Балалар әдебиеті күні: Қожадан Хәрри Поттерге дейін
Бүгін Халықаралық балалар әдебиеті күні қарсаңында Ұлттық академиялық кітапханаға жолымыз түсті. Мұнда «Кітаппен өс, біліммен өркенде» атты кітап көрмесі өтті. Іс-шараа жалпы 125 басылым, соның ішінде қазақ, орыс, ағылшын, неміс, қытай және тағы басқа тілдегі заманауи және классик балалар жазушыларының шығармалары, ертегілер, танымдық, фантастикалық шығармалар, комикстер қойылды. Жиын соңында оқушылар әсерін айтып, сұрақ-жауап ойынына қатысты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Иә, 2 сәуір – атақты балалар жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні. Сондықтан әлем елдері осы күнді балалар әдебиетіне арнап, түрлі байқау мен фестиваль ұйымдастырады. Соның ішінде елімізде де айтулы күн ескерусіз қалмайды.
Еліміздегі ең көне балалар кітапханасы
Жалпы, Қазақстанда балаларға арналған 249 кітапхана бар. Ең алғашқы балалар кітапханасы қайсы десеңіз, Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы балалар ктіапханасы 1951 жылы ашылған. Ішінде 475 мыңнан астам кітап қоры бар. Су жаңа балалар кітапханасын іздесеңіз, тағы да Алматыға ат басын бұрыңыз. ALATAU CREATIVE HUB орталығы 2020 жылы бой көтерген.
Еліміздегі ең көне балалар кітапханасында: балаларға арналған ағылшын тілі, француз тілі, қытай тілі, шахмат клубы мен бағдарламалау үйірмесі жұмыс істейді. Үйірменің дені 7 жастан асқан балаларды қабылдайды.
Балалар әдебиетінің бастауы
Білесіз, қазақ балалар әдебиеті дегенде Ыбырай Алтынсариннің тәрбие мен өнегеге толы әңгімелері, Әуезовтың «Көксерегі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Сапарғали Бегалиннің «Қыран туралы аңызы» еске түседі. Әлі күнге «Жусан иісіндегі» Аянды іздеп жүрген оқырман қаншама?! «Тортай мінер ақбозат» та талай баланың жүрегін жаулады. Оралхан Бөкейдің балаларға арнаған базарлығының жөні бір бөлек. Ал Мұзаффар Әлімбаевтың, Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбай Молдағалиев пен Тынымбай Нұрмағамбетовтың қазақ баласына арнаған сөз жауһарын сүйсінбей оқымасқа болмайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазіргі балалар әдебиетінің өкілдері кім десек, Бейбіт Сарыбай, Есей Жеңісұлы, Серікбол Хасан, Мейіржан Жылқыбай, Елдос Тоқтарбай,Мира Сембайқызы, Ернұр Сейдахмет, Еділбек Дүйсенбек, Әлібек Байбол, Нұржан Нұрбек, Ардақ Жұмағали, Бағдат Мәжит, Зәуре Төреханқызы, Айсұлу Әлмашәдемі, Әдина Жүсіп бар.
Жазушылардан бөлек, балалар әдебиетінің дамуына «Балдырған», «Айгөлек», «Ұлан», «Алтын сақа», «Бала би» және тағы басқа басылымдар үлес қосып жүр. Бұрын да, қазір де әр баланың арманы – «Ұланға» тілші атану. Осы брендті заманға сай дамытып отырған басылым қызметкерлеріне алғыс. Одан бөлек, елімізде баспа үйлері де балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып жүр. Соның ішінде Steppe World & Publishing-нің жөні бөлек. Раиса Қадырқызы бастаған ұжым қазақ баласының әлем әдебиетімен ана тілінде сусындауына жағдай жасап отыр. Олар тәржімалап, басқан «Хәрри Поттер» көптомдығы оқрманның жүрегін жаулады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Раиса Қадырқызы бірнеше сұхбатында балаларға арналған сапалы кітап, әр жақсы аударма, әр жақсы редакция, әр жақсы сурет, әр сапалы басылым бала болашағына салынған инвестиция екенін атап өткен.
Қазақстанда балалардың едәуір бөлігі он жасқа дейін өз ана тілінде еркін оқып, оқығанын толық түсіне алмайды. Осыны ойласам, жүрегім сыздап ауырады. Бала мәтінді қианлып оқыса, ол тек әдебиеттен қиналмайды. Ол дүниені тануда қиналады. Ол ойын жинақтауда қиналады. Сабақтың мәнін ұстауда қиналады. Басқа пәндерге де күш жетпей қалады. Өйткені білімнің есігін ашатын негізгі кілт мәтін оқу дағдысы екені анық. Кітап оқу машығы әлсіз қоғамның алға жылжуы да қиын. Мұның салмағы тұтас қоғамға түседі. Кітап оқымайтын қоғамның ойы таязданады. Сөзі жұтаңдайды. Сезімі де жұқарады, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Сондай-ақ жасанды интеллек жайлаған заманда кітаптың маңызына тоқталды.
Қазір адамзат жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Ақпарат бұрынғыдан да көбейді. Керек дүниені бір сәтте тауып алуға болады. Бірақ ақпараттың көп болуы адамды автоматты түрде саналы ете алмайды. Ақпаратты түсіну үшін ой керек. Оны саралау үшін таным керек. Арасынан шындықты ажырату үшін сыни көзқарас керек. Осы қабілеттің бәрі кітап оқу арқылы қалыптасады. Кітап оқыған адам асығыс шешім қабылдамайды. Ол ойланады. Салыстырады. Сұрақ қояды. Тереңірек қарауға үйренеді. Сондықтан кітап оқу бүгін бұрынғыдан да маңызды, – деп жазды Раиса Қадырқызы.

