Жаңалықтар

Балалар арасындағы буллингтің алдын алудың 10 жолы

Балалар арасындағы буллингтің алдын алудың 10 жолы
Фото: © iStock 25.04.2023 12:50 3802

Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Аманғали Мұхтаров балалар арасындағы буллингтің алдын алуға қатысты пайдалы ақпараттармен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Оның айтуынша, балалардың буллингке тап болуына алып келетін бірнеше себеп болады. Оған сәтсіз құрылған неке, отбасындағы түсініспеушілік әсер етеді. Оның ішінде отбасындағы әлеуметтік және қаржылай жағдайға қатысты мәселелер, бала психикасының бұзылуы да бар. Сондықтан Аманғали Мұхтаров балалар арасындағы буллингтің алдын алу үшін бірқатар қағиданы ескеру қажет деп отыр.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін білім алушылар арасында дұрыс қарым-қатынасты орнату жағын дамыту керек. Педагогтер кез келген жағдайда оқушыларына үнемі қолдау білдіріп отырғаны жөн. Оқушылардың отбасы мүшелеріне үлгілі ата-ана болудың маңызын насихаттау қажет, - деді ол.

Сонымен қатар Аманғали Хамидоллаұлы ата-аналардың тәрбие беру кезінде қандай қателіктер жіберетінін айтты.

Кез келген ата-ана баласын қайда жіберсе де, оның қауіпсіздікте жүргенін сезінуі тиіс. Сондықтан олар тәрбие беру барысында балаларына «тыныш жүр, араласпа» деп айтып қана қоймау керек. Яғни ата-ана әрбір бала «мен өзімді, достарымды қорғауым керек» деп айта алатындай тәрбие жұмысын жүргізуі қажет, - дейді Мұхтаров.

Оған қоса ол мектептегі зорлық-зомбылықты тоқтату жолдарына  арналған 10 ұсынысын айтты.

Біріншісі – болып жатқан жағдайды мұқият зерттеу. Екіншісі – «құпия» жерлерді бақылау. Үшіншісі – анонимдік шартын сақтау. Төртіншісі – қарым-қатынастағы айырмашылықты түсіндіру. Бесіншісі – қолдау тобын құру. Алтыншысы – топтасуға арналған тренингтер өткізу. Жетіншісі – жәбірленушінің өзін-өзі бағалауын арттыру. Сегізінші – баланы өзін-өзі қорғауға бағыттау. Тоғызыншысы – агрессор балалардың ата-аналарын тарту. Оныншысы – мүмкіндігі шектеулі балаға көмекші табу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға