Жаңалықтар

Балалар әдебиетінің бүгінгі бояуы

Балалар жазушысы Жан Аманиимен сұхбат
Балалар әдебиетінің бүгінгі бояуы
31.08.2019 22:44 11289

Бүгінгі таңда балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушыларды саусақпен санап алуға болады. Олардың жүрегінен өткен шығармалары да көпшілік үшін қолжетімсіз көрінері белгілі. Неге? Ондай тілі жеңіл, балаларды ә дегеннен баулап алатын сюжеттері қызықты дүниелердің таралымның аз болуы мен тиісті деңгейде насихатталмауына байланысты өз кітапсүйер оқырмандарын таппай жүр. Оның кесірін өзіміздің бауыреті баламыз бен қаракөз кішкентай іні-қарындастарымыз татып келеді. Олар өзге тілдегі кітаптармен сусындап, бөгде елдің мультфильмдерін көруге мәжбүр. Бүгінде техниканың қарыштап дамыған заманында баланың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың өзі қиын дүние екенін мойындаймыз. Осы ретте өзінің жан қалауымен бүлдіршіндер тілінде ертегілер жазып, келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне сүбелі үлес қосуда мақсат еткен балалар жазушысы әрі психолог Жан Амании бұл көкейкесті түйткілдің шешімін тапқан секілді. Ол қандай шешім болды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында шығармалары баланың қиялын шарықтатып, ертегілер әлеміне еліктіретін жазушымен әңгімелескен болатынбыз.

Бүгінгі нарық заманында әсіресе дамыған елдерде бүлдіршіндерге арнап жазылған шығармалар коммерцияға айналып, одан көптеген авторлар мол пайдаға кенеліп жатқандар жетерлік. Олар алдымен балаларға арналған туындыларын сапалы кітап етіп басып шығарады. Ондағы оқиғаның желісімен мультфильм түсіруге кіріседі. Кейін бұл мультфильм сәтті шығып, кішкентай балғындарға ұнаса, нарықта шығарманың басты кейіпкерлерінің мүсіндері пайда болады. Сөйтіп, тек бір шығарма елдегі экономиканың маркетингтік жүйесіне айналып шыға келеді.

Фотода: Жан Амании

Ал біздің кейіпкеріміз балаларды үлкен өмірге дайындайтын ертегі кітаптарды жазып әрі оны басып шығарумен айналысу – біздің елде қымбатқа түсерін жақсы біледі. Десе де, Жан Аманииге мұндай игі іс пайда әкелмесе де, ұлтымыздың болашағы әрі ертеңі балалар үшін өз жемісін беретініне кәміл сенеді. Бастысы балалар жазушысы бүлдіршіндердің смартфондар мен гаджеттерге телмірген кезеңінде олар мейірім мен жақсылық сынды адами қасиеттерді кітап арқылы бойына сіңіргенін қалайды. Осылайша отандық кітаптармен сусындап өскен әр бала еліміздің болашағын сеніп тапсырар азамат болып өсеріне сенетіндігін айтады. Балалар әлемін сүйетін жазушы баланың көңілі мен талғамына жақын бүгінгі заманның кейіпкерлерін қосып, ертегілерге арқау етіп жүр. Сөйтіп, елдегі балаларға қуаныш сыйлап, отандық балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып келе жатқан оған бұл тақырыпта шығармалар жазуға не түрткі болған білдік.

Қазіргі балалардың ермегі түрлі смартфондар мен гаджеттер болса, біздің ермегіміз кітап болды. Содан іш пыстырмау үшін кітаптарды бірінен соң бірін оқи бастадым. Біртінден бұл әдетке айналып, оған деген құмарлығым оянды, сөйтіп ақырындап өзім де шағын әңгімелер жаза бастадым. Қаламгерлер ауылына бет бұруыма бір жағынан осы, бір жағынан перзенттерім әсер етті. Өйткені ана атанған сәттен бастап  мені  «Оларды қандай кітаптар қызықтырады?» деген сияқты сұрақтар жиі мазалайтын. Балаларыма ертегілерім ұнайтын шығар деген ой сап ете қалды. Сөйтіп, өзімнің жылдар бойы жазған шығармаларымды қайта оқып, оларды қазіргі заманның ертегісіне лайықтауды қолға алдым. Мен бұл ертегілер арқылы оларды үлкен өмірге дайындауды мақсат еттім. Өйткені өмірде түрлі жағдайлар орын алып жататынын білеміз ғой... - дейді Жан Амании.

Бала кезінен әдебиетке құштар болып өскен Жан Аманиидің балалық шақта жазған шағын әңгімелері өкінішке қарай сақталмапты. Өйткені ол сол кезде жазушылық қырына аса қатты мән бермегенін айтады.

Ертегі арқылы балаға қуаныш, айналаға мейірім сыйлағысы келетін жазушы әдебиет әлеміне үлкен жауапкершілікпен келген. Оның кез келген шығармасы баланы өмірлік қажетті дүниелерге баулиды. Мәселен, жазушы «Даниялдың ғажайып әлемі» атты алғашқы туындысында бас кейіпкер ұлы болса да, кітап елдегі барлық балаларға арналған. Себебі бұл кітапты жазу барысында ұлының ғана іс-әрекетін бейнелемей, барлық бүлдіршіндердің арман-мұраттарымен ұштастыруға тырысқан. Және бұл  балалардың ой-өрісін дамытуға үлкен үлесін қосады екен. Ал «Алуан түсті балықтар және Дария» ертегісі болса, жақсылық пен жамандықты айыруға, пайда үшін дос болу деген қасиеттерден жиренуге және адамгершілікке баулиды.

Мысалы, «Қызыл бәтеңкенің бастан кешкендері» атты ертегісі балаларды тазалыққа, ұқыптылыққа үйретіп, соңында «Өзің таза, ұқыпты болсаң, өмірің де тиянақты болады» дегендей ой салады. Жалпы мазмұнына қысқаша тоқталып кетсем, шығармада Диас атты бала бәтеңкесіне дұрыс күтім жасамауынан, иесіне өкпелеген аяқ киім үйден қашып кетеді. Жалпы, онда қызыл бәтеңкенің басынан өткізген оқиғалары баяндалады. Бұл кішкентай балаларға күнделікті өз  аяқ киіміне міндетті түрде күтім жасап тұруға ой салады, - дейді жазушы.

Сондай-ақ балалар жазушысының қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс және италиян тілінде жарық көрген әзірше соңғы шыққан  «Шымыр атты марғау» кітап балалардың қиялына қанат бітіріп, армандар орындалатындықтан оларға шектеу қоймауға үйретеді және сол үшін еңбектені керектігін ұғындырады. Бұл –  цирк жұлдызы болуды армандайтын Шымыр атты марғау туралы ертегі кітап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Заманауи мультипликациялық суреттермен әрленген  жазушының кез келген кітабы балаларды жақсылыққа, адамгершілікке, әрқашан әділетті болуға, адалдыққа шақырады және ең бастысы  оларды үлкен өмірге дайындайды.

Ертегілеріндегі кейіпкерлерді бірде теңіздің еркесіне айналған балық боп сайрататын, енді бірде бәтеңкеге жан бітіретін Жан Амании бүлдіршіндердің ішкі жан дүниесін жан-жақты түсініп және соған сай ертегілер жазуына өзінің  негізгі мамандығының психолог болғандығы көп көмектескенін айтады.

Балалардың психологиясы өте нәзік келеді. Сондықтан  кітаптардағы суреттерге  қанық түстер мен ашық-жарқын иллюстрацияларды таңдадық. Бұл  баланың психологиясын емдеп, үлкен өмірге дайындауға көмектеседі. Оған қоса кітаптарымды безендіруде балалардың ата-анасының көмегінсіз өз бетінше оқып-түсінуіне сай етіп жасауға тырыстық. Қазіргі шетелдік көптеген балалар кітаптарындағы соғыс, ұрыс-төбелес, балаларымызды ашушаңдыққа, ызақорлыққа тәрбиелеп жатыр. Өзім психолог болғандықтан, балаларға арналған кітаптарды шығаруда мамандығым көп көмектесті деп айта аламын, - дейді психолог Жан Амании.

Барша әлемге танымал Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты ертегі кітабы балалармен қоса, ересектердің психологиясына сай етіп жазылған секілді жазушы әрі психологтың да кітаптары да кез келген жастағы оқырмандарға арналады. Оның кітаптары бірнеше тілде болғандықтан тіл үйренуде де көпшілікке көп көмегін тигізіп жатқанын да тілге тиек етті. Әр кітабын белгілі бір жас ерекшелігіне сай етіп жазатын автордың «Шымыр атты марғау» және «Даниялдың ғажайып әлемі» кітаптары үш пен алты жас аралығындағы балаларға арналса, «Алуан түсті балықтар және Дария» алтыдан он төрт жасқа дейінгілерге, ал «Қызыл бәтеңкенің бастан кешкендері» кітабы мектеп жасындағы жеткіншектердің психологиясына сай етіп жазылған екен.

Менің ойымша, ертегілер мен әңгімелер оқырманның жас ерекшелігіне сай етіп жазылуы тиіс. Өйткені бес-алты жасар бүлдіршін мен он үш-он төрт жастағы баланың қабылдауы әр түрлі болады. Ең бастысы оларға қызықты болу үшін бүгінгі күннің қаһармандарын қосып жазу қажет. Өйткені олар қазіргі кезде бэтмен мен супермендерді үлгі тұтады және соларға ұқсауға тырысады. Осы орайда мынандай сауал туындайды? Неге біз ұлттық әдебиетіміздегі ел қорғаған батырларымыз бен қаһармандарымызды бүгінгі заманға лайықтап, балаға қызықты етіп жазбасқа? Себебі ертегіні оқыған баланың қиялы мен ой-өрісі және сөздік қоры дамиды, - дейді балалар жазушысы.

Балалар әдебиетіне бет бұрмас бұрын психолог болып қызмет еткен Жан Амании  бүгінгі күннің балалары шағын әңгімелерді оқуға асық екенін айтады. Өйткені олардың басым бөлігінің бұрынғы жеткіншектер секілді таңнан кешке дейін  көлемді  романдарды оқуға зауқы жоқ екені рас. Ал әсіресе кішкентай оқырмандарды ішіндегі мәтінінен бұрын суреттері қызықтырады емес пе? Сондықтан оларға арнап кітаптар шығарар кезде жазушы ішіндегі иллюстрацияларға аса үлкен мән береді. Жан Аманиидің пікірінше, егер кітап мазмұны мен иллюстрациялық суреттер бір-бірімен үйлесіп тұрса, онда ол кез келген бүлдіршіннің қызығушылығын оятады.

Иә, расымен де, ашық түсті суреттермен безендірілген кітап кішкентай оқырманын да бей-жай қалдырмайды.  Шығармалары қысқа болғанымен мағыналы етіп жазуды мақсат еткен Жан Амании «егер суреттері әдемі әрі анық болса, онда оқырман-бала әрі қарай мәтінді де оқи бастайды» дейді. Сондықтан бала тілін тез түсінетін әрі кітаптарында артық сөз пайдаланбайтын жазушы кітап шығарарда баланың сұранысы мен талабын әрқашан ескеріп отырады.

Көп уақытын компьютер алдында өткізетін бүгінгі балаларды мүлдем кітап оқымайды деп жазғыруға болмайды. Керісінше оларды кітапқа жетелеп біз апаруымыз қажет. Осы орайда менің кітаптарыымның сәтті шығып,  көптеген балалардың қызығушылығын оятуға еңбегі сіңген  біраз кәсіби мамандардың атқарған жұмысын айта кету қажет. Мәселен, қостілді филолог, талай құнды кітаптарды басып  шығаруға жетекшілік етіп, редакторлық қызметін ұсынған Қалдыгүл Жаныбаева, қазақстандық керемет суретші Ассол Сас секілді достарыма алғысым зор. Және Қазақстандық өте талантты суретші, юллюстратор Айгүл Хакімжанова үш кітабымды әрлеуге аянбай тер төккен болатын.  Олар осы уақытқа дейін шығып келе жатқан кітаптарыма үлкен жауапкершілікпен қарап, атсалысып жатыр,  - дейді Жан Амании.

Ертегілерінде қазақи бояу мен ұлттық рең беруді ұмытпайтын автордың кітаптары арқылы өзге елдің кішкентай оқырмандары Қазақстанмен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Ал ең бастысы еліміздегі балалар өзінің Отанында басылып шыққан кітаптарды оқи отырып, өз менталитетіне сай шығарма кейіпкерлерімен сусындайды.

Жоғарыда айтқанымдай, кітаптарды суретпен әрлеген де өз қазағымыз, өзіміздің талантты сретшілеріміз. Алғаш рет кітаптарым Мәскеуде сатылғанда ресейлік мамандар біздің кітаптың иллюстрациясына, қағаз сапасына қарап «Қазақстанда да осындай сапалы кітаптар шығады екен ғой!» деп таң қалды. Көрдіңіз бе, бізде қандай мықты мамандар бар?! Осылайша, біз өзімізді өзіміз отандық өніммен қамтамасыз етуімізге толық мүмкіндігіміз бар, - дейді Жан Амании.

Әдебиетке деген махаббат болуымен қатар балалар жазушысы балғындардың психологиясын жақсы меңгермесе, онда кішкентай оқырмандарға арналған жауһар дүниелер де  жаза алмайтыны белгілі. Ең бірінші жазылған ертегілерінің оқырмандары өзінің балалары екенін айтқан жазушы әрі психолог көпшілікке рухани байлық сыйлайтын кітап тек ойы таза адамдарды жақсы көретінің айтады.

– Бұл нәрсені сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы уақытқа дейін бір нәрсені түсіндім, кітап – ниеті, ойы таза адамды жақсы көреді екен. Сондықтан бұл кітап жазуға, шығаруға таза ниетпен келмесеңіз, екіжүзді, пайдакүнем пиғылмен балалар әдебиетінде, жалпы шығармашылықта жақсы дүние шықпайды. Менің мұндағы мақсатым – пайда көріп қалайын деген ой емес. Балалар әдебиеті Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда қатты ақсап жатқанын көрдім. Артымнан бір игі іс қалдырып, балаларды адамгершілікке баулып, салауатты, сауатты қоғам қалыптасуына атсалысқым келді. Шабытты өмірден аламын. Кейде  менің ішкі жан дүнием  кішкентай баланікіне ұқсайтын секілді. Мына әлемге баланың көзқарасымен қараймын, - дейді Жан Амании.

Бір қызығы балалар тақырыбында жазатын жазушының ертегілері қазақ, орыс тілдерінен бөлек  әлемнің бірнеше тілдерінде басылып шығады. Атап айтсақ,ағылшын, итальян, француз, араб, қытай тілдеріне тәржімаланған. Осы орайда біз автордан дүниежүзіндегі балаларға арнап қалам тербеуді мақсат ете ме екендігін білген болатынбыз.

 – Менің ойымша, көптің жүрегінен орын алған ертегілерді оқу кезінде тілдік барьер балаларға ешқандай кедергі келтірмейді. Негізінен бірнеше тілге аудару ісін қолға алудың себебі де баршылық. Біріншіден, елдегі Нұр-Сұлтан, Алматы сынды ірі мегаполистік қалаларда көптеген өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешіп жатқандығы белгілі. Тіпті  біздің елге қыруар ақша салып жатқан үлкен компаниялардың инвесторлары мұнда өз бала-шағасымен көшіп келіп, қызмет етіп жатқаны белгілі. Содан олардың өз балаларына қызықты кітаптар іздейтінін көрдім. Екіншіден, әлемнің түкпір-түкпірінде қаншама қазақтар мекен етіп жатыр. Олардың да қазақ ертегілерімен сусындап өскенін қаладым. Осыдан кейін жазғандарымды барынша көп тілге тәржімалау керек екенін түсіндім, - дейді балалар жазушысы. 

Ал көптеген ұлттардың кітапсүйер қауымына жол тартқан ертегілерді шет тілдеріне аударумен әдебиет пен ғылымға жақын қазақстандықтар кәсіби аудармашылар айналысқан екен. Бірнеше тілді жетік меңгерген Жан Амании ең бірінші ертегілерін орыс тілінде жазатындығын айтады.

– Содан оны алдымен білікті тіл маманымен бірге қазақ тіліне аударамыз. Аударманың барлық процестеріне  басынан аяғына дейін өзім  атсалысамын. Кейде бір сөздің өзі бірнеше күн пікірталас тудырып жататын кездер де болып тұрады. Бастысы шығарманың тілі жатық болу принципін ұстанамын. Калька аудармаға жол бермес үшін бұған асқан жауапкершілікпен қараймыз. Әрбір кітап өзімнің ішімнен шыққан балам сияқты... Сондықтан оның мінсіз, сапалы болып шығуы үшін бар күшімді саламын. Алғаш рет  «Даниялдың ғажайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария» кітаптарымды қазақ, орыс, ағылшын тілінде аудионұсқасымен бірге шығардым. Аудионұсқасына да арнайы композиторға тапсырыс беріп, музыка жаздырдық. Қазақстанда мемлекеттің көмегінсіз кітап шығару қандай қиын болса, оны сапалы етіп шығару одан мың есе ауыр еңбек. Сонда да мойымай тер төгіп келемін, - дейді балғындардың психологиясын жақсы түсінетін жазушы.

Ал автордың «Шымыр атты марғау» ертегісі қазақ, орыс, ағылшын, италиян, француз, неміс тілдерінде жарық көрсе, «Қызық бәтеңкенің бастан кешкендері» атты кітабы қазақ, орыс, ағылшын, поляк, итальян және испан тілдерінде баспаханадан басылып шыққан екен. Осылайша балалар жазушысы әрі психолог қазіргі кезде  балаларды қызықтыру мақсатында заман талабына сай кітаптарды шығарып отыруды мақсат етеді.

Бүгінгі заманда кез келген жастағы кітапсүйер оқырман ертегілерді көптеп оқитын болса, онда қиял-ғажайып әлеміне саяхаттағысы келетіні анық. Бала жасынан бүлдіршіндер қызыға оқитын ертегілер  жас ерекшелігіне сай болғаны абзал. Мысалы, бір мен үш жас аралығындағы сәбилер айналасындағы заттар мен ойыншықтар және жан-жануарлар әлемі жайында білуге құмар келеді. Ал үш пен он жас аралығындағы оқырман-балалар ерлік, қаһармандық, достық, сұлулық, батырлық тақырыбындағы ертегілерді ерекше ынтамен оқып тауысады. Осылайша олар сол ертегілерден өздерін және айналасындағы өмірді іздейтінін айта кетейік. Ал сол өмірді бүлдіршіндер шетелдік жазушылардың қолынан шыққан шығармалардан емес, қазақстандық қаламгерлердің туындыларынан оқығаны, танысқаны жөн емес пе?

– Қазіргі кезде балаларды қызықтыратын түрлі гаджеттер мен смартфондар, компьютерлермен түрлі  технологиялар жетерлік. Олардың көбісі бір жасқа толмастан сол  техникалардың құлағында ойнайды. Қайдан және  не іздеуін әрі  оны қалай қолдану керектігін жатқа біліп алған. Сондықтан балаларымыз таңнан кешке дейін телефонға телміріп, зомбиға айналып кетпес үшін оларға өзіміз үлгі болуымыз керек. Оларды бұл дүниелер аса қатты қызықтырады екен деп оларды бетімен жіберуіне де жол бермеу керек. Кітап оқымаған адам басқаларға жем болатынын бәріміз білеміз. Жастайынан әдебиетпен сусындап өскен әрі дүниетанымы кеңейген баланың үлкен өмірдегі сынақтарға сүрінбей, өз құқығын біліп, өз жауапкершілігін сезініп жетілетіні рас. Сөйтіп, дені сау қоғам қалыптасуына себепкер болады, - дейді Жан Амании.

Елдегі әр бала келешекте білімді болып өсуі үшін ең алдымен оның санасына ертегі арқылы әсер етуді ту еткен Жан Амании әдебиеттегі ең қиын жанр фантастикалық дүниелерді жазу оған керісінше оңайырақ болып келетінін айтады. Психологияның қыр-сырын жетік меңгерген ол  балалар әдебиетіне туған жер, Қазақстан, Отан тақырыбында  көбірек қалам тербеп, сол дүниелерді көбірек ұсыну керектігін айтады. Осындай бағыттағы шығармалар арқылы оқырман-бүлдіршіндер туған елі туралы көп біліп, тіпті кейін шетелге қыдыруға не болмаса  оқуға барған кездерде міндетті түрде Қазақстан жайында айтып, мақтануға сүбелі үлес қосады дейді автор.

– Сол себепті біз өзіміздің менталитетімізге сай қазақстандық кітаптарды көбірек шығаруды қолға алғанымыз жөн. Осылайша балалар кітаптарында өзімізге таныс есімдерден бастап, таныс дүниелер болуы керек. Дүкен сөрелерінде көбіне шетелдік авторлардан көз сүрінеді. Әйтеуір бір бұрыштан қазақстандық реңкпен балаларға арнап жазылған кітаптарды әрең табасыз. Оның өзінде кейбірі қателерге толы болып шығады. Кітап шығаруға атүсті қарайды. Жан дүниенің айнасы болып табылатын бізге заманауи кітаптар да ауадай қажет екенін айтқым келеді. Және қазіргі  кезде олардың сыртқы мұқабасы мен ішіндегі иллюстрациясына да аса мән беру керек. Ол сапалы әрі балаларды өзіне тарта білу сиқырына ие болуы тиіс. Осы орайда бір айта кетерлігі, әр ата-ана өз баласына кітап сатып алып берместен бұрын оның ішіндегі не туралы баяндалатынын бір шолып шықса нұр үстіне нұр болушы еді. Өйткені ата-аналар сыртқы мұқабасындағы қызықты суреттеріне қызығып сатып алған кітаптардың ішінде негізінен өзге елдің тарихы мен олардың мәдениеті айтылса, онда балғындар өз туған жерінің мақсат-аңсарын қалай білмек? Оған қоса, байқасаңыз, балаларға арналған ертегілердің көпшілігі «мақсат-мұратына жетіп, ұзақ ғұмыр кешіпті» деп тәмамдалады ғой... Яғни балғын кітапты тауысқанда бойына өзге елдің арманын сіңірсе, бұл жерде кімнің ұтылып, кімнің ұтқанын бағамдай беріңіз... - дейді автор.

Балалар жазушысы болғандықтан Жан Амании шетелдік бүлдіршіндерге арналған шығармалармен ұдайы танысып тұратындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, өзге елдер де өз елдері жайында  шығармаларында бар жақсыны жазып және мақтап отыруды ту еткен. Ал мұны оқып өскен бүлдіршіннің туған елге деген махаббаты сөзсіз оянады екені рас.

Оған қоса жазушы балалардың кітап оқуға құлшынысын арттыруға үлесін қосатын өз құпиясын бөліскен болатын.

– Психолог ретінде айтсам, балалар біздің айтқанымызды тыңдамайды. Олар бізден тек  үлгі алады. Сондықтан балаларымызды кітап оқуға баулу үшін өзімізде де сондай дағды, әдет қалыптасуы қажет. Күніне кем дегенде 15 минутыңызды кітап оқуға арнаңыз. Балаларға қандай шығарма керектігіне бас ауыртпастан бұрын осы мәселені шешіп алайық. Баланың көзінше телефонға телміріп, компьютерден бас алмай әлеуметтік желі және тағы да басқа интернет қызықтарына кіріп кетуді доғарған жөн. Алайда мен бұл арқылы интернетке мүлдем тыйым салып тұрған жоқпын. Дегенмен әр нәрсенің өзінің шегі болады. Мәселен, кез келген телефонда қай әлеуметтік желіде қанша сағат отырғаныңыз туралы ақпарат беретін арнайы функция бар. Соны ашып қарасаңыз, күніне әр әлеуметтік желіде сағаттап отырғаныңызды байқай аласыз. Өмірдің қамшының сабындай қысқалығын ескерсек, сіздің қаншама уақытыңыз босқа кетіп жатқанын байқауға болады. Сондықтан «Мына баламның сұрайтыны телефон, телефоннан бас алмайды» дегеніңізде, негізінде сол балаңызға үлгі көрсетіп отырған өзіңіз екеніңізді ұмытпағайсыз, - дейді Жан Амании.

Осылай деген автор егер бала көп уақытын смартфондар мен түрлі гаджеттерге телміріп өткізетін болса, онда үйге оған ешкім көңіл бөліп жатпағанын алға тартады. Сондықтан үйдегі әр ата-ана мен үлкендер балғынға барынша көңіл бөліп, оған түрлі кітаптарды оқып беруді де әдетке айналдырған жөн. Ал балалар жазушысы әрі психолог өз перзенттерімен бірге екі аптада бір мәрте кітаптар дүкеніне барып, түрлі қызықты шығармалар сатып алып тұрады екен.

–Үш ұлым да бала кезінен білімге, кітап оқуға құштар болды. Тіпті бастауышта оқитын  кенже ұлым Даниял кітапты өте жақсы көреді. Туған-туыстарым да оның кітапты қатты ұнататынынан хабардар. Сол себепті туған күн және тағы басқа атаулы күндерде Даниялға кітап сыйлауға тырысады. Оған Даниял қатты мәз болады. Ойыншықтардан, телефоннан гөрі оған кітап аса қатты қызығырақ. Балаларыма Гарри Поттердің осы уақытқа дейін шыққан 7 романының барлығы да ұнайды. Соған қарағанда фантастикалық жанрды жанжары сүйетін болуы керек, - дейді Жан Амании.

Балалар жазушысы болу оңай шаруа емес екені рас. Тіпті елімізде кітап саудасына байланысты қиындықтар да бар. Бірақ та Жан Аманиидің пікірінше, қолына қалам алып, ертегілер жазуға тас-түйін бекінген авторға кітап саудасының дамып не дамымағаны еш кедергі бола алмайды. Шығармашылықты жанына серік еткен кез келген автор бұл қиыншылықты еңсерудің жолын қарастырып, тығырықтан  шығуды мақсат етуі керек дейді. «Егер де біз өзіміз әрекет жасамасақ, онда шетелден әлдекімдер келіп, елдегі кітап саудасын бір жолға қойып бермейді емес пе?» дейді балалар жазушысы.

Ал кітаптың  мазмұны сапалы дүние болғанымен, кішкентай оқырманын қызықтыруға бұл аздық етеді. Өйткені оған түрлі иллюстрациялық суреттермен көмкеретін жекелеген суретшілер жалдап, кітап шығару қыруар қаржыны және мол күш-қайратты қажет ететін дүние. Ал Жан Аманиидің кітаптарының арзан бағаға жарыққа шықпағанын оның көркем безендірілуінен, қағаздарының сапасынан және бояуынан бағамдаған едік. Тіпті мұндай ертегі-кітаптарын баспадан шығарарда редакторлар, аудармашылар, дизайнер, суретші, дубляж бен дыбыс режиссерлері, көркемдік редакторларды қосқанда барлығы 20 шақты кәсіби мамандар атсалысқан екен. Ал бұл өз кезегінде кітаптын өте сапалы болып жарыққа шығуына септігін тигізетіні белгілі. Соған орай миллиондаған оқырман-бүлдіршіндерге көздің жауын алар қызықты ертегі кітаптарды әзірлеп шығарарда қандай проблемалармен жиі ұшырасатынын және оларды қалай еңсеретінін өзінен сұрап білген едік.

– Дұрыс айтасыз, бүлдіршіндерге арнап кітап шығаруда түрлі қиындықтар болады. Осы орайда бір айта кетерлігім, оларға арналған шығармаларды арзан бағаға басып шығаруға болмайды. Десе де оларды қымбатқа шығарғанымен, осы кітапты қолына алған балғынның шаттығы мен қуанышы ешқандай да ақшаның орнын алмастыра алмайды емес пе? Қазіргі нарық кезеңінде шығармашылық еңбекті белгілі бір тауар ретінде бағалауды жөн  санайтындар баршылық. Бәлкім, олардың ойы дұрыс та шығар... Алайда мен ең бастысы кітаптар жазып, шығармашылықпен айналысу рухани ләззат сыйлауы тиіс деп санаймын, - дейді психолог.

Ертегілер әлемі кез келген жастағы оқырманның жан дүниесін баурап алатын, қиялымызға қанат бітіретін кітаптарды сағаттап оқитынымыз белгілі. Осы орайда Жан Аманиидің де қалам тербеген шығармалары өз оқырманын сонау бір қиырларға жетелеп, айналасына мейірім шуағын  төгіп, жылылыққа баурап жатады. Ал қаламгер болса, бүгінгі күнге мұндай дүниелерді жарыққа шығарумен әрі қазақстандық балалар кітабының дамуына мемлекеттен бір тиын алмай, өз күшімен және достарының көмегімен  айналысып келе жатқанын айтты.

– Бала тіліне сай етіп түрлі ертегілерді өзім жазуын жазамын... Дегенмен де жоғарыда өзіңіз айтып өткендей балаларды қызықтыратындай суреті, иллюстрациясы болуы тиіс. Оған суретші іздейсің, оның бәрі кейде  көңілден шыға бермейді. Осының бәрін жүгіріп жүріп, үлкен еңбекпен кітапты басып шығарғаннан кейін, дүкен сөрелерінде орналастырудың ай сайынғы төлемі де аз ақша тұрмайды. Айтпақшы, суретін, бояуын және тағы басқа нормаларға сай не сай еместігін тексеретін сертификаттау мекемесінің қызметі де бізде тегін емес екенін айта кетейік. Қазіргі таңда  қазақстандық балалар кітабының тым қат екенін ескере келе, мемлекет тарапынан бізге қолдау шаралары болса деген ниетім бар, - дейді балалар жазушысы Жан Амании.

Балалар жазушысының алдағы жоспарларымен де бөлісуін сұраған едік. Жақында «Даниялдың ғажайып әлемі» атты ертегі кітабының екінші бөлімін шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде соның дайындығымен жүрген бүлдіршіндерге арналған кітаптардың авторы жұмысы мұнымен тоқтамайды.

– Қазіргі таңда үш кітапты басып шығаруға дайындау үстіндеміз. «Аспантау» баспаханасымен бірге жұмыс істеп жатырмын. «Оқжетпес» атты қазақы тазы ит туралы балаларға арналған ертегі кітабым қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш бөлек кітап болып басылмақшы. Содан кейін Өзбекстан елімен  келіссөздер жүргізіп келдік. Ол жақта қазақ, орыс, өзбек тілінде балаларға арналған кітаптарымды басуға уағдаластық. Жалпы бұл жоспарымыз жарты жылдың ішінде орындалып қалады деп отырмыз, - дейді Жан Амании.

Осылайша өз жоспарларымен бөліскен балалар жазушысы болашақта «Даниалдың ғажайып әлемі» атты ертегісінің желісі негізінде бүлдіршіндерге мультфильм түсуді армандайды. Жалпы осы бағытта тасада қалып жатқан қазақ ертегілерінің көптеген кейіпкерлерінің басын құрап, заман сынынан сүрінбей бүгінгі күнге жеткен ертегілер бойынша да мультфильм және фантазия жанрында фильмдер түсіріп, келешек ұрпақты өз Отанын сүйетін ұлтжанды етіп тәрбиелеуге өзінің сүбелі үлесуін қосуды қалайды. Осылайша болашақта осы бағытта аянбай тер төгіп, ықылым заманнан жеткен ата-бабаларымыздың бай мұрасын төрткүл дүниеге паш еткісі келеді. Біз тек балалар әлемін жан тәнімен сүйетін Жан Аманииге алға қойған ой-армандарының орындалуын тілейміз.

(Суреттер Жан Аманиидің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға