«Бала мен әйелдің құқығы қорғалмай отыр». Абзал Құспан тоқал алуды заңдастыру жайлы
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан қазақ қоғамында «тоқал» және «екінші әйелден туған бала» тақырыбы әлі де ашық айтылмайтынын, сол себепті кейбір әйелдер бала құқығын қорғау үшін әрекет ете алмайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның сөзінше, қазіргі «Неке және отбасы туралы» кодексінде бір ғана неке тіркелетіні көрсетілгенімен, сол тыйымды бұзғаны үшін ешқандай заңдық жауапкершілік қарастырылмаған.
«Неке кодексінде» тыйым бар. Тек қана бір неке тіркеледі, екіншісі тіркелмейді. Ал сол тыйымды бұзғаны үшін ешқандай жауапкершілік жоқ. Бұрын мұндай жауапкершілік болған. 1959 жылдан 1998 жылға дейін күшінде болған алғашқы Қылмыстық кодексте көп әйел алғаны үшін тікелей қылмыстық жауапкершілік қарастырылған 107-бап бар еді. Бірақ 1998 жылы жаңа кодекс қабылданғанда бұл бап алынып тасталды. Неге, не үшін алып тастағанын білмеймін, – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада «Неке кодексіндегі» тыйым нормасы формалды сипатта ғана қалып отыр.
Қазір ол баптың ешқандай рөлі жоқ. Рұқсат берсеңіз де, бермесеңіз де ешқандай айырмашылық болмайды, себебі жауапкершілік жоқ, – дейді ол.
Сонымен қатар, депутат бұл мәселені балалар мен әйелдердің құқығы тұрғысынан қарастыру қажеттігін айтты. Қазақстан 1994 жылы БҰҰ-ның Балалар құқығы туралы конвенциясын ратификациялаған, онда әрбір баланың өз ата-анасын білуге, олардың қамқорлығын алуға құқығы бар екені көрсетілген.
Конвенцияда әрбір туған баланың ата-анасын білуге, олардың қамқорлығын алуға құқығы бар деп нақты жазылған. Бұл норманы орындауды мемлекет өз мойнына алған. Ал біздің неке туралы заңда баланың құқықтары декларативті түрде ғана бар, іс жүзінде жұмыс істейтін механизм жоқ, – деді Абзал Құспан.
Заңгердің айтуынша, бұл құқықтың жұмыс істеуі көбіне ананың жағдайына байланысты.
Егер тоқал бала туған болса ғана белгілі бір құқық іске асады. Ал анасы сауатсыз, адвокат жалдауға мүмкіндігі жоқ немесе қоғамнан ұялатын жағдай болса, ол ешқайда жүгінбейді. Ал бала тумаса – ешқандай құқық та жоқ, – деді ол.
Абзал Құспан өз сөзінде тоқалдық институтына қарсы екенін, бірақ қоғамда бар құбылысты заңмен реттеу қажеттігін тағы да атап өтті.
Мен ол институтқа өзім қарсы екенімді айттым. Бірақ бұл – таза құқықтық мәселе. Бала мен әйелдің құқығы қорғалмай отыр. Сондықтан мұны заң аясында реттеу қажет, – деді депутат.

