Жаңалықтар

Баланы қалай тәрбиелеген жөн?

Балалар және жасөспірімдер психологы Ақгүл Нұрбековамен сұхбат
Баланы қалай тәрбиелеген жөн?
Фото: el.kz 23.08.2022 19:15 7290

Бала тәрбиесінің отбасында алатын маңызы қашан да зор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана халқымыз. Баланың болашақта қандай тұлға болып қалыптасуы, бойына сіңірген қасиеттерінің барлығы тікелей тәрбиемен, әсіресе ата-анасының оған деген қарым-қатынасымен байланысты. Ендеше елімізде саналы ұрпақты қалыптастыру үшін не істеу керек? Баланы қалай тәрбиелеген жөн? Бүгінде үлкен мәселеге айналып отырған балалардың гаджетке деген тәуелділігінен қалай ажыратуға болады? Осы және өзге де сауалдарымызды балалар мен  жасөспірімдер психологы, өз ісінің маманы Ақгүл Нұрбековаға қойып, сұхбаттасқан едік.

– Ақгүл Нұрбекова, ата-аналар балаларына қалай және неше жастан бастап тәрбие беруі қажет?

– Баланың тәрбиесі ананың жатырына түскен сәттен-ақ басталады. Анасының көңіл-күйі, өзін сезінуі, қалай тамақтанғандығы, денсаулығы бұның барлығы балаға берілетін тәрбиенің негізгі және алғашқы фундаменті деп алсақ болады. Мұның барлығы баланың түпсанасына жазылады. Сондықтан әйел адам жүкті болған кезден бастап, өзінің денсаулығына аса күтіммен қарап, қалаған тағамын жеп, жағдайын жасауы тиіс.

– Кейде баланың өтінішін орындау үшін оған рұқсат беруге болмайтын жағдайлар болады. Оны тәрбиелеу мақсатында «жоқ» деген сөзді жиі айтуға бола ма?

–  3 жасқа дейінгі балаға көп тыйым сала беруге болмайды. Себебі оған дейін бүлдіршін әлемді қабылдай бастайды. «Жоқ» деген сөзді дұрыс түсініп, қабылдай бермейді. «Менің қолымнан барлығы келеді. Мен барлығын жасай аламын» деген позитивті ойда жүреді. Егер 3 жасқа дейін балаға «жоқ» деген сөзді көп айта берсе, оның әлемге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Ол тәуекелге барудан қорқып, өзін әрдайым артқа тартып жүретін болады. Сондықтан бала 3 жастан асқанда барып қана, керісінше жауапты қабылдауды үйретеміз. Ата-аналар әр сөзді өз орнымен айтып үйренуі қажет. Олардың ішінде тіпті баласына ешқашан «жоқ» деп айтып көрмегендері де бар. Мұндай еш нәрсеге тыйым салып көрмеген балдырғандар психологиялық тұрғыдан әлсіз болып келеді. Есейгенде өмірде кездескен көптеген қиындықтарға шыдай алмай, басқаның «болмайды» деген сөзін естіп, әбден стресске түсіп кетеді. Жалпы балаға қалағанын істете бермей, кейде одан бас тартуды үйрету үшін ең алдымен ата-аналар өздері баланың «ұнамайды», «жасағым келмейді» дегеніне түсіністікпен қарауы тиіс. Егер ата-ана баланың өтінішінен бас тартатын болса, оның себебін дұрыстап түсіндіруі қажет. Сонда бала «жоқ» деген сөзді қабылдауды үйренеді.

– Егер ол бірнәрсені дұрыс жасамай не бүлдіріп қоятын болса, оны қалай жазалаған дұрыс?

– Отбасында әр түрлі жағдайлар болып қалуы мүмкін. Соған байланысты баланы жазалайтын не жазаламайтын кездер де болады. Көбіне ата-аналар бүлдіршіннің әлемді тану процесін бұзықтықпен шатастырып алып жатады. Бала болған соң көргісі келеді, білгісі келеді. Сөйтіп абайсызда бірнәрсені сындырып алып, ыдысқа неше түрлі сұйықтықты құйып, араластырып, өз бетінше эксперимент жасап көргісі келуі мүмкін. Яғни бұл баланың әлемді тану үшін қызығушылығы оянды деген сөз. Осындай сәтте оған ұрысып тастау, қандай да бір жаза қолдану кері әсерін тигізіп, бүлдіршіннің потенциалын өлтіріп тастауына дейін жеткізеді. Сондықтан бала кішкене есейген кезде, 5 жастан бастап жаза қолдануға болады. Соның өзінде ол баланы ұру, тамақтан айыру, намысына тию деген сияқты қатаң түрдегі жаза болмауы тиіс. Тек қана баланы уақытша жақсы көретін нәрсесіне тыйым салудың өзі жеткілікті болады. Мысалы, балаңыз сізді ұрды делік. Ата-анаға қол жұмсауға болмайды ғой. Сол үшін жаза ретінде күні бойына теледидар көрмейсің деген секілді әдістерді қолдануға болады.

– Бала тәрбиесіндегі ата-ананың ролі қандай?

–  Балаға негізгі тәрбиені беретін ол ата-ана. Кішкентей шақалақ кезінен бастап оған күтім жасап, жақсы қарым-қатынаспен қарайтын болса, ол баланың болашақта қандай адам болатынын айқындайды. Егер балдырғанға әкесі не шешесі «Оңбаған, сенің қолыңнан дым келмейді» десе, есейгенде ол шынымен сондай баланы тәрбиелеп шығады. Ал керісінше «Сен мықтысың, қолыңнан келеді. Мен саған сенемін» деп үнемі қолдау білдіріп отырса, өз-өзіне сенімді, табысты, әке-шешесіне жанашыр, мейірімді бала болып өседі. Сонымен қатар ата-ана баласына өтірік айтпай, екі сөйлемей, айтқанында тұрса, бала да шыншыл болып, көңілдерінен шығуға тырысатын болады. Сондықтан бала тәрбиесі – ата-ананың жауапкершілігі.

– Бүлдіршінді қатал тәртіппен тәрбиелеген дұрыс па әлде еркіне жіберу керек пе?

–  Әрине, баланы тым қатал ұстауға да, бос жіберіп қоюға да болмайды. Ортақ балансын ұстаған дұрыс. Егер қатал тәртіппен тәрбиелейтін болса, ол қорқақ, жасқаншақ болады. Ал еркіне жіберсе «Мен бәрін білемін. Өзім жасаймын» деген эгоистік көзқарас қалыптасуы мүмкін.

Баланы қалай тәрбиелеген жөн?


– Ата-аналар бала тәрбиесінде қандай қателіктерді жиі жіберіп жатады?

–  Ең басты қателік – бала психологиясын білмеу. Өз баласының мінез-құлқын білмей, оның миы қалай дамитынынан мүлде бейхабар ата-аналар бар. Бұл білместік – балаға тәрбие беруде үлкен қателікке әкеп соқтырады. Сондықтан мен әке-шешенің басты қателігі баласын зерттемеу, оны қабылдай алмау деп ойлаймын. Өз баласын толықтай білетін ата-ана оны дұрыс тәрбиелеу жолын да біледі.

– Баланы тәрбиелеген кезде оған қол жұмсау қаншалықты дұрыс?

– Мен баланы ұрып-соғуға мүлдем қарсымын. Тіпті пайғамбарымыз «Мейірімділік көрсетпеген мейірімділік көрмейді» деген ғой. Бала ересектерден әлсіз, ұрса қашып кете алмайды. Үйдегілерден қысым көрген бала өзін жеккөре бастайды. «Мені әке-шешем ұрды. Демек мен жаманмын» деп өз агрессиясын өзіне шашады. Сол себепті әр адам қол жұмсамас бұрын әбден ойланып алғаны жөн. Мен кімді тәрбиелеп жатырмын. Мен ұрғаныммен бұл мәселе шешімін таба ала ма? Ата-ана өзіне осындай сұрақтарды қоюы қажет.

– Үйден зорлық-зомбылық көрген бала болашақта қандай адам болады?

– Әдетте мұндай бала тым қорқақ, тұйық, ешкіммен араласқысы келмейтін, басқаларға агрессиясын көрсететін адам болуы мүмкін. Сондықтан кез келген адам бала тәрбиелегенде өзіне бірнеше сұрақты қоюы тиіс. Мен баламды қалай тәрбиелеп жатырмын. Ол есейгенде өзгелерге не көрсете алады? Есейген өз балаларына қандай тәрбие береді? Мен оған не үйретіп жатырмын? Осы сұрақтарға жауап беріп қана бала тәрбиесіне кірісу қажет. Сондықтан баланың болашағына балта шабуға болмайды.

– Бала тәрбиесінде қандай қағидаларды басты назарда ұстаған жөн?

– Өз балаңды ешқандай шартсыз, қалай бар, сол күйінде қабылдай білуің керек. Кейбір ата-ана баласының жылағанын, ашуланғанын көтере алмай, тек баласы жақсы оқыса, күліп жүрсе ғана жақсы көріп, махаббатын беруге тырысады. Ал керісінше баласы қателік жасап, бірнәрсе бүлдіретін болса, оның өзіне ұрысып тастайды. Сондықтан қандай жағдай болмасын ата-ана балаға қолдау білдіріп, әсіресе баласы қиналған сәтте жанынан табыла білуі қажет.

– Елімізде саналы ұрпақ қалыптастыру үшін не істеу қажет?

–  Саналы ұрпақ қалыптасуы үшін ата-аналар өздері сауатты болуы керек. Ол үнемі ізденісте болып, бала туралы бар ақпаратты білуі тиіс. Сондай-ақ білімді әке мен шеше баласына да білім беріп, оның ақылды, саналы ұрпақтың қатарынан болуына үлкен үлесін қосады. Білімді, сауатты ата-анадан саналы ұрпақ тарайды.

– Түрлі гаджеттерді қолданып, әлеуметтік желіге кіру баланың жүйке-жүйесіне қалай әсер етеді?

–  Гаджеттің қай түрі болмасын баланың жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізеді. Себебі бала күні бойы ойнап, жүгіріп, ата-анасымен, жақындарымен ұдайы қарым-қатынаста болуы керек. Ал егер мұның барлығын гаджет алмастырған жағдайда баланың жүйке-жүйесі шаршайды. Ол өз эмоцияларын басқара алмай, агрессияға тым бейімделіп кетуі әбден мүмкін. Балалардың ішінде әсіресе мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қатты қажет болмаса, оларды гаджеттен шектеу дұрыс шешім болады. Тіпті берген күннің өзінде күніне 30-40 минуттан асырмаған жөн.

– Кейбір ата-аналар балалары жыласа болды, қолына гаджет ұстата салады. Олардың телефоннан қалай көңілін бөлуге болады?

–  Гаджетте тым көп уақытын өткізетін балалар есейе келе әке-шешесінен қолдау іздемейтін болады. Яғни гаджет бала үшін ата-ананың орнын алмастырып кету қаупі туады. Бала жылап, ашуланған кезде мұның себебін анықтап алған жөн. Оның жеке қажеттіліктерін өтеу керек. Егер ата-ана баланың әр қажеттілігін өтеместен, телефонмен алдай беретін болса, бұл мәселе одан сайын күрделене түседі. Ең соңында мұның барлығы баланың психологиясы мен мінез-құлқының өзгеруіне алып келеді. Сол себепті баланың көңілін жақсы заттарға бұрып, өзі ұнататын ісімен айналысуын қамтамасыз ету қажет.

– Ата-аналарға бала тәрбиесінде қандай кеңес беретін едіңіз?

–  Ата-ана баласын түсінуді үйренуі қажет. Көп ата-ана басты фокуты баласы нені жасай алмайды, соған қояды. Мысалы, бала тым жалқау, еріншек болса, тек соған ғана тіреліп қалып, оның басқа да жақсы қасиеттері назардан тыс қалады. Сол себепті ең басты фокусты баланың жақсы, мықты қабілеттеріне қою керек. Сіз баланың қай қасиетіне көбірек назар аударсаңыз, сол қабілетін одан әрі дамытып, жоғарылатып жатырсыз деген сөз. Бұл менің ата-аналарға беретін басты кеңестерімнің бірі.

–  Өзіңіз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?

–  Мен балаларымды жас ерекшеліктеріне қарай бөліп, әр баланың мінез-құлқына сәйкес жеке-жеке жұмыс жасаймын. Барынша бар жақсы қасиеттерді, үлкенді сыйлауды, адамгершілікті, мейірімділікті, өзгерлерге үнемі қолдау білдіріп, көмек көрсетуді үйретіп отырамын. Балаға үнемі ата-ана өздерінің қолдап отыратынын, жақсы көретінін еске салып отырғаны жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға