Жаңалықтар

«Бала барыстың» арманы «Қазақстан барысы» атану

Жас балуан «Бала барысы» атанды
«Бала барыстың» арманы «Қазақстан барысы» атану
Фото: жеке мұрағат 31.10.2022 16:16 3048

Тұңғыш рет Қызылорда қаласында қазақ күресінен «Бала барысы» облыстық бәсекесі өтті. «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған дүбірлі дода жасөспірімдерді ұлттық спортқа баулуды көздейді.

Қызылордалықтар қазақ күресінен байрақты бәсекелерде бәсі биік. Оған дәлел «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов атанды. Мақсатқа еліктеген 30 жасөспірім ішінде өзара мықтылар анықталды. Соның ішінде, «Семетей Жалын» лақап атымен Әлихан Әлиасхаров дараланды. Сөйтіп, «Бала барысы» атағын қанжығасына байлады.

Жас балуанның жаттықтырушысы Сымбат Оспанов Әлиханның төртінші сыныптан бастап қазақ күресімен айналысатынын айтты.

«Оның нағыз спортшыға тән мінезі бар. Турнирге тыңғылықты дайындалды. Байрақты бәсекеге «Семетей Жалын» лақап атымен шықты. Финалда бәсекеге дейінгі қарсыластары мықты болды. Белдесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда «қырха» әдісімен таза жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, сыр елінің алғашқы «Бала барысы» атанды», – дейді жаттықтырушы Сымбат Оспанов.

Әлихан Әлиасқаров жарысқа күн-түнімен дайындалғанын атап өтті. Жас палуан болашақта Ұлан, Мақсат, Еламан сияқты «Қазақстан барысы» атағын алған ағаларының жолын жалғастыруға ниетте.

Бүгінде қазақ күресінен жаттықтырушы Сымбат Оспанов енді республикалық масштабқа дайындалу үстінде. 45 шәкіртті күрестің қыр-сырына баулуда. Болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде.

Еске сала кетейік, 2011 жылы ұйымдастырылған алғашқы «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарған қызылордалық Ұлан Рысқұлов болатын. Ұланның жеңісті жолын жалғаған – Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабылов Сыр елінің мақтанышы. Сыр елінің тумалары – бүгінде қазақ күресінде өзіндік орны бар балуандар. Енді «Бала барысы» атанған Әлихан ағаларының жолын қумақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға