өмірімде мән қалмады – бәрінен айырылдым. Балаларым анасыз, менсіз өсіп жатыр. Егер сол күнге қайта оралсам, ешқашан қол көтермес едім. Қол көтермеңіздер! Ашудың салдары – қайғы мен өкініш. Қазір темір тордың ар жағында отырмын, ал балаларым ата-анасынан айырылды, – дейді жазасын өтеп жатқан ер адам.
Тағы бір сотталған ер адамның тағдыры да ұқсас.
Әйеліммен сол күні ішімдік әсерінен сөзге келіп қалдық. Ашуды жеңе алмай, оған қол көтердім. Соның салдарынан осы жерде отырмын. Балам небәрі екі жаста еді. Қазір ол ата-анамның қолында. Мен абақтыдан шыққанда, балам мектепке барады. Егер уақытты кері қайтара алсам, сол жанжалдың алдын алып, әйеліме ешқашан қол көтермес едім. Бәріне өкінемін. Баламнан кешірім сұрағым келеді. Оның алдында менің кінәм кешірілмейтіндей үлкен, – дейді ол.
2024 жылдың өзінде Атырау облысындағы Дағдарыс орталығына 104 адам жүгінген, олардың 75-і – балалар. Қолдау алу үшін 473 адам мамандардың көмегіне жүгінген, оның ішінде 351-і кеңесшілерден, 56-сы психологтардан, ал қалғандары заңгерлерден кеңес алған.