Мектепке дейінгі жаста ойын – баланың негізгі іс-әрекеті, өмірінің нәрі және табиғи өсіп-жетілуінің алғышарты. Бұл кезеңде балалар көбіне қимыл-қозғалыс ойындары мен қызықты рөлдік ойындарды ұнатады. Мысалы, жасырынбақ, бірін-бірі қуу ойындары, жұмбақ шешу, құммен ойнау, қуыршақтар мен көліктер секілді ойыншықтармен сюжет құрып ойнау – 3-6 жастағы сәбилер үшін қалыпты құбылыс.
Осындай дәстүрлі ойындар арқылы бала айналасындағы дүниені танып, тілін дамытады, қозғалыс координациясын жетілдіріп, басқа балалармен қарым-қатынас жасауға бейімделеді.
Дегенмен, қазіргі кезде мектепке дейінгі көп балалардың өзі гаджеттермен танысып үлгеріп жатыр. Ата-аналар сәбилерді алдандыру үшін телефон не планшет беріп қоятын жағдай жиі кездеседі.
Зерттеулер көрсеткендей, кемінде балалардың үштен бірі өмірінің алғашқы жылдарынан гаджет қолдана бастайды. Нәтижесінде бірнеше айлық нәрестеден 6-8 жасқа дейінгі балдырғандар тірі қарым-қатынас пен дәстүрлі ойынның орнын экран алдында өткізумен алмастырады. Мұның салдары ретінде мектепке дейінгі жастағы балаларда сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуі секілді мәселелер туындауы мүмкін.
Психолог мамандар ерте жастан виртуалды әлемге ену баланың жеке тұлғалық дамуын тежеуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан бұл жастағы балалардың ойынына ересектердің белсенді қатысуы және шектеулі экран уақытын қамтамасыз ету өте маңызды.
Бастауыш мектеп жасындағы ойындар (7-10 жас)
Бұл жас аралығында балалардың ойыны біршама күрделене түседі. 7-10 жастағы бастауыш сынып оқушыларының қозғалысы артып, ұжымдық ойындарға қызығушылығы пайда болады. Мысалы, далада доп тебу, командалық эстафеталық ойындар сияқты белсенді ойындар мектеп оқушылары арасында кең тараған. Ата-аналары мүмкіндік жасаса, бұл жастағы балалар аулада бірге жиналып ойнағанды ұнатады, әсіресе доп ойнап, жүгіреді. Десе де, қазіргі қала баласының бос уақыты шектеулі болуы мүмкін: сабақ, үйірме, қосымша секциялар баланың ойынға бөлетін уақытын азайта түскен.
7-10 жаста цифрлық ойындар да балалар өміріне белсенді ене бастады. Көптеген бастауыш сынып оқушыларының қолында смартфон пайда болып, олар Roblox, Minecraft, Brawl Stars сынды қарапайым әрі қызықты ойындарды өздері-ақ тауып ойнай береді.
2023 жылғы зерттеу деректері бойынша, Қазақстанда 6-17 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы смартфонды күн сайын пайдаланатыны анықталған.
Ал 10-12 жастағы балалардың жартысынан астамы күніне 3 сағаттан артық уақытын телефон экранымен өткізеді. Бұл көрсеткіш аталған жастағы өскелең ұрпақтың әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарға қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді. Яғни, бастауыш мектеп кезеңінде балалардың бір бөлігі дәстүрлі ойыннан гөрі цифрлық ойындарға көбірек еліктей бастайды. Мұны ата-аналар мен мұғалімдер ескеріп, балалардың уақытын тиімді әрі балансты пайдалануына көңіл бөлгені жөн.
Орта буындағы балалар ойындары (11-13 жас)
11-13 жас аралығы – балалық шақтан жасөспірімдікке өтер кезең. Бұл жастағы жеткіншектердің ойыны мен қызығушылығы күрделеніп, кейбіреуі ересектер тәрізді хоббилерге көшеді. Дегенмен көптеген орта буын оқушылар әлі де балаға тән ойындарды ойнайды. Мысалы, үстел ойындары (монополия, шахмат секілді) немесе спорттық ойындар (футбол, баскетбол) 11-13 жастағы балалар арасында танымал. Әсіресе, ауылдық жерлерде осы жастағы балалар бос уақытында топталып доп қуу, асық ату сияқты ойындарды жалғастыра береді.
Ал қаладағы 11-13 жастағы балалардың ойын үлгісі өзгешелеу болуы мүмкін. Қаланың инфрақұрылымы шектеулі болғандықтан, жеткіншектер көбіне үйде отырып, гаджет арқылы көңіл көтереді. Әлеуметтік желілер, бейнеойындар, YouTube-тағы ойын видеолары – қала баласының басты ермегіне айналып кеткен.
Мәселен, 2022-2023 жылдары қазақстандық балалар мобильді құрылғыларда ең көп уақыт өткізген қосымшалардың көшін YouTube бастап (жалпы қолдану уақытының 33 пайызы), одан кейін WhatsApp (19 пайыз) пен TikTok (18 пайыз) орналасқан. Топ-10 танымал мобильді платформалар қатарында ойын қосымшаларынан Roblox (9 пайыз), Brawl Stars (3 пайыз) және Standoff (2 пайыз) та бар екені тіркелген. Бұл деректер үлкендердің бақылауынсыз, қала баласының бос уақыты көбіне экран алдында өтіп жатқанын аңғартады.
Дегенмен, дұрыс ұйымдастырылса, осы жастағы балалар да спорттық секциялар мен аула ойындарына белсенді қатыса алады.
Қала мен ауыл балаларының ойын ерекшеліктері қандай?
Елімізде қала мен ауыл өмір салтының айырмашылығы бала ойынынан айқын байқалады. Ауыл балалары әлі күнге дейін кең далада емін-еркін ойнап өсу мүмкіндігіне ие. Мәселен, ауылда тұратын балалар күнұзаққа алаңсыз далада доп теуіп, асық атып, кеш батқанша асықпай ойнауға бейім. Табиғи орта, кең ашық кеңістік және көршілес балалардың бір-біріне жақын тұруы ауылдық жердегі ойын мәдениетін сақтап отыр.
Керісінше, қала балалары үшін бұлай еркін көше кезіп ойнау оңай емес – автокөліктер ағылып жатқан көшелер мен қауіпсіз ойын алаңының аздығы қала баласының асық ойнап, асыр салуына кедергі келтіреді. Қалалық ортадағы балалар көбіне үйде қамалып, электронды құрылғыларға үңіліп отыруды құп көретіні айтылып жүр.
«Бүгінгінің баласы асық ойнамайды, асыр салып далада жүрмейді. Қазіргі балалар компьютерге телміріп, ғаламторға шырмалып, үйде отырғанды тәуір көреді», - деп жазады басылымдар.
Расында, қаладағы көп балалар үшін ойынның басты құралдары – смартфон, компьютер және теледидар болып тұр.
Дегенмен соңғы жылдары қала мен ауыл ойын үрдістері бір-біріне жақындай бастады. Интернеттің таралуы ауыл балаларының да гаджетке әуестенуіне жол ашса, қаладағы кейбір мектептер мен үйірмелер, керісінше ұлттық ойындарды жаңғыртып, балаларды дала ойындарына баулуда. Мысалы, Ақтөбе облысында мектептерде асық ату ұлттық ойыны үйірме ретінде өткізілуде.
Жаттықтырушылардың айтуынша, ауыл балалары асық ойнауды табиғи үйренсе, қала балалары мұны көбіне білмейді – оларға бұл ойынды әже-аталары ғана айтып үйретуі мүмкін. Сол себепті кейбір мектептер дене шынықтыру сабағына асық ату элементтерін енгізіп, оқушыларды қызықтырып жүр. Ұйымдастырылған секцияларға қатысу арқылы қалалық балалар да асық иіру, көздеп ату сияқты дәстүрлі мергендік дағдыларды меңгеруде.
Дәстүрлі және цифрлық ойындардың тепе-теңдігін сақтау қажет
Мектеп спорт залында оқушылар ұлттық асық ату ойынын ойнап үйренуде. Мұндай дәстүрлі ойындар балалардың мергендік, ептілік қасиеттерін дамытады.
Қазақстандық балалардың ойын кеңістігінде дәстүрлі және заманауи цифрлық ойындар қатар өмір сүруде. Дәстүрлі ойындар – ертеден келе жатқан ұлттық және аула ойындарының жиынтығы. Бұған жоғарыда айтылған асық ату, жаяу жарыс, ақсерек-көксерек, соқыртеке, тағы басқа ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ойын түрлері кіреді. Дәстүрлі ойындар баланың физикалық дамуына, ептілік пен шапшаңдыққа, ұжымшылдыққа баулитыны мәлім. Асық ойындары, мысалы, дәлдік пен мергендікті жетілдіреді, қозғалыс координациясын қалыптастырады. Қазақтың ұлттық ойындары тек спорттық жаттығу емес, сонымен бірге халқымыздың мәдени мұрасы ретінде баланың патриоттық сезімін оятады.
Мектепке дейінгі мекемелер мен мектептердің тәрбие жұмысында ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары маңызды орын алған. 2023 жылы Қазақстан мектептерінде бір мезетте миллионнан астам оқушыны қамтыған ұлттық ойындар челленджі өтіп, «Бес табан», «Бес асық» сынды ойындар ойналды. Мұның мақсаты – өскелең ұрпақтың дәстүрлі ойындарға қызығушылығын арттырып, рухани және дене тәрбиесін нығайту еді.
Цифрлық ойындар, яғни компьютер, консоль немесе мобильді телефон арқылы ойналатын видеоойындар, соңғы онжылдықта балалар арасында шексіз танымалдылыққа жетті. Қазір қалалық жерде ғана емес, ауылдық аймақтарда да интернет пен смартфондардың қолжетімділігі арқасында балалар цифрлық ойындармен ерте жастан танысады. 8-13 жастағы қазақстандық жеткіншектер арасында Free Fire, PUBG Mobile, Roblox, Minecraft секілді ойындар кең тарағаны байқалады. Мысалы, 2020 жылдары қарапайым телефонмен ойнай беретін Garena Free Fire атты атыс-шабыс ойыны қазақтілді балалар арасында аса танымал болып, тіпті «қазақтың халықтық ойынына» айналды деп сипатталған еді. Бұл ойынның бүкіл ТМД бойынша кең таралуына оның мобильді құрылғыларда оңай жұмыс істеуі және пандемия кезіндегі шектеулер әсер етті. Бүгінде де Қазақстанда балаларға арналған контенттің едәуір бөлігі осындай видеоойын төңірегінде қалыптасқан: YouTube желісінде ойын видеоларын қазақша түсіретін блогерлер миллиондаған балаларды өзіне тартады. Цифрлық ойындардың тартымдылығы жоғары болғанымен, дәстүрлі ойындармен салыстырғанда олардың бала денсаулығы мен мінез-құлқына әсері күрделірек.
Зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда 10-12 жастағы балалардың 50 пайыздан астамы күн сайын 3 сағаттан аса экран алдында ойнайды. Тиісінше, гаджеттерге шектен тыс әуестік денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін деп ескертіледі.
Дәстүрлі және цифрлық ойындардың арасалмағын дұрыс сақтау – қазіргі таңда ата-ана мен ұстаздар қауымы үшін өзекті мәселе. Бір жағынан, ұлттық ойындар мен ашық алаңдағы қозғалыс балаға ауадай қажет: олар денесін шынықтырып, шынайы әлеуметтік байланыс орнатуға көмектеседі. Екінші жағынан, заман ағымынан балаларды тыс қалдыра алмаймыз – цифрлық сауаттылық пен технологияны меңгеру де маңызды. Сондықтан бүгінгі бала әрі далада ойнап, әрі заманауи технологияны пайдалы бағытта қолдануды қатар үйренуі тиіс. Мысалы, күндіз аулада достарымен футбол ойнаса, кешке шамалы уақыт Minecraft-тың шығармашылық режимінде ойнап, қиялын дамытуға болады. Ең бастысы – ойын түрлерінің баланың жас ерекшілігі мен қажетті дағдыларына сай теңгерімді үйлесуі.
Ойынның бала психикасы мен әлеуметтік дағдыларына әсері
Кез келген бала ойын арқылы қоғам тәжірибесін меңгеріп, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ғалымдар мен педагогтар пікірінше, ойын баланың тілін дамытып, қимыл-қозғалысын жетілдіреді, белсенділігін арттырады. Ойын барысындағы қарым-қатынас арқылы бала айналасындағы адамдармен тіл табысуды, құрдастарымен ынтымақтаса білуді үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, ойнаған бала өсіп, жетілуге қажетті машығын алады. Мәселен, мектепке дейінгі балалар қарапайым қуыршақ театрын ойнау арқылы сөйлеу қабілетін шыңдап, сөздік қорын молайта алады. Ал командалық қозғалмалы ойындар бастауыш жаста баланы тәртіпке, ережені сақтауға, өзгелермен бірігіп әрекет етуге үйретеді. Осылайша, дұрыс ұйымдасқан ойын баланың әрі психологиялық, әрі әлеуметтік дамуына оң әсер береді.
Алайда бүгінгі қоғамда балалардың ойынға жеткілікті уақыт бөлмеуі немесе ойын түрінің өзгеруі кейбір кері әсерлерге ұшыратуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемі 6-9 жас аралығындағы балалар күн сайын 3-4 сағат белсенді қимыл-қозғалыс ойындарымен шұғылдануы керек деп ұсынады. Өкінішке қарай, Қазақстандағы жағдай бұл нормадан алыс: бір дерек бойынша, елімізде өскелең ұрпақтың 70 пайызынан астамының далада белсенді ойнау уақыты күніне бір сағатқа да жетпейді. Осының кесірінен балалар арасында семіздік, көру қабілетінің нашарлауы, ұяңдық пен тіл байлығының төмендігі сияқты мәселелер көбейіп барады. Мамандар мұны баланың аз қимылдап, аз ойнауынан, уақытын көбіне гаджетке телмірумен өткізуінен көреді. Шынында, «бүгінгінің баласының ойыны бұрынғыға ұқсамайды» деп алаңдайды үлкендер, компьютер мен смартфонға тәуелді баланың ой-өрісі тарылып, шынайы өмірдегі қарым-қатынастан қашқақтайтыны байқалады.
Әсіресе цифрлық ойындардың бала психикасына әсері туралы қарама-қайшы пікірлер көп. Бір жағынан, видеоойындар баланың зейін қойып, шапшаң шешім қабылдау қабілетін арттыруы мүмкін, кейбір стратегия ойындары логикалық ойлауын дамытады деп айтылып жүр. Екінші жағынан, шектен тыс ойынға берілген балада мінез-құлық және эмоциялық тұрақтылық проблемалары туындауы ықтимал.
Психологтардың айтуынша, ұзақ уақыт виртуалды ойын кеңістігінде болу шынайы өмір мен ойын әлемінің шегін бұлыңғырлап жібереді. Мысалы, экранға тәуелді болып қалған жас бала шынайы адамдармен сөйлесуден гөрі ойын ішіндегі кейіпкерлермен уақыт өткізуге бейімделіп алады.
Қазақстандық дәрігерлердің мәліметінше, 2023 жылы елімізде 36 мыңға жуық баланың ойынқұмарлық (гаджетке тәуелділік) белгілері байқалған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіштің 450 мыңға дейін өскен. Баланың психологиясына оның ойнайтын ойындары көп әсер етеді, қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарады деп жазады сарапшылар. Өкінішке қарай, ойын жасындағы бала жаман мен жақсыны саралай алмайтындықтан, ойыннан үйренгенін бойына сіңіреді. Мысалы, атыс-шабыс бейнеойындарын жиі ойнайтын өскін кейіндеу агрессияны қалыпты қабылдауы, тіпті қатыгездікке бейім болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Тіпті кейбір мамандар «бейнеойындарды көп ойнаған бала бейсаналы түрде құмар ойынның құрбанына айналуы мүмкін» деп ескертеді. Яғни, онлайн ойындардағы жеңіл жеңістер мен сыйлыққа құнығу сезімі болашақта шынайы ақшаға құмар ойындарға апаратын қауіпті әдетке ұласуы ықтимал.
Ойынның балаға жағымсыз әсерлерінің алдын алу үшін мамандар ең алдымен ата-ана бақылауы мен баланс сақтауды ұсынады. Егер бала таза ауада қозғалатын ойын мен экран алдындағы ойын арасындағы тепе-теңдікті сақтаса, оның физикалық та, психикалық та саулығы қалыпты дамиды. Ал тек гаджетке телміріп, виртуал әлемнен жұбаныш іздесе, шынайы өмірдегі қызықтардан тыс қалып, тұлғалық дамуында тежеліс болатыны сөзсіз.
Ойынға ықпал ететін орта – мектеп, ата-ана және медиа
Баланың қандай ойын ойнап, немен әуестенетіні айналасындағы әлеуметтік ортасына тығыз байланысты. Ең әуелі, ата-ана тәрбиесі мен қадағалауы баланың ойын әлемін қалыптастырады. Ата-ана баласына ұлттық дәстүрлі ойын түрлерін үйретіп, бірге ойнаса, бала сол мұраны сүйіп өседі. Керісінше, кейбір ата-ана жұмысбастылықтан баласына көңіл бөле алмай, қолына смартфонды ұстата салса, бала виртуалды ойынға ерте беріліп кетеді.
Психологтардың айтуынша, ата-ана мен бала арасындағы шынайы эмоционалды байланыс әлсіресе, бала жылылық пен көңілді көбіне гаджеттен іздей бастайды. Сондықтан ата-ана баланың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жауапты: бірге серуендеу, бірге ойнау, балаға кітап оқып беру – мұның бәрі шынайы қарым-қатынасты нығайтып, баланың ойын қажеттілігін пайдалы түрде өтеуге көмектеседі.
Сонымен қатар, ата-ананың цифрлық ортада да жауапкершілігі зор: бүгінде қазақстандық ата-аналардың 62 пайызы ғана балалар құрылғыларына ата-ана бақылауын қоюды қолданады екен. Көпшілік ата-ана балаға интернетте не көріп, кіммен сөйлесіп жатқанын талқылап, түсіндірмейтінін зерттеулер көрсетіп отыр. Бұл олқылықты болдырмау үшін, ата-ана баласының интернеттегі әрекетін бағдарлап, қауіп-қатерін түсіндіруі қажет. Мамандар балаларымызды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқанына алаңдап, ата-аналарға бала контентін қатаң бақылауға шақырады.
«Балаңыз жат идеологияның, әумесер ойындардың құрбаны болмасын десеңіз, әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойыңыз» деп ескертеді мамандар. Яғни, зиянды ақпарат пен қауіпті челлендждерден сақтау ең алдымен ата-ана жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.
Мектеп пен ұстаздар да балалар ойынына елеулі ықпал етеді. Біріншіден, мектептегі дене шынықтыру, еңбек сабағы, үзілістер – баланың ұйымдасқан ойындарының алаңы. Мұғалімдер сабақ арасында қозғалмалы ойындар ұйымдастырып, бастауыш сынып балаларына сергіту сәттерін өткізеді. Мектептен тыс спорт үйірмелері де баланы пайдалы ойынға бағыттайды.
Екіншіден, мектеп саясаты арқылы артық гаджет қолдануға шектеу қойылуы мүмкін: көп мектептерде сабақ кезінде смартфонды алып қою, мектеп ауласында телефонды ойынға пайдалануға тыйым салу тәрізді ережелер енгізілген. Мұның бәрі баланың сабақ уақытында назарын ойынға аударып жібермеу үшін жасалған.
Үшіншіден, мектептер ұлттық мәдениет пен бірлікке тәрбиелеу мақсатында дәстүрлі ойын турнирлерін, спорттық жарыстар өткізеді. Мысалы, жоғарыда айтылған республикалық асық ату челленджіне барлық мектеп оқушыларының қатысуы – осындай тәрбие жұмысының бір көрінісі. Яғни мектеп ортасы балаға қандай ойын маңызды, құндылығы жоғары екенін көрсетіп отырады. Дегенмен мектептің ықпалы шектеулі, бала үйге келген соң уақытын қалай өткізетіні көбіне өз еркі мен ата-ана бақылауына байланысты.
Баланың ойынға қатысты таңдауына бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет контенті де әсер ететіні сөзсіз. Теледидардағы мультфильмдер мен балалар бағдарламалары кішкентайлардың қиялын қозғап, сол көрген сюжеттерін ойында қайталауға итермелейді. Мысалы, бұрынғы кезде балалар ертегі тыңдап өсіп, ертегі батырларына еліктеп ойнайтын болса, қазір мультфильм кейіпкерлерінің рөлін сомдап ойнауы жиі кездеседі. Ал жасөспірімдер теледидар мен ғаламтордан спорт жарыстарын көріп, нақты спортқа қызығушылық танытуы мүмкін, мысалы, футбол матчын көрген бала аулада доп тебуге шабыт алады.
Екінші жағынан, ғаламтордағы кейбір қауіпті ойындар мен челлендждер қоғамды алаңдатуда. Соңғы жылдары бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да балаларды суицидке не өзге қауіпті әрекеттерге итермелейтін «Синий кит» сияқты зиянды ойындар туралы айтылды. Осындай интернет арқылы таралатын құбылыстар баланың психикасына өте қауіпті. Мысалы, 2024 жылдың басында елімізде бірнеше жасөспірім әлеуметтік желідегі бейәдеп «челленджді» қайталаймын деп өмірлерімен қош айтысқан жағдай тіркеліп, қоғамды дүр сілкіндірді. Мұндай оқиғалар ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін көрсетті. Сондықтан теледидар мен интернеттегі баланың тұтынатын контентін бақылау – ата-ана ғана емес, мемлекет пен провайдерлер деңгейінде назарда болатын іс.
Қазақстанда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Киберқалқан» жобасы іске қосылып, кибербуллингке қарсы заңнама жетілдірілуде. Медиасауат бағдарламалары арқылы оқушыларға желіде өздерін ұстау ережелері үйретіліп, зиянды ойындар мен жалған ақпараттан қорғану тәсілдері түсіндіріле бастады.

