Жаңалықтар

Бала тілінің кеш шығуы. Ата-аналарға кеңес

Бала тілінің кеш шығуы. Ата-аналарға кеңес
Фото: © Pixabay.com 26.04.2024 16:15 12004

Қазақта «Бала тілі – бал, ал қылығы – одан да тәтті» деген сөз бар. Расымен де тілі былдырлап шыға бастаған бала кез келген жанды өзіне баурап, қайта-қайта сөйлете беруге талпынатынымыз рас. Дегенмен мамандар соңғы жылдары балалардың тілі кеш шығып жатқанынан айтып, дабыл қағып-ақ жүр. Тіпті оның түрлі себеп-салдарын да жіктеп, кеңестерін ұсынып та келеді. Әрине, тілі кеш шыққан баламен жұмыс істеуде тек бір маманның еңбегі емес, ата-ананың да үлесі зор. Сонымен, бала тілі неге кеш шығады? Бала бойынан осы бір кемшілікті байқағанда ата-ана не істеуі керек? Бүгінгі мақаламызда осы мәселеге тереңінен үңілетін боламыз.

Өкінішке қарай соңғы жылдары 2-3 жастан асса да әріптерді  дұрыс айта алмайтын, кей жағдайда тілінің мүкістігі бар балалар жиілеп барады. Мамандар мұндай жағдай баланың физиологиялық, психологиялық ауытқулары салдарынан деген пайым жасайды.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Дамумед» медициналық орталығының логопед-дефектологы Нұрсұлтан Мамырхановтың айтуынша, қалыпты жағдай бойынша дені сау бала 10 айлық кезінен бастап «бе-бе», «бе-пе» деген сияқты дыбыстарды буындап айта бастауы керек екен. Ал 1 жастан асқан соң «мама», «папа», «апа», «ата» деген сөздерді білгені жөн. 1,5 жастағы бүлдіршін нақты әрі анық сөйлей алмаса да 40-50 сөзді білуі керек. Ал 1,5 жастан асқан бүлдіршін ойын жеткізуге әрекет етуі қажет. 2 жастан асқанда екі сөздің басын қосып, «су бер», «нан бер» деген сияқты сөздерді айта білгені дұрыс.

Жыл өткен сайын баланың сөйлеу, ойлау, даму стандарттары да өзгеріп жатыр. Оның барлығы ананың жүктілік кезеңіндегі, бала туылғандағы өзгерістерге байланысты. Соңғы стандарттарға сүйеніп айтатын болсам, бала 3,5 жастан бастап анық сөйлеп, өз ойын жеткізе білсе, демек ол 5 жастан бастап мектепке баруға болады. 4-4,5 жастағы кейбір балалар арасында өз ойын жеткізбек түгілі, сөйлей алмайтындары да бар. Оны тілі кеш шыққан бала деуге болады,-деді логопед-дефектолог.

Бала тілінің кеш шығуының негізгі себептері

Бала тілінің кеш шығуына түрлі факторлар кері әсерін тигізуі мүмкін. Атап айтар болсақ, ананың жүктілік кезінде дұрыс күтінбеуі, көңіл күйінің болмауы немесе депрессияға түсуі, экология, дұрыс тамақтанбау, балада мидың дамуының кешеуілдеуі, дәрі-дәрмек көп тұтыну және т.б. Ең өкініштісі, логопед-дефектологтың айтуынша, елімізде кей ата-ана баласының тілі кеш шығып жатқанын көп жағдайда жасыруға тырысады екен немесе қоғамнан қысылады. Мойындағысы келмейді. Алайда маман бала 1 жасқа толмай жатып-ақ тілінің кеш шығып жатқанын анық аңғаруға болатынын алға тартып отыр.

Иә, өкінішке қарай соңғы жылдары баланың тілі кеш шығу жайттары жиілеп кетті. Оның нақты себебін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені себептері сан алуан. Мәселен алатын болсақ, ананың жүктілік кезеңі. Бала ана құрсағында қалыптасқан сәттен бастап толықтай анасына тәуелді болады. Анасы не ішеді, не жейді, нені сезеді? Барлығы құрсақтағы балаға тікелей әсер етеді. Сонымен қатар жүктілік кезінде үнемі депрессияға түсіп, көңіл күйінің болмауы да іштегі балаға кесірін тигізеді. Жүктілік кезінде алкогольге тәуелді болу да әлі туылмаған балаға тікелей әсер етеді. Қысқасы, бала денсаулығына құрсақта жатқан сәттен бастап көңіл бөлген дұрыс. Себебі баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар сол кезден бастау алуы мүмкін,-деді логопед-дефектолог.

(Фото: Логопед-дефектолог Нұрсұлтан Мамырханов/жеке мұрағат)

Бала жарық дүние есігін ашқан соң да оның тілі кеш шығуына кері әсерін тигізетін сәттер болады. Мәселен, «шыр» етіп дүниеге келерде бала қысылып туылуы, басында суы шамадан тыс көп болуы, ішегіне оралып туылуы деген сияқты жайттар кездеседі.  Сонымен қатар баланың миына оттегі дұрыс келмеуінен де тілдің кеш шығуы ықтимал.

Медициналық терминмен айтқанда оны «гипоксия» деп атайды. Яғни, оттегі жетіспеуінен болатын патологиялық процесс. Соның салдарынан сөйлеу кешігеді, баланың ойлау қабілеті өзінің жасына сай болмауы мүмкін.

Логопед-дефектолог ананың жүктілік кезеңі өте жақсы деңгейде өтіп, баланың дүниеге келу процесінде ешқандай кемшілік болмаса да кей балалардың тілі кеш шығып жататынын алға тартты.

Өз сөзінде маман бала тілінің кеш шығуына тұқымқуалайтын жайттардың да себебі барын атап өтті. Яғни, аутизм, психо-сөйлеу дамуы (ЗПР) мен сөйлеу дамуының (ЗРР) кешігуі секілді диагноздар да себеп болуы мүмкін.  Бұл диагноздардың сәбидің тікелей анасы немесе әкесінде байқалмаса да қанында болса, кейінгі ұрпаққа берілуі ғажап емес.

Балаға дұрыс көңіл бөлмеу немесен шамадан тыс қамқорлық

Балаға дұрыс көңіл бөлмеу немесе шамадан тыс қамқорлыққа алу да тілдің кеш шығуына себебін тигізеді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары цифрлық технологияға тәуелділік белең алып барады. Ересектер былай тұрсын, әлі тілі шықпаған балаларға дейін смартфонға телміріп өсіп жатыр. Көп ата-ана бастысы бала жыламасын деп қолына ұялы телефон ұстатып қояды. Логопед-дефектолог бұл дабыл қағатын жайт деп отыр. Яғни, бала тілінің кеш шығуына ата-ана өздері себепші болуда. Соның салдарынан бүлдіршін кері байланыстан алыстай бастайды. Бұдан өзге балаға шамадан тыс қамқорлық таныту да тілдің кеш шығуына әсерін тигізеді.

Шамадан қыс қамқорлық дегенді «гиперопека» деп атайды. Өз тәжірибемде ондай жайттар кездесіп жатады. Біз бала күнімізде аулаға шығып, өзге балалармен жиі ойнайтынбыз. Үйде ата-анамыз бізбен жиі сөйлесіп, жасымызға сай тапсырма беріп жататын. Қазір көп ата-ана «Бастысы, қарны, тоқ, киімі бүтін, жататын орны бар. Жыламаса болды» деп айтқанын екі етпей, шамадан тыс еркелетіп жатады.  Бұл кезде балада жалқаулық басталады. Қарапайым мысал, біз өзімізге бір зат керек болмаса, оны алуға әрекет жасамаймыз. Тура сол сияқты егер ата-ана бәрін алдына қойып, қалағанын сөзсіз орындап отырса, балада еріншектік пайда болып, сөйлеуге деген қажеттілік, талпыныс жоғалады,-дейді Нұрсұлтан Мамырханов.

Ата-ана баламен ересектерше сөйлесуі керек

Маманның айтуынша, баламен ересектерше сөйлесу керек. Мысалға келтірер болсақ, тамақты «ням-ням», суды «у», дәретке отыруды «іш дейсің бе?» деп сөйлеу де дұрыс емес. Кей ата-анада еркелеп сөйлессек, бала дұрыс қабылдайды деген ұғым қалыптасқан. Алайда бұл – қате ұғым. Бала туылған сәттен бастап онымен үлкен адамдармен қалай сөйлесесіз, солай анық, ойыңызды ашық жеткізіңіз, әріптердің дұрыс дыбысталуына назар аударыңыз. Бала көргенін жасайды деген сөз бекер емес. Бала үлкендердің сөйлеуіне, ерін, тілдің, жақтың қимылдауына қарай дұрыс сөйлеуді үйренеді.

Дислалия дегеніміз не?

Бүлдіршіндердің тілі уақытылы шыққанымен, кейбірі әріптерді дұрыс дыбыстай алмайды. Оны медицинада «дислалия» деп атайды. Соңғы жылдары елімізде мұндай балалар саны жиілеп кеткен. Соның ішінде қазақ әліпбиіндегі «қ», «ғ», «ң», «і», «ұ» деген әріптерге кей бүлдіршіндердің тілі келмей жатады.

Логопед-дефектолог мұның негізгі себебі ұялы телефонға немесе теледидарға тәуелділіктен деп отыр.

Қазір балалардың көбі ұйқыдан ояна сала «youtube»-ке телміріп отырады. Онда кеңінен танымал «Синий трактор», «Маша и медведь» деген сияқты мультфильмдерді қарайды. Бұл балаларға арналған туындылар орыс тілінде. Көп жағдайда мұндай балалардың тілі орысша шығып жатады. Қазақ әріптеріне тілі келмейді. «Нет», «ноу-ноу-ноу» деген сөздерді үйреніп алады,-деді Нұрсұлтан Мамырханов.

(Фото: Логопед-дефектолог Нұрсұлтан Мамырханов/жеке мұрағат)

Отбасындағы жанжал

Отбасындағы жиі ұрыс-керіс, агрессия да бала тілінің кеш шығуына немесе тұтығып сөйлеуіне әкеп соғатын факторлардың бірі. Себебі мұндай жағдайда балада қорқыныш-үрей пайда болады. Ой-өрістің дұрыс дамымауына да осы жайт кері әсерін тигізіп жатады. Жалпы отбасындағы жиі ұрыс-керіс бала психологиясына ғана емес, өскен кезде де өз салдарын келтіруі ықтимал. Кішкентай кезінен жиі ұрыс-керісті көріп өскен бала өскенде агрессор, жанжалға бейім боп келуі мүмкін.

Пандемия кезінде дүниеге келген балалардың көбінде тілі кеш шығып жатыр

Нұрсұлтан Мамырханов коронавирус кезінде дүниеге келген сәбилерде тілінің кеш шығу жайттар жиі кездесіп жатқанын айтты.

Пандемия кезінде дүниеге келген балалардың алды қазір 4 жасқа келсе, кейінгілері 2-3 жаста. Анасы жүктілік кезінде коронавирусқа шалдыққан немесе пенвмониямен ауырған болуы мүмкін. Тек анасы емес, туылған соң пневмония, көкжөтел деген сияқты дерттерге шалдыққандар сәбилер де бар. Бұл балалар өмірге 12 мүшесі сау боп келгенімен, кейбірінде ой-өрісінің дамуында проблемалар болатынын жоққа шығаруға болмайды. Одан кейін түрлі себептермен операция жасалынған сәбилер бар. Жалпақ тілмен айтқанда «наркоз» алу, шамадан тыс дәрі-дәрмек қабылдау да тілдің кеш шығуына себеп болуы мүмкін,-деді логопед-дефектолог.

Ата-ана: «Бесікке жатпаған баланың да тілі кеш шығады»

Логопед-дефектолог маманынан бөлек, баласының тілі анық шығуы кешеуілдеген бүлдіршіннің анасының да пікірін білдік. Шымкенттік тұрғын Дамира Молданазароваға мамандар перзенті 1-2 айлық кезінде баланың тіл астындағы жүгеншегі (уздечка) қысқа болғандықтан сөйлеуінде кедергілер болуы мүмкін деп айтқан екен. Ол үшін тіл астындағы жүгеншекті хирургиялық жолмен тілдіру керектігі ұсынылыпты.

Жолдасым екеумізде бұл әдіс баламыздың сөйлеуіне оң әсерін тигізгенімен жүйке жүйелеріне кері әсер етіп, шошынып қала ма деген қорқыныш болды. Содан ойлана келе хирургиялық жолдан бас тарттық. Балам 1 жасқа жетер-жетпес «ата», «апа», «мама» деген сөздерді буындап айта бастады, бірақ дыбыстары анық шықпайтын. Баланы дәрігерге тағы да қаратып, сол жақ миында кішкене қозғалыс барын, анық сөйлеуіне кедергі келтіріп отырғанын білдік. Кейін остеопат маманына апарып, 3-4 рет массаж алдық. Балам сөйлей бастады, әлі де дыбыстары анық шықпады. 3,5 жасында аптасына екі рет, ал 4 жасынан бастап аптасына төрт рет балабақшадағы логопед маманы жұмыс істеді. Қазір сол кісінің көмегімен баламның тілі анық, сөздері нақты шығады,-деді Шымкент тұрғыны. 

Кейіпкеріміз баланың бесікке жатпауы да тілдің кеш шығуына себеп болуы мүмкін деп отыр.

Ана болған соң себебін іздейсің ғой. Кейбір мамандар телефоннан, ата-анасының баламен сөйлеспеуінен тілі шықпайды деп жатады. Бірақ мен бұл оймен келіспес едім. Себебі өзім үйде отырған анамын. Уақыт жоқ дейтіндей 4-5 балалы емеспін. Перзентіме туылғаннан бастап қатты көңіл бөлдім. Азаннан кешке дейін үлкен адамдарша сөйлесіп отырамын. Қысқасы, ұзақ зерттей келе біздің қателігіміз баланың бесікке жатпауынан деген ойға келдім. Көбіне аяққа жастық қойып, баланы ұйықтатып жатамыз. Аяқ қатты болғандықтан сәбидің басына батады. Меніңше сол да әсер еткен болуы мүмкін. Себебі логопед баланың бет бұлшық етіне, ауыз қуысына массаж жасайды. Ал бесікте тербетіліп жату - бала үшін нағыз массаж,-деді Дамира Молданазарова.  

Бала 2 жастан асты, бірақ тілі шықпады. Не істеу керек?

Бізде егер бала тілі шықпаған болса, бірден логопед маманына жүгінетін ата-аналар көп кездеседі екен. Бірақ бұл - дұрыс емес. Алдымен баланы невропатолог маманы қарауы керек.  Өйткені мамандар бала тілінің уақытылы шықпауын ең алдымен миының дамуымен тікелей байланыстырады. 

Баланы алдымен невропатологқа апару керек. Олар нақты диагноз қойып, тиісті емді бекітеді. Сосын қай маманға жүгіну керектігін айтады. Ол психолог, дефектолог немесе логопед болуы мүмкін. Оның бәрі диагнозына байланысты. Қазіргі таңда қимыл-қозғалысына байланысты сөйлемей жатқан балалар бар. Баланың тілі шықпаса, тек бір маманмен шектелмеу керек,-деді логопед-дефектолог.

Маманның айтуынша, 10 айлық пен 1,5 жас аралығында бала тілі анық болмаса да буындап сөйлеуді білмесе, ата-ана дереу дабыл қағу керек.

Мәселен, бала туылғаннан бастап анасын, үш күннен соң әкесін таниды екен. Кейін сәби туыстарына, қоршаған ортаға үйренісе бастайды. Уақыт өте қимыл-қозғалыстары пайда болады. Кей ата-ана баласының қимыл-қозғалысы аз, жуас екенін айтып жатады немесе «әкесі сондай болған», «анасы жуас болған» дейтіндер де бар. Балада қимыл-қозғалыс болуы керек. Егер ондай байқалмаса, міндетті түрде маманға қарату керек. Өз тәжірибемде 16 жастағы баламен жұмыс істегенмін. Ол балаға ата-анасы дер кезінде көңіл бөлмегендіктен 6-7 жасында кеш жұмыс жасалынған. Бұл баланың тек тілінде емес, миының дамуында да проблемалар болған. Дұрыс сөйлей алмайды, ойын ым-ишарамен түсіндіреді. Сондықтан еркелік, уақыты келгенде сөйлеп кетеді деп уақыт жоғалтпаған абзал,-деді Нұрсұлтан Мамырханов.   

Тілі шықпаған балалармен жұмыс

Логопед-дефектолог Нұрсұлтан Мамырханов бала тілі нақты мынанша сеанстан кейін шығады деп айту қиын екенін алға тартты. Ол тек маманға емес, баланың қабылдауына, ата-анасының онымен бірге жұмыс жүргізуіне байланысты. Өйткені маман баламен күніне 1-2 сағат жұмыс жүргізсе, қалған уақытын ата-анасымен өткізеді. Сол үшін ата-анаға да үйде баламен жаттығу жасап, тапсырмаларды орындау жүктеледі.

Көп жағдайда тілі дұрыс шықпаған балаларға артикуляциялық аппаратпен логомассаж жасалынады. Ол тек тілге емес, тілдің асты, бетке, жаққа, қасқа жасалынады. Алақанға, саусақпен жасалынатын жаттығулар бар. Темірден жасалынған «зонд» құрылғыларының да көмегі орасан. Бірақ бұл құрылғы барлық балаға бірдей қолданылмайды.

Тілі шықпаған балалармен жұмыс кей жағдайда 1,5 жыл немесе одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Ал егер бала өз жасына сай сөздерді білсе, тек әріптері дұрыс дыбысталмаса, кешенді жұмыстардың арқасында оған 5-6 ай уақыт кетуі мүмкін.

Миының дамуы кешеуілдеген, аутизм белгілері бар балалармен жүргізілетін жұмыс диагнозына қарай кейде бірнеше жылға созылады. 

Балабақшаларда логопед мамандары тапшы

Логопед-дефектолог маманы Нұрсұлтан Мамырханов елімізде логопедтер саны көп болғанымен, білікті мамандар аз деп отыр. Көп балабақшада мұндай мамандар жоқ. Бар болғанның өзінде тек таңнан түске немесе түстен кешке дейін жұмыс істейді. Өйткені жалақы аз болғандықтан жекеменшік орталықтарда еңбек етуге тура келеді.

Бізде білікті логопедтер өте аз. Көп мамандар кәсіби тұрғыда білімі жоқ, тек 1-2 ай ақылы курстарды оқып, қолдарына сертификат алғандар. Жоғары білімі бар, кәсіби маман ретінде айтарым, 1-2 ай бұл саланың қыр-сырын меңгеру аздық етеді. Балабақшалардағы логопедтер тек 2-3 сағатқа немесе түске дейін істейтіндер. Бұл уақытта олар бақшадағы барлық баланы қамтып үлермесі анық. Кешке дейін жұмыста болайын десе, жалақы аз. Олар да ақша тауып, отбасын асырау керек. Өкінішке орай, бізде қазіргі таңда балабақшадағы көп логопед маманы оқуын енді бітіріп келген тәжірибесі аздар. Ал білікті мамандар жалақысы жоғары жекеменшік медициналық орталықтарға барады,-деді Нұрсұлтан Мамырханов.

(Фото: Тәрбиеші Ақерке Пернебекова балалармен/жеке мұрағат)

Шымкенттегі №65 «Тұлпар» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Ақерке Пернебекова мектепке дейінгі білім мекемесіндегілер балалармен күн сайын тыңғылықты жұмыстар жүргізіледі деп отыр. Бекітілген ережеге сәйкес бүдіршіндермен түрлі сабақтар өткізіледі. Оның көбі бала ой-өрісінің дамуына, тілінің ертең шығуына бағытталған.

Бізде қай уақытта не істеу керектігі белгілі кестеге сай жүзеге асады. Мәселен, таңертең бала бақшаға келіп, таңғы жаттығу жасайды. Ал таңғы астан кейін сабақтар жүргізіледі. Мен өзім 3-4 жастағы ортаңғы топ балаларымен жұмыс жасаймын. Біздің топта көп балалардың тілі шыққанымен әлі анық сөйлей алмайды. Тек «апай», «әкел», «меніңкі», «сеніңкі» деген сөздерді айта алады. Сондықтан түрлі әдістерді қолдану арқылы моторикалық сабақтар өткіземіз. Бұл баланың ойлау деңгейін арттыруға, қимыл-қозғалысына, ойлау қабілетінің дамуына септігін тигізеді. Түскі ас ішіп, түскі уақытта ұйықтап тұрған соң балалармен жұмыс жалғасады. Тәрбиеленушілердің ой-өрісін, танымдық сипаттарын, сонымен қатар баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған дидактикалық ойындар ұйымдастырылады. Бұның барлығы бала тілінің шығуына үлкен көмегін тигізеді,-деді балабақша тәрбиешісі.

Білгеніңіз абзал...

Кез келген ата-ана бала дүниеге келген сәттен бастап оның өміріне, дамуына, баланың дұрыс қалыптасуына жауапты. Қазіргі заманда тіршіліктің қамы, отбасын бағу деп жұмысбастылыққа салынып жатқан ата-аналар жетерлік. Бірақ балаға көңіл бөлу дегенді ұмытпаған абзал. Оны мамандар «пайдалы уақыт» деп атайды. Бұл дегеніміз - отбасында балаға көңіл бөлу, баламен әңгімелесу, оның эмоционалды күйін, жан-дүниесін түсінуге уақыт арнау. Психолог мамандарының айтуынша, бұл уақыт баланың жасына сай дамуы ғана емес, отбасындағы түсіністіктің артуына, ұрыс-келістің азаюына да өз септігін тигізеді екен.  Егер балаңызда қандай да бір өзгерістер байқалса, дер кезінде дабыл қағып, маманға қарату керек. Смартфон, гаджеттерді қолдану уақытын шектеңіз немесе мүмкіндігінше қолдануға тыйым салыңыз. Балаңызды ұялы телефондағы ойындардан аулақ ұстаңыз. Ол бала психикасының бұзылуына, агрессия танытуына тікелей әсер етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға