Жаңалықтар

Балалар әдебиетінің классигі

Балалар әдебиетінің классигі
Фото: коллаж El.kz 15.10.2024 15:00 849

Бүгін – қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі, дарынды жазушы, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Жазушының туындылары балалардың ішкі әлемін, арман-тілегін, сондай-ақ, өмірдің қиындықтарын шеберлікпен бейнелеп, олардың рухани дамуына жол ашады.

Туған жерінің қиыншылығы мен қуанышын, адамгершілік құндылықтарын жан-жақты суреттеген жазушының шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды. Осы мерейтой аясында Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар, әдеби кештер, конференциялар ұйымдастырылып, қазақ әдебиетіндегі орны мен рөліне ерекше назар аударылуда. Жазушының шығармалары, оның ішінде «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» сынды туындылары, әлі күнге дейін оқырмандардың жүрегінде сақталып, жастардың тәрбие мен білім алуында маңызды рөл атқаруда.

Жазушының өмірбаяны

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысы, Нарынқол ауданындағы Қостөбе ауылында дүниеге келген. Ол қиындыққа толы өмір кешті, бірақ сынақтарға мойымай, табандылықпен алға ұмтылды. Албан тайпасының Құрман руының Беснайыз тармағынан шыққан Бердібек Соқпақбаев кедей отбасында дүниеге келіп, бала кезінен аштық пен ауыр еңбекті бастан кешті. Оның 8 жасында анасынан айырылуы өміріндегі ең ауыр соққы болды, бұл қайғы оның жадынан ешқашан өшкен емес. Дегенмен, білімге деген құштарлықты оған ағасы Сатылған сіңірді, ол кейін соғыста қаза тапты.

Жазушы қиыншылықтарға қарамастан, алғыр да талапты бала болып өсті. Мектепті және ФЗО-ны тәмамдаған соң, әскер қатарында борышын өтеді. Одан кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, 1945-1948 жылдары оқыды. Оқуды аяқтаған соң, туған ауылында екі жыл ұстаздық қызмет атқарып, кейіннен Алматыға келіп, «Пионер» және «Қазақстан пионерлері» газеттерінің редакцияларында жұмыс істеді. 1955-1957 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдеби курста оқып, шығармашылық қабілетін жетілдірді.

Шығармашылық жолы

Бердібек Соқпақбаевтың әдебиеттегі алғашқы қадамы «Бұлақ» атты жыр жинағымен басталды, бұл кітап 1950 жылы жарық көріп, оқырмандардың ықыласына бөленді. Одан кейін оның шығармашылығында «Он алты жасар чемпион» повесі жарыққа шығып, оқырман қауымның жылы лебізін алды.

Бердібек Соқпақбаев шығармаларында балалық шақтың тәтті сәттері мен өмірдің қиындықтарын үйлестіріп көрсетеді. Оның ең танымал шығармасы «Менің атым Қожа» повесі баланың шынайы әлемін, оның ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтарды, арман-тілектерін бейнелейді. Бұл шығармадағы Қожаның бейнесі әлі күнге дейін оқырмандардың сүйікті кейіпкері болып келеді. Қожа – әр балаға таныс, өзіндік ерекшелігі бар, албырт, бірақ шыншыл мінезді бала. Бұл шығарманы оқып отырып, әр адам өз балалық шағын еске түсіреді.

«Менің атым Қожа» 1957 жылы жазылып, 1963 жылы экранға шыққаннан кейін қазақ кино өнерінің жауһарына айналып, шетелде де үлкен жетістікке жетті. Фильм Францияның Канн кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Бұл фильмнің табысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығының халықаралық деңгейде танылғандығының айғағы болды.

Сондай-ақ, жазушының «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сияқты іргелі шығармалары да қазақ прозасының қазынасына қосылған бағалы дүниелер. «Балалық шаққа саяхат» повесінде жазушы өзінің өмір жолын, қиын балалық шағын, елдегі ауыр жағдайды шынайы бейнелеп береді. Бұл шығарма Бердібек Соқпақбаевтың әдебиетке шыншылдық пен өмірдің өзінен алынған оқиғаларды әкелуінің айқын мысалы болып табылады.

Бердібек Соқпақбаев қандай адам болған?

Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы туралы Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев «Бердібек – сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішінде қарапайым әрі шаруақоры. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ» дейді. Ал қазақ жазушысы Сайын Мұратбеков өз кезегінде жазушының жазу стилін бағалап, «жазады – түбін түсіріп барып бір-ақ тойтайды. Бұл –Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән нәрсе» деп атап өтті. Жазушы, драматург Баққожа Мұқай «еңбегін бұлдап, бұлданғанын да естіген емеспіз. Көзі тірісінде қиянат көріп, қан жұтқан үлкен дарындар Қазақстанда аз болмады десек, соның бірі Бердібек еді» деп оның дарындылығын жоғары бағалады.

Қоғамға қосқан үлесі

Бердібек Соқпақбаев шығармалары тек балалар әдебиетімен шектелмей, адамгершілік, азаматтық, еркіндік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Ол өзінің әрбір шығармасы арқылы оқырманды ойландыруға, айналасындағы өмірге сын көзбен қарауға, әділдік пен адалдықты бағалауға шақырды. Жазушының кейіпкерлері қарапайым, бірақ рухани тұрғыдан бай, олар өмірдің ауыртпалығын көтеріп, өздері үшін күресе біледі.

Ол педагогикалық тәжірибесін әдебиетпен ұштастыра отырып, жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды мәселелеріне көңіл бөлді. Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары бала тәрбиесі мен психологиясы туралы терең түсінік береді. Әсіресе, балалардың ішкі жан-дүниесін түсінудегі терең сезімталдығы оны басқа қаламгерлерден ерекшелендіреді.

Мерейтой қалай атап өтілуде?

Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасы бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Оның шығармалары жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда, балалар әдебиетін дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Жазушының туындылары мектеп бағдарламасына еніп, әр қазақ баласына таныс болып, рухани азық бола білді.

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін маңызды оқиға. Бұл мерейтой шеңберінде республика көлемінде түрлі іс-шаралар, әдеби кештер, конференциялар өтіп, оның шығармаларын насихаттауға арналған кештер ұйымдастырылды.

Мәселен, биыл Алматы облысының Райымбек ауданындағы Нарынқол ауылында танымал қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жариялады. Президенттің хатының мазмұнында Бердібек Соқпақбаевтың қазақ балалар әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі және оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды туындыларының маңызы аталды. Бердібек Соқпақбаев шығармаларындағы кейіпкерлердің терең психологиясы мен қазақ халқының рухын шеберлікпен бейнелеуі, сондай-ақ оның шығармаларының әр буынға әсер еткені жайлы айтылды.

Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдыр­ды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атау­лы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді, – делінген Президенттің құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев өңірдің тарихи тұлғалары, соның ішінде Райымбек батыр мен Мұқағали Мақатаевты еске алып, Бердібек Соқпақбаевтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Ол қаламгердің шығармашылығы ұлттық руханияттың маңызды бөлігіне айналғанын айтты.

Сенат төрағасы Бердібек Соқпақбаевтың туындылары шынайылық пен қарапайымдылыққа негізделгенін және оның халықтың жүрегінде мәңгі сақталатынын тілге тиек етті. Мәселен, «Менің атым – Қожа» повесі әлемнің 68 тіліне аударылып, 1967 жылы Канн қаласында балаларға арналған халықаралық кинофестивальде дипломант атанды.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев жас ұрпақты дұрыс құндылықтарға тәрбиелеуде әдебиеттің, өнердің және шығармашылық индустрияның рөлі жоғары екеніне тоқталды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Балалар кітапханасы» бағдарламасы балаларға қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптарды қолжетімді ету мақсатында іске асырылуда.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барып, өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызып, Кеген ауылындағы «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығымен танысты.

Сенат төрағасы «Ауыл кітапханаларына арналған 100 кітап» акциясына қатысып, Бердібек Соқпақбаев туған Қостөбе ауылындағы мектепке қазақ әдебиетінің классиктері мен шетелдік авторлардың кітаптарын тарту етті. Мектеп кітапханасы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Эрнест Хемингуэй, Даниэль Дефо, Иван Тургенев, Жюль Верн сынды авторлардың шығармаларымен толықты.

Сонымен қатар Қызылжар аудандық орталық кітапханасы мерейтойға орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Балалар жазушысы – Бердібек Соқпақбаев» атты тақырыптық сағат ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жазушының өмірі мен шығармашылығын, әсіресе «Менің атым Қожа» повесін таныстыру болды.

Басқосуда қатысушыларға Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаяны мен әдеби шығармалары жайлы қызықты мәліметтер ұсынылды. «Менің атым Қожа» кітабы кеңінен таныстырылып, оның негізінде түсірілген фильм көрсетілді. Оқырмандар кітапханашының баяндамасын үлкен ынтамен тыңдап, Қожаның жарқын болашаққа деген армандарын ерекше бағалады.

Іс-шараның соңында «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмедегі әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Ал Түркістан қаласында қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті. Фестивальді облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Фестиваль екі бағытта өтті: көркем сөз оқу және театралды қойылымдар. Сайысқа өңірдің барлық аудан, қаласынан келген шығармашыл балалар мен жасөспірімдер қатысты. Байқаудың басты мақсаты – облыстың дарынды балалары мен жасөспірімдерін өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамыту, ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту.

Қазылар алқасы үміткерлердің сахна мәдениеті, дыбыс тазалығы, орындаушылық шеберлігі, сахналық киімі және басқа да қырларын бағалады. Көркем сөз оқу жанры бойынша қазылар алқасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Қанат Садықбеков және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің аға оқытушысы, «Сахна тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова кірді. Ал театралды қойылым жанры бойынша төрешілік жасағандар: мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Нұржан Ізтаев және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров.

Нәтижесінде, көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлдені Шардара ауданынан келген Ділдәбек Асылбек иеленді. Арыс қаласынан келген Абдрахман Ерсін жүлделі I орынға ие болды, ал жүлделі II орындар Түлкібастық Толғанай Сыпатай мен Ордабасылық Нұрдәулет Демеуовке бұйырды. Созақтық Досхан Ахмет, Бәйдібек ауданынан келген Балхадиша Үсен және Түркістандық Шадияна Сымайылова жүлделі III орынға ие болды.

Театр қойылымдары бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы «Сұлулық патшалығы» қойылымымен бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі I орын «Таңдау» қойылымын сомдаған Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына берілді. II орынды Ордабасы ауданының «Жас толқын» балалар театры «Сәулелі сезім» қойылымымен және Түркістан қаласындағы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары «Жамбо, Мико және қасқыр» қойылымымен иеленді. Сарыағаш ауданындағы «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым – Қожа» көрінісі, Түркістан қаласындағы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданының «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі III орынды алды.

Бұдан бөлек, Талғар ауданында балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орайласқан «Балалар әдебиетінің атасы» атты рухани шара, ТҮРКСОЙ-да Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық еске алу кеші, жазушының зағип жандарға арналған кітабының тұсаукесері сынды түрлі шара өтті.

Түйін: Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары балалардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген қызығушылығын оятуға септігін тигізеді. Оның туындыларының тереңдігі мен мәні – адамгершілік, достық, адалдық, мейірімділік секілді құндылықтарды насихаттауында. Бердібек Соқпақбаевтың туындылары, әсіресе, бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастар үшін тәрбие құралы ретінде қызмет етеді, оларды өмірде кездесетін қиындықтармен күресуге және өз арман-мақсаттарына жетуге ынталандырады.

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында оның әдеби мұрасын насихаттау, шығармаларын қайта жаңғырту және жастарға таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шаралар – жазушының туған жері мен қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін еске алу, сондай-ақ, қазақ әдебиетін одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі бола білді.

Жазушының әдебиеттегі және мәдениеттегі мұрасы қазақ оқырмандары үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін құнды. Оның өмірі мен еңбектері арқылы қазақ халқының ұрпағы шығармашылығын мәңгілік мұра ретінде сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізе бермек. Оның жарқын бейнесі мен өміршең туындылары ғасырлар өтсе де ұмытылмайды. Бердібек Соқпақбаев халықтың жүрегінде мәңгілік сақталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға