Балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту көрсеткіші өсті
Қазақстанда Балалар жылында балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 40%-дан аса көрсеткішке артты, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағартау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағартау министрлігінің дерегінше, бұған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК), психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (ППТК), оңалту орталықтары мен логопедиялық орталықтар желісін кеңейту ықпал етіп жатыр.
Былтыр орталықтарға 30 мың бала барса, биыл олардың саны 53 мыңға дейін артып отыр. Қолданыстағы ПМПК-ларды кеңейту және жаңаларын ашудың арқасында арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды арттыру мүмкін болды. Мысалы, былтыр елімізде 10 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған болатын. Енді республикадағы ППТК-ның жалпы саны 211-ге жетті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланың дамуындағы проблемаларды ерте анықтау және түзету үшін қосымша жағдайлар жасалып жатыр. Ол үшін қазір психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтарының саны артып келеді», - деп айтты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.