Коллаж El.kz

«Бала болсам да, оған ренжи алмадым»: актердің айтылмаған ақиқаты

31.12.2025 15:30

Қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым – Қожа» фильміндегі басты кейіпкерді сомдаған Нұрлан Сегізбаевтың бейнесі көрермен жадында мәңгі сақталды. Өкінішке қарай, актер жақында 59 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Осы орайда марқұмның киноға түскен кезеңі мен кейінгі өмір жолы жайлы өзі қалдырған естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрлан Сегізбаевтың естелігінен

«Менің атым – Қожа» фильмін түсіру үшін Алматы облысының іргесіндегі бірнеше ауыл таңдап алынды. Олар – Талғардағы «Учхоз», «Қызылқайрат» елді мекендері, Қаскелеңнің шеткі көшелері және Асы жайлауындағы шопандар тойы өтетін кең алқап. Киностудия әкімшілігі бұл жерлерді бекер таңдамаған. Біріншіден, ауылдардың табиғаты көркем болса, екіншіден, түсірілім алаңы Алматыға жақын орналасқандықтан, артық шығынды қажет етпеді.

Фильммен байланысты есімде ерекше сақталған екі оқиға бар. Біріншісі – түсірілім кезінде темекі тартамын деп ауырып қалғаным. Фильмде Сұлтан мен Қожа жайлауға кетіп бара жатып, «Жігіт болды деген – міне, осы» деп шылым шегетін эпизод бар ғой. Сол көріністі түсіріп жатқанда «Прибой» ма, әлде «Беломор» ма – нақты есімде жоқ, әйтеуір біреуін қатты сорып жіберіп, қақалып, ес-түссіз аттан құлап түстім. Содан кейін екі-үш күн тамақ батпай, жүрегім айнып, басым айналып қатты ауырдым.

Кино үшін бір жылға қалған оқушы

Екінші есте қалған жағдай – осы фильмге түсемін деп төртінші сыныптан бесінші сыныпқа өте алмай, бір жылға қалып қойғаным. Мектеп дирекциясы бастапқыда «Қазақфильм» басшыларымен келіссе де, менің наурыз, сәуір, мамыр және қыркүйек, қазан айларында сабаққа мүлде қатыспағанымды ешбір ережеге сыйғыза алмады. Ақырында төртінші сыныпта қалып қойдым. Сол себепті мектепті өзіммен бірге оқыған атақты әнші Әлібек Дінішевтен бір жыл кейін бітірдім.

әлеуметтік желіден алынды 

Фильм дайын болған соң Алматы көшелеріне «Менің атым – Қожа» фильмінің жарнамасы ілініп, оның «Қазақстан» кинотеатрында көрсетілетіні хабарланды. Алғашқы көрсетілімге Кененбай Қожабеков, Бикен Римова, Раиса Мұхамедиярова және бәріміз шақырылдық. Сценарий авторы Бердібек Соқпақбаев пен режиссер Абдолла Қарсақбаев ел алдына шықты. Қошемет, ду қол шапалақ, гүл шоқтары, мақтау сөздер – бәрі болды. Бірақ шынын айтсам, төртінші сыныпта оқитын мен сол қошеметтің әсерін онша сезіне алмадым.

Кинодан кейінгі өмір жолы

Мектепті бітірген соң ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсемін деп едім, жолым болмады. Күз, қыс, көктем бойы «Ленинская смена» газетінде жұмыс істедім. Кейін жазда Өскемендегі педагогикалық институтқа оқуға түстім. Оны бітірген соң жолдамамен Қатонқарағай ауданының орталығындағы орыс мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып 1977 жылға дейін қызмет еттім.

Жастықтың желігімен кейін отбасыммен бірге Якутияның Усть-Миль елді мекеніне кеттік. 1982 жылы Якутиядан Мәскеуге келіп, ВГИК-тің сценарий факультетіне құжат тапсырдым. 52 үміткердің ішінен екінші болып өтіп, кино тарланы Евгений Габриловичтің шеберханасына қабылдандым.

Фильмде менің кинодағы анам – Бикен апайдың баласының бұзақылығына налып, төсекте көңілсіз жатқан сәтінде жылап тұрып түзелуге уәде беретін көрініс бар. Сол эпизодта Бикен апайды көріп, неге екенін білмей, күлкім келе берді. Көзіме су тамызуға тырыстым, бірақ болмады. Абдолла аға да, Бикен апай да ренжіді. Үш-төрт дубль жасалды.

Кенет кезекті түсірілім кезінде Абдолла аға жаныма келіп, шапалақпен тартып жіберді. Түсіруші топ аң-таң, бәрі тым-тырыс бола қалды. Өкпе мен ызаға булыққан менің көзім жасқа толып шыға келді. Сол сәтті түсіріп алып, айналадағылар «түсірілді» деп қуанып кетті. Абдолла аға жаныма келіп, құшақтап, бетімнен сүйді. Бала болсам да, оған ренжи алмадым.