Балаларға арналған жолақы, жеңілдік пен тыйым: Астана LRT қағидалары бекітілді
Астана қаласында қалалық рельсті көлікті пайдалану қағидалары жаңартылып, тиісті қаулы қабылданды.
Құжат «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарға сәйкес әзірленген.
Қаулыға сәйкес, метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті көлік (LRT) және монорельс арқылы жолаушыларды тасымалдау тек белгіленген бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Жолаушылар көлік қызметін пайдалану үшін міндетті түрде жол жүру құжатын сатып алуы тиіс. Төлем қолма-қол немесе электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Егер жолаушы билет көрсетпесе, бақылаушы оны рейстен түсіруге құқылы.
Құжатта жолаушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалған. Атап айтқанда, әр жолаушы сапар барысында билетін сақтап жүруге және белгіленген тәртіпті қатаң ұстануға міндетті. Сонымен қатар тасымалдаушы қауіпсіздік мақсатында қол жүгін тексеруге құқылы.
Балаларға қатысты да арнайы талаптар қарастырылған. Мәселен, жолаушы 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүре алады, бірақ оған жеке орын берілмейді. Ал осы жастағы өзге балаларға билет құнының 50 пайызы мөлшерінде жеңілдік қарастырылған. Бұл үшін баланың жасын растайтын құжат ұсынылуы тиіс.
Қаулыда бірқатар шектеулер де белгіленген. Атап айтқанда, өлшемдерінің қосындысы 180 сантиметрден асатын ірі габаритті жүк, салмағы 60 килограмнан жоғары багаж, сондай-ақ ұзындығы 190 сантиметрден асатын заттарды (шаңғыдан басқа) тасымалдауға тыйым салынады.
Сондай-ақ жолаушыларға:
• пойыз толық тоқтамай тұрып платформаның шектеу сызығынан асуға;
• қозғалыс кезінде көлікке мінуге немесе түсуге;
• есік алдында тұрып, басқа жолаушылардың қозғалысына кедергі келтіруге;
• есіктерді өздігінен ашуға немесе жабылуына бөгет жасауға (тек төтенше жағдайдан басқа кезде) қатаң тыйым салынады.
Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзу, билетсіз жүру, қауіпті заттарды алып кіру және көлік мүлкін бүлдіру әрекеттері де заңмен шектеледі.
Қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелген. Құжат 2026 жылғы 12 сәуірден бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар Астана қаласында іске қосылатын жеңіл рельсті көліктің (LRT) жолақысы да белгілі болды.
Жобаға сәйкес, жеңіл рельстік көлік желісінде бір сапарға билет құны 200 теңге деп белгіленген. Төлем қолма-қол және қолма-қол ақшасыз жүргізіледі, - делінген Ашық НҚА порталында.
Айта кетейік, бұған дейін қабылданған мәслихат шешіміне сәйкес, Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын жекелеген санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте жолақы төлеуден босатылады.

