Жаңалықтар

Балалар арасында қызылша ауруы өршіп барады

Балалар арасында қызылша ауруы өршіп барады
Фото: © Shutterstock.com 19.06.2023 12:37 2393

Қазіргі уақытта Алматы қаласында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Биыл оңтүстік мегаполисте наурыз айынан бастап қызылшаның 636 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 528 жағдай (83,0%) анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астанадағы ахуал да мәз емес. 13 маусымдағы деректерге сәйкес, қалада 34 баладан қызылша анықталды. Белгілі болғандай, ауырған балалардың ата-аналары қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас екпе алудан бас тартқан.

Қызылша – адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрының немесе тамағының бөлінісімен тікелей байланыста болады.

Балалар арасындағы аурушаңдық негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ вакцинациядан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдарынан тіркеледі. 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде. 8730 қарым-қатынаста болған  адам анықталды, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы шұғыл иммундауға жататын 277 адам егілді. Барлық байланысқан адамдарға медициналық бақылау белгіленді, ошақтарда қызылшаның алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілді.

Қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан сақтандыратын жалғыз тиімді құрал - вакцинация.
Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жаста және 6 жаста 2 рет жасалады, бұл вакцинацияланған адамдарда өмір бойы болатын вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қалалық емханалардың барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. 

Мәселен, ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ағымдағы жылы иммундауға жататын балаларды жоспарлы иммундауды жүргізу үшін ағымдағы жылдың 8 маусымында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының вакцина қоймасына ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында 37 200 доза мөлшерінде тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке (ҚКП) қарсы біріктірілген вакцина келіп түсті. Балаларды жоспарлы вакцинациялау тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Қалған тұрғындар ақылы негізде жеке егу кабинеттерінде қызылшаға қарсы екпе алуына болады.

Қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары аурудың белгілері пайда болған кезде мыналарды қатаң түрде ұсынады:
- өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу;
- үйде болу, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармау. (әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек);
- науқас балаларды жазғы сауықтыру лагерьлеріне, ұйымдастырылған ұжымдарға жібермеу.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға