Жаңалықтар

Бакуда Қазақстан дипломаттары Абай күнін атап өтті

Әзербайжандық достарға Абайдың «Адам бол!» атты өнегелілік формуласының мазмұны, оның адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ағартушылыққа қатысты үндеулері жөнінде айтып берді.
Бакуда Қазақстан дипломаттары Абай күнін атап өтті
Фото: дереккөз 10.08.2022 23:33 1179

Қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысының 177 жылдығын мерекелеу аясында Баку қаласындағы Абай Құнанбайұлы көшесінде Әзербайжанның шығармашылық зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар мен жазушылар қатысқан еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды EL.KZ.

Елшілік мәліметіне қарағанда, іс-шара басталар сәтте қатысушылар Абайдың ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойып, марқұмды құрметпен еске алды.

Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде қонақтарды айтулы күнімен құттықтай отырып, қазақ халқының рухани байлығы болып табылатын Абайдың баға жетпес шығармашылық мұрасы болашақ ұрпақ үшін мәңгілік маңызға ие екенін атап өтті.  Әзербайжандық достарға Абайдың «Адам бол!» атты өнегелілік формуласының мазмұны, оның адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ағартушылыққа қатысты үндеулері жөнінде айтып берді.  Оның озат шәкірттері кейіннен қазақ халқының жерге деген құқығы, өзін-өзі басқару, тілі, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалу жолында арпалысқан «Алаш» партиясы мен Алаш автономиясын құрғаны айтылды.

Дипломат абайтанушыларға олардың Абай шығармаларын әзербайжан тіліне аударудағы жылдар бойғы еңбегі, Абайдың бүкіл түркі әлемі мен дүние жүзі әдебиеті үшін құнды болып табылатын мұрасына деген құрметтері мен сүйіспеншіліктері үшін алғыс білдірді.

Сөз алған қонақтар Абай қазақтың өз халқына бақ-берекеге жетелейтін тура жол көрсеткен біртуар перзенті, ғалымы, мақтанышы екенін, әрі оның еңбектері бүкіл адамзатқа, оның ішінде, бауырлас әзербайжан халқына да тиесілі екенін атап өтті.

Акция геосаясат, дін, әдебиет және өнер мәселелерін зерттейтін белгілі әзербайжандық тарихшы, публицист, теолог Теймур Атаевтың «Абайдың ұлылығы немесе 21 ғасырдағы ойшылдың портретін жасауға талпыныс» атты кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Бұл басылымда Абайдың атақты шығармасы – «Қара сөздері» талданады. Автор бұл еңбекті түрлі қырынан зерттеген, оның ішінде Абай ойларын қасиетті Құрандағы уахилермен салыстыруға тырысқан. Бұл ретте автор қазақ тарихының ақын тұлғасын қалыптастыруға әсер еткен даңқты беттері мен Абайдың басынан өткен сан-алуан жағдайлар көрнекті ағартушының қазақ ой-пайымына өлшеусіз үлес қосуына мүмкіндік бергенін түсінуге ұмтылады.

Аталған кітаптың тұсаукесері Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында Бакудегі Теңіз жағалауы бульварында тігілген қазақтың киіз үйінде өтті.

Іс-шара сөзі мен әнін Абай жазған әйгілі өлеңдер мен музыкалық шығармалардың орындалуымен аяқталды. Қонақтар сондай-ақ қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, Қазақстанның заманауи даму қарқыны, мәдени және туристік көрікті жерлері туралы бейнероликтерді тамашалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға