Жаңалықтар

Бала тәрбиесіндегі сіз мән бермейтін қателіктер

Белгілі мамандар кеңесі
Бала тәрбиесіндегі сіз мән бермейтін қателіктер
24.01.2022 16:24 15238

 

 

Адамзаттың өміріндегі ең қымбаттысы, көз қуанышы ол – баласы, өсіріп отырған ұрпағы. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді. Баланың бас ұстазы ата-ана. Бірақ біз бұл міндетті қаншалықты жақсы атқарып жүрміз. Ата-ананың орнын ғаламтор немесе ұялы телефон алмастырған жоқ па? Бүгінгі бала тәрбиесінде қандай қателіктер орын алып жүр? Жасөспірімдер арасында қылмыс көбейген? Оның астары неде? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде белгілі психолог Ержан Мырзабаев сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Төрегелді Біржан Төрегелдіұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

 

 

 

Бала тәрбиесі немқұрайлылықты кешірмейді. Бұл күнделікті жауапты міндет. Әлі ақ пен қараны ажырата алмайтын баланың психологиясына ата-ана айтқан ескертулер теріс әсерін тигізуі мүмкін. Ата-аналар бала тәрбиесінде өздері байқай бермейтін қателіктер жіберіп жатады. Бұл жайында психолог Ержан Мырзабаев былай дейді.

 

– Біріншіден ата-ана баланың эмоциялық қажеттіліктерін көп жағдайда ескермей жатады. Сол себепті бала мінез көрсеткен уақытта, баласымен жақсы қарым-қатынас орната алу маңызды. Егер ата-ана бүлдіршіндеріне қатты сөйлеудің орнына байыппен түсіндірсе ол әлдеқайда жақсы нәтиже береді. Сондықтан балаңызбен неғұрлым жақын болатын болсаңыз, сіздің бойыңыздағы жақсы қасиеттерді іс-әрекетіңізден, әңгіме арасынан өз бойына сіңіреді. Ал қарым-қатынас нашар болатын болса, айтқан сөзді бірден сын түрінде қабылдайды. Соның салдарынан белгілі бір уақыттан кейін ата-анамен араласқысы келмейтін жағдайға дейін жетіп жатады. Екіншіден, гаджет қазіргі уақытта баланы жұбатудың басты құралына айналып кетті. Бала тыныш отырсын, жыламасын деп смартфоннан балаға мультфильм қосып береді. Бірақ уақыт өте келе бала сол телефонға тәуелді бола бастайды. Әрине соңы жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан да ешқандай гаджет ата-ананың орның толтыра алмайды. Ертеңгі күні баланың бар көңілі телефонға ауып кетпеуі үшін, қазірден бастап белгілі бір шектеумен қолдануға рұқсат беру керек. Баланың ең қызықты, бақытты кезі телефонмен ойнаған уақыт емес, ата-анасымен өткізген уақыты болуы керек. Сол кезде гаджетке тәуелділіктен қорықпауға болады.

 

Әдетте ата-аналар ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу үшін қатал ұстағанды жөн санайды. Кей отбасында баланы ұру, күш қолдану тәрбиелеудің бір түріне айналып кеткен бе дерсің. Тіпті ұрып тәрбиелеуді жақтайтындар да бар. Олар бұл әрекетімен бала бойындағы жауапкершілікті арттырып, тәртіпті қалыптастырамыз деп ойлайды. Баланы ұрып тәрбиелеу қаншалықты дұрыс? Бұған психолог Ержан мырзаның өз айтары бар.

 

 

– Баланы мүлдем ұрып тәрбиелеуге болмайды. Баланы ұру уақытша ғана, қысқа мерзімдегі тиімді шешім. Бірақ одан кейінгі салдары ата-ана үшін де, қоғам үшін де ауыр болады. Бала екі түрлі дамиды. Біріншіден ол бала өзіне сенімсіз, қорқақ болып өседі. Екіншіден агрессивты, ашушаң, ренжігіш болады. Сондықтан балаңызға мейліңше қол көтермеген жөн. Қанша жерден ата-анасының туған баласы болғанымен, ол бала ҚР азаматы. Демек ҚР мемлекет ретінде әрбір азаматымызды ішкі және сыртқы зияндардан қорғауға міндетті. Ата-ана ретінде баласына дұрыс қарай алмаса, мемлекет оған араласу керек. Сондықтан баласымен дұрыс тіл табыса алмайтын ата-аналардан балаларын алып қою керек. Көп жағдайда балаға қол көтеріп, ашулануы ата-ананың шарасыздығының көрінісі. Себебі, баласының кейбір әрекеттеріне қалай реакция көрсететінін білмей жатады. Сол себепті, ата-аналарды бала тәрбиесіне барынша жауапты болуға шақырамын. Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру.

 

Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Ал ерке бала болса тіптен қиын. Осы тұста психолог Ержан Мырзабаев «Бала өзінің қалағаның жасау керек деген мүлдем дұрыс емес»,- дейді.

 

 

Біріншіден балаға ата-ана жауапты. Бала бала болғаны үшін де өз-өзіне жауап бере алмайды. Оның таңдауына ата-ана тікелей байланысты. Әрине балаға таңдау құқығын берген дұрыс. Оның қалауымен, ойымен санасу керек. Бірақ оның дұрыс шешім қабылдауы бұл тікелей ата-ананың жауапкершілігінде екенін естен шығармаған жөн. Екінші мәселе бұл біздің үйдің еркесі деген түсінікті өзгерту керек. Үйдегі балаларды үлкен-кіші деп бөліп-жарып қарауға болмайды. Бізде көп жағдайда ертең қартайғанда бағатын осы кенжеміз деп ерекше ықылас танытып жатады. Бұны естіген басқа балалардың психологиясы бұзылады. Сол себептен бәріне бірдей көңіл бөліп, бірдей еркелеткен дұрыс. Ең жаманы туған бауырлардың арасында қызғаныш сезім пайда болады. Үйдің тұңғышы болып дүниеге келгеніңе үлкен баласы кінәлі емес қой. Баланың барлығы сүйіспеншілікке, мейірімге мұқтаж. Сондықтан жас ерекшелігіне сай бірдей еркелетіп қарау керек.

 

Қазақ халқының өзге ұлттан ерекшелігі баласын ата-әже тәрбиесіне беру. Жалпы ата-әже тәрбиесіне беру қаншалықты дұрыс? Баланың психологиясына бұл жағдай қалай әсер етеді? Бұл сұраққа психолог Ержан мырза былай деп жауап берді.

 

 

– Қазақы дәстүрге сүйеніп, ұл қызын ата-енесіне табыстау үлкен қателік. Балаға ең бірінші кезекте тұлға деп қарау керек. Бала тәрбиесін аутсорсқа беруге болмайды. Ата-әже, туған-туыс, бала-бақшаны ата-ананың тәрбие процесіндегі көмекші топтар ғана. Әрине баланың белгілі бір қырларын дамытуға көмектеседі. Бірақ бала өзінің туған ата- анасының мейірімін көріп өсуі керек. Көбінесе ата-әжесінің қолында өскен балалар маған психологиялық кеңес алуға келеді. Олар ата-анасына, өмірге ренжулі. Ата-әже қолында өскен сәбилер туған әке-шешесіне оралғанда тағы бір үлкен психологиялық соққы алады. Ата-аналарға кеңесім баланы өздері тәрбиелеу керек.

 

Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда жасөспірімдер 800-ден астам қылмыс жасаған. Бұл әрине кез-келгенді алаңдатарлық көрсеткіш, себебі тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейім келеді. Елімізде жасөспірімдердің арасындағы көп жасалған қылмыс түрі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Төрегелді Біржан Төрегелдіұлы былай дейді:

 

 

 

– Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі, ата-ананың балаға жиі көңіл бөлмеуінен орын алып жатады. Бұған әсіресе, айналадағы қоршаған ортасы да қатты әсер етеді. Бүгінгі таңдағы өрімдей жастардың қылмысқа баруы көз үйренген көрініске айналып бара жатыр. Бұл еліміздегі аса өткір мәселе. Енді негізгі мәселеге тоқталатын болсақ, жасөспірімдер арасында соңғы уақытта жиі кездесетін қылмыс түрлері – ұрлық, тонау, адамға әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын келтіру, бұзақылық. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында алаяқтық баптары бойынша түрлі қылмыстық іс әрекеттер белең алуда. Жастардың ойланбай, қатыгездікпен қылмыс жасауы әдетке айналып бара жатқандай. Балалар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі олардың бос уақыттарын дұрыс пайдаланбауы салдарынан орын алып отыр. Көбінесе ата-ана балаларының бұзақылық әрекеттерін көре тұра, көз жұмып, сөзін сөйлеп, шара қолданбауы салдарынан болады. Осылайша жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерге бойы үйреніп, сотталғанға дейін бірнеше қылмыс түрін жасайды.

 

Қылмыс жасайтын жасөспірімдердің жас шамалары да әртүрлі. Көбінесе 14 жас пен 18 жасқа дейінгі жастар. Олар осы жас шамасында ой сананың енді қалыптасып, жақсы мен жаманды ажырата алмай жүргенде қателікке бой ұрады.

 

– Еліміздегі заңнамаға сәйкес он алты жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыстық іс-әрекеттері бойынша он төрт жастан басталады. Сонымен қатар он төрт пен он сегіз жасқа дейін кәмелетке толмағандар санатына, ал он төрт жасқа дейінгі аралық жасөспірімдер санатына жатқызылады.

 

Мамандардан кеңес

 

Баланы дұрыс тәрбиелеуде ата-аналарға психолог Ержан Мырзабаевтан кеңес.

 

– Енді оң солын танып келе жатқан бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-ана бала үшін ең бірінші «модель» болады. Мысалы айтатын болсақ, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрыс қолыңды жу» деп, өзі жұмыстан келген бетте сол талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен ол бала көргенің істейді. Сондықтан баланың дұрыс тәрбие алғаның қаласақ, өзіміз де соған сай іс-әрекет жасау керекпіз. Баламен неғұрлым ашық және жиі сөйлесу керек. Әр баламен жеке уақыт өткізуді әдетке айналдыру қажет. Себебі әр бала ата-анасының назарында болғысы келеді. Сонымен қатар баланың өміріндегі маңызды күндерде қасынан табыла білу балаға жылу сыйлайды. Әрбір жетістігіне қуанып, еркелете білу керек. Сол арқылы бала өзінің маңызы мен қажеттілігін сезінеді.

 

Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық соттың судьясы Біржан Төрегелдіұлы ата-аналарға мынандай кеңес береді.

 

– Әрбір ата-ана өсіп келе жатқан баласымен етене жақын болуы керек. Оларды қандай ой мазалайтындығын біліп, айналасындағы араласатын ортасы туралы хабардар болып, қандай мәселе шықса да баламен бірге шешімін табу керек. Әсіресе, жасөспірім шағында тәрбиесіне көп көңіл бөлген жөн. Баланың бойында елге, жерге деген патриоттық сезімін оятып, бабаларымыздан қалған асыл сөздерді, мәдени құндылықтарды бойына сіңдіру маңызды. Отбасы мәселесінде баланың ойын біліп отыруымыз қажет. Жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып түсіндіріп отыру ата-ана парызы. Бала өз отбасына толықтай сенім білдіруі тиіс. Қандай шешім қабылдаса да, ата-ана тарапынан баланың мүддесі бірінші орында болған жөн. Сонда бала өз отбасындағы жауапкершілікті сезінеді. Жауакершілікті сезінген бала оғаш қылықтар жасамайды. Өйткені, жауапкершілікті сезіну арқылы ол өз отбасын, ата-ана сенімін бірінші орынға қояды. Отбасында балаға, ата-ана тарапынан кері әсерін тигізетіндей жат қылықтар жасамауы тиіс. Бұл баланың психикасының дұрыс дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауаттылығын ашу маңызды деп санаймын. Осылайша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға болады. Бүгінгі жас – елдің ертеңгі болашағы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға