Жаңалықтар

«Балаға лайық» акциясының нәтижесінде 100-ден астам мектептің әжетханасы жөнделді

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді
«Балаға лайық» акциясының нәтижесінде 100-ден астам мектептің әжетханасы жөнделді
Фото: 1-taraz.mektebi.kz 03.11.2022 15:51 1850

Еліміздің мектептерінде Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен қолға алынған «Балаға лайық» акциясының нәтижесінде мектептегі әжетханалар мен асханалардың жағдайы айтарлықтай жақсарды, деп хабарлайды El.kz. 

Кемшілік анықталған 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жойылды.

Мысалы, Павлодар қаласындағы №5 орта мектептің әжетханасындағы кабиналар ата-аналардың министрлік өкілдеріне берген өтінішінен кейін талапқа сай жасалды.

Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының мектебінде су құбырлары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Орал инновациялық лицейі асханасының жұмысына қатысты түскен өтініштен кейін мектепте асханаға дезинфекция жүргізіліп, оқушыларды тамақтандыру сапасы жақсартылды.

Өтініште негізінен жуынатын бөлмелердегі гигиеналық құралдардың жоқтығы, қалқалардың болмауы, сондай-ақ жылы әжетханаларды пайдаланбауға қатысты мәселелер көтерілген.

Шағымдардың арасында асхана бойынша дәмсіз немесе салқын тағамдар туралы ақпарат болды.

«Балаға лайық» акциясына осы мәселеге бей-жай қарамайтын еліміздің барлық азаматы қатысып жатыр. Бұл, ең алдымен, оқушылардың өздері, олардың ата-аналары және басқа да қоғам өкілдері. Акция кезінде мектептердің әжетханалары мен асханаларының қанағаттанарлықсыз жай-күйі туралы барлығы 1 000-нан астам арыз-шағым түсті. Ең белсенділердің арасында Астана мен Алматы қалаларының, Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарының оқушылары мен ата-аналары бар. Әрбір өтінішті облыстық білім басқармаларымен бірлесіп қарайтынымызды атап өткім келеді. Ұсақ-түйек кемшіліктерді мектептердің өзі анықтап, жойып жатыр. Мысалы, Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясының директоры асхана, жуынатын бөлмелерді бақылау және бірқатар кемшілікті жою туралы бұйрық шығарды. Мектептегі әжетханалар мен асханаларға мониторинг жазалау үшін емес, балаларға қажетті жағдай жасауға мектептерді бірлесе тарту үшін жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

«Балаға лайық» акциясы «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатқанын еске сала кетейік. Акция осы жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Акцияға кез келген оқушылар, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. қатыса алады.

Сонымен қатар мектептердің жуынатын бөлмелеріндегі проблемалар мен асханаларындағы бұзушылықтар туралы хабарлағандардың анонимділігіне кепілдік беріледі.

Яғни авторлар туралы ақпарат жария етілмейді.

Мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктер туралы ақпаратты What’s App-тағы 8 700 699 04 46 нөмірі және Telegram-БОТ, Instagram желісіндегі @balaga.laiyq парақшасын белгілеу арқылы жіберуге болады.

Сондай-ақ мектептерге осы әлеуметтік желілерге сілтемелері бар QR-кодтар қосымша жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға