Жаңалықтар

Баймағанбетовтер әулеті – әдеп пен ізгіліктің ұясы

Баймағанбетовтер әулеті – әдеп пен ізгіліктің ұясы
16.08.2019 18:46 5283

Еліміз 2013 жылдан бері «Отбасы күні» атты жаңа  мейраммен қоса жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» сайысын  дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болған байқау - отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мақсат етеді. Расында да, әрбір азамат үшін Отан деген сөзден кейін жанұя тұратыны белгілі. Өйткені отбасы елдің әрбір мүшесіне жарық дүние сыйлап, қанатын бекітіп, қоғамға қосатын мекен десек, әсте қателеспейміз. Қаншама данышпандар мен данагөйлердің ең алғаш рет тәлім мен тәрбиені бойына сіңіріп, өмірге көзқарасын қалыптастырған отбасылық ортаның мәртебесі биік. Жыл сайын отбасылық құндылықтарды нығайтып, ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауында биыл облыстық кезеңінде қостанайлық Баймағанбетовтер әулеті жеңіс тұғырынан көрінді. Әулет отағасы Мәлік Тоққожаұлы мен Ақлима Көкенқызы балаларының әрқайсысының бойына патриоттық тәрбиені сіңіртіп өсірген. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 17 немере сүйіп отырған бақытты жандар.  Қазіргі таңда Қостанай облысы Албарбөгет ауылдық округі Көкалат ауылында тіршілік етіп келе жатқан отбасы мүшелерімен әңгімелескен болатынбыз.


 

Әулеттің отағасы Мәлік Тоққожаұлы Баймағанбетов  1950 жылы 5 желтоқсанда Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай селосында дүниеге келген.  1958 жылы мектеп табалдырығын аттаған Мәлік Тоққожаұлы 4 сыныптан бастап ауыр атлетика спортымен шұғылдана бастаған. 1968 жылы он жылдық сыныпты аяқтаған соң, бозбала шағында тура екі жылға Украинаның Харьков қаласында әскери борышын өтейді. Сол кездері  өзінің шеберлігін көпшілікке мойындатып, зілтемір көтеруден полктың чемпионы атанды. Осылайша ол үлкен спорттың дәмін татып, осы саланы болашақта серік етуді мақсат еткен. Торғай даласынан тұңғыш шыққан кәсіби зілтемірші мектеп қабырғасынан бастап талай байрақты бәсекелерге қатысып, көк туымызды желбіреткен еді.

– Спортқа жақын болу – ауылдың барлық балаларына тән үрдіс қой... Ауыр атлетикаға деген қызығушылығым әсіресе мектеп қабырғасынан басталды. Сол кездері біздің ауылымызға үй тұрғызуға шешен ұлтының азаматтары келген. Олар салмағы ап-ауыр  трактордың темір доңғалақтарын емін-еркін көтеріп жүре беретін. Содан өз-өзіме  мұндай іс менің де қолымнан келеді дедім. Өйткені күндегі ермегім осындай темір-терсек көтеру еді, - деп еске алды зілтемірші.

Әскерден оралған соң 21 жастағы жалындаған жас жігіт ауылда екі жылдай совхоздың малын баққан. Кейін оқу іздеп, Павлодар жаққа жол тартады. Мұнда трактор зауытында қызмет етіп жүргенде облыстың мемлекеттік педагогикалық институтының спорт тәлімгерлері жас спортшының қабілетін байқаған. Сөйтіп, спортты жанына серік еткен торғайлық азамат көп ұзамай институт студенті атанады. Оған қоса, ауыр атлетикадан облыстың құрамасына алынып, Қарағанды, Теміртау, Балқаш және тағы басқа қалаларында өткен республикалық біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болған. Оған қоса 1977 жылы  Қазақ КСР студенттер универсиадасында 52 келі салмақ дәрежесі бойынша турнирінде топ жарып, чемпионы атағын жеңіп алады. Бір қызығы арада 42 жылдай уақыт өтсе де, сол кезде алған марапат қағаз қазір Қостанай облысы Жангелдин аудандық спорт мектебіндегі жетістіктер қабырғасында ілулі тұр екен. Дене тәрбиесі факультетін тәмамдаған соң, Мәлік Тоққожаұлына бапкерлері Павлодарда қалуға ұсынған жасапты. Алайда әкесі қарсы болып, Торғайға алдырады. Сөйтіп,  туған ауылындағы мектептердің біріне мамандығы бойынша қызметке орналасқан.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей кәсіби зілтемірші мұнда дене шынықтыру пәні мен қоса  бапкерлікті қатар қолға алған. Бақ сынаған жарыстардан жүзден жүйрік атанған Мәлік Тоққожаұлы шәкірт тәрбиелеуде де оза шыққан. Өйткені оның шәкірттерінің бірі Мұрагер Сейілхан облысқа танымал. Жеңіл атлетикадан көптеген жарыстардың жеңімпазы болған ол Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін қызыл дипломмен бітірген. Және бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұран академиясының магистратурасын тәмамдап, қазіргі кезде Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дене тәрбиесі мұғалімі болып қызмет етеді.

Туған ауылында сіңірген ерең еңбегіне күллі торғайлықтар дән риза. Себебі өз күшімен шәкірт даярлау ісіне кірісетін адамдар саны саусақпен санарлық екені белгілі емес пе? Ал ағамыз болса, барша аудандағы жас өскіннің дұрыс жол табуы үшін шама-шарқы келгенше жағдай жасады. Бүгінде ұлағатты ұстаз Мұрагер Сейілхан секілді Айна Тоққожа, Сәкен Бекзада, Ғарыпжан Дархан, Байғазы Жәнібек, Жақаш Нұрым секілді тағы басқа шәкірттерін мақтанышпен айтады.  Осындай талай чемпиондарды шығарған зейнеткер зілтемірші саламатты ұрпақ тәрбиелеу үшін әлі де іздене беретінін тілге тиек етті. Алдағы уақытта да киелі Торғай өңірінен Қазақстанды төрткүл әлемге танымал ететін зілтеміршілердің шығатынына сенімді екенін айтады.

Қызмет жолында спорт шеберлігіне үміткерлер тәрбиелеген білікті бапкердің жетістіктері жетерлік. Облыстың  спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін республикалық, облыстық және аудандық көлемдегі көптеген алғыс хаттар мен медальдар мен марапатталған.

Ал қолы қалт еткен кездері Мәлік Баймағанбетов өзінің сүйікті ісі яғни зілтемір көтерудің қыр-сырын қағаз бетіне түсіретін. Содан үздіксіз айналысқан бұл ісі 2018 жылы жемісін берген екен.  Өмірін спорт саласына арнаған тәлімгер Қостанай қаласындағы баспалардың бірінен зілтемір көтерудің қыр-сыры жазылған «Пауэрлифтинг – күш сайысы» деп аталатын әдістемелік жинағын басып шығарды. Отыз жылдан аса дене тәрбиесі мұғалімі болған Мәлік Тоққожаұлы 2014 жылы зейнеткерлікке шыққан. Алайда ұстаз зейнеткерлікте болса да, еңбектен қол үзген емес. Ардагер-спортшы 2014-2016 жылдары Албарбөгет округінде спорт методисі қызметін атқарды. Ал бүгінде жасы жетпіске тақаса да, ол пауэрлифтинг спортына қызығушылық танытқан жастарға тәлім тәрбие берумен айналысады.

Бүгінде Мәлік Тоққожаұлының есімі бүкіл Торғай жеріне белсенді қоғам қайраткері, зілтемір көтеруден Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер мен жастардың спорттық «Алға» қоғамдық бірлестігінің және ауылдық мешіт алқасының төрағасы, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі әрі спорт ардагері ретінде танымал.

Бос уақытында өлең айтып, сурет салғанды ұнататын Мәлік Тоққожаұлы өзі өмір сүретін көпшілік ортада салауатты өмір салтын қалыптастырып, дене тәрбиесін дамытуды қалайды.

Қазіргі таңда  бір шаңырақ астында жұбайы Ақлима Баймағанбетовамен 45 жылдан аса тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олар алғаш 1974 жылы Арқалық қаласындағы медициналық училищенің қабырғасында танысқан. Сол кездері Ақлима Көкенқызы осы училищенің мейірбике курсында білім алып жүрген.

Әулеттің отанасы Ақлима Көкенқызы Баймағанбетова 1953 жылы 8 қазанда Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Диевка ауылында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын Павлодар қаласындағы бала-бақшалардың бірінде тәрбиеші-мейірбике болып бастаған.  Кейін тұрмысқа шыққан соң бала тәрбиесі және үй шаруашылығымен айналысқан. Оған қоса арнайы «Ана» медалінің иегері атанады.

Қазіргі кезде Қостанай облысы Жангелді ауданының Көкалат ауылында тұратын Мәлік Тоққожаұлы мен Ақлима Баймағанбетова алты бала өсіріп, олардан 17 немере сүйіп отырған жандар.

Баймағанбетовтер әулетінің  тұңғышы Алхагүл Мәлікқызы 1975 жылы Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. Алайда ауылда  11 жылдық  мектепті тәмамдаған соң, тігіншілікпен  және үй шаруашылығымен айналысқан. Содан 2002 жылы өзінен бір жасқа үлкен сол ауылдың тумасы Естай Жақашұлына тұрмысқа шығып, ортақ некеден екі бала дүниеге келген. Өкінішке қарай, балалардың әкесі кенеттен ауырып, 2010 жылы  қайтыс болған. Ал балаларының үлкені 2004 жылы дүниеге келген Майгүл былтыр жол апатына түсіп, көз жұмады. Майгүлдің інісі  2006 жылы дүниеге келген Нұрым биыл 8-ші сыныпқа көшті. Қазіргі кезде анасы екеуі Көкалат ауылында тұрып жатыр.

– Біздің екінші перзентіміз Эльмира 1976 жылдың 7 қыркүйек күнінде Павлодар қаласында дүниеге келген. Қызымыз кішкентайынан тігін тігуге бейім еді. Содан мектеп бітірген соң қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысты. Қазіргі кезде заман талабына сай өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол 1994 жылы Жасұлан Құлмағанбетовке тұрмысқа шығып, ортақ некеден  алты бала өмірге келеді, - дейді әулет отанасы Ақлима Бөкенқызы.

Бүгінде Жасұлан Құлмағанбетов пен Эльмира Баймағанбетованың үлкені 25 жастағы Саятхан Жасұланұлы құрылысшы болып қызмет етеді. Ал оның інісі 22 жастағы Нариман болса, жақында Отан алдындағы борышын өтеп келіпті. Нариманның соңынан ерген інісі Әлихан биыл мектепті бітіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсіпті. Әлиханның қарындасы Жансая 10-сыныпты, кенжесі Әділхан 7-сыныпты бітірген. Қазіргі кезде олар Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылында тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Әулеттің үшінші перзенті Ерлік Баймағанбетов 1978 жылы 11 қарашада Қостанай облысы Жангелді ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қостанай облысына қарасты Арқалық кооперативтік техникумында оқыған. Кейін әскерден келгесін 2002-2010 жылдары төтенше жағдайлар департаментінде құтқарушы болып қызмет еткен. Ерлік Мәлікұлы бір жылдары суға батып бара жатқан 13 жасар баланы құтқарып қалған. Осындай еңбегін бағалаған еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі алғыс хатпен марапаттаған екен. Қазіргі кезде жеке фирмада электромонтер болып жұмыс істейтін әулеттің үшінші баласы осыдан сегіз жыл бұрын отбасын құрған. Қазіргі кезде зайыбы Шарапат Баймағанбетова екеуі екі бала өсіріп отыр.  Оның үлкені Бақтияр 13-те болса, кенжесі Мансұр 5 жаста екен.

Ерлік Мәлікұлының артынан ерген інісі Бақытбек Мәлікұлы 1983 жылы 4 наурызда Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. Бұрын мал шаруашылығында қызмет еткен Бақытбек Баймағанбетов  қазіргі кезде Жангелді ауданының Албарбөгет ауылдық округінде жұмыс істейді. Бос уақытында шығармашылықпен, сурет салумен және гір тасын көтерумен айналысатын Бақытбек Мәлікұлы 2008 жылы отбасын құрған. Қазіргі таңда жұбайы Айнұр Баймағанбетова мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бүгінде ортақ некеден дүниеге келген төрт баласы Көкалат ауылына қарасты Албарбөгет орта мектебінде оқиды. Үйдің үлкені Жаңагүл 5-сыныпқа, Гүлназ 4-сыныпқа көшті. Ал Жанерке 2 сыныпқа ауысса, кенжесі Нұрсаят биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайды.

– Үйіміздің кенже қызы Маржан 1987 жылы 1 маусымда  Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін бітірді. Қазіргі кезде облысымыздағы бұрынғы Таран қазіргі Бейімбет Майлин ауданы Юбилейный ауылындағы «Юбилейный» орта мектебінде тәрбиеші болып жұмыс істейді, - дейді әулет отағасы Мәлік Тоққожаұлы.

Маржан Мәлікқызы 2008 жылы  Аслан Жәлеловпен шаңырақ құрып,  бүгінде екеуі қос баласына көпке үлгі боларлықтай тәлім-тәрбие беріп отыр. Жолдасы Аслан Жәлелов жеке фирмада технолог болып қызмет етіп жүр. Ал олардың үлкен баласы Жанасыл биыл 4-сыныпқа көшсе, кенжесі Ерасыл 1 жаста  екен.

Осындай татулығы жарасқан Қостанайлық мерейлі отбасы мүшелері бос уақытында түрлі іспен шұғылданады.

– Мен өзім бала күнімнен гүл еккенді және оларды бағып-күткенді ұнатамын. Ал балаларымның сүйікті істері әртүрлі. Мәселен, Алхагүл қолөнермен және тоқыма ісімен айналысып, көздің жауын алар түрлі киім-кешектерді тіккенді, Эльмира қызым да тігін тігіп, оларды  ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіргенді жаны сүйеді. Ол әрі кішкентайынан сурет салуға бейім. Ал ұлдарым Ерлік  пен Бақытбек спортпен шұғылданып, өлең айтуды жақсы көреді, - дейді анасы Ақлима  Баймағанбетова.

Отбасы деп аталатын шағын мемлекеттің өз заңы болатындай, Баймағанбетовтер әулетінің де өзіне ғана тән, әрі оның мүшелеріне ғана ыстық әрі жақын сезілетін салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Бірақ солардың ішінде барлық қазақ отбасына ортақ қасиет үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, ананы аялап, әкені сыйлап әрі қазақи тәрбие мен тәртіпті бұлжытпай орындап келе жатқанын байқауға болады.

– «Отан отбасынан басталады» демекші, елімізде береке мен бірлік, ынтымақ пен татулық болу үшін әрбір шаңырақта түсіністік пен келісім болуы қажет деп есептеймін. Және көрші-көлемдерімен тату болған дұрыс. Аллаға шүкір өзіміз көршілерімізбен жақсы қарым-қатынастамыз. Олармен өкпелескен, ренжіскен және сыйластығымызға сызат түскен кездер болмапты. Қазіргі таңда әлемнің бір жерінде соғыс, бір жерінде төңкеріс болып жатқаны бәрімізге белгілі. Ал бізде шүкір, 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында  бейбітшілікте ғұмыр кешіп жатыр. Алла осы бейбіт күнімізден айырмасын, - дейді әулет отағасы Мәлік Тоққожаұлы.

Ал шаңырақтың ұйытқысы мен шаттығы әрі ақылшысы болып отырған Мәлік атай мен Ақлима әжейді  ұрпағы  алақандарына салып бағуда. Осындай саналы ұрпағының  бақытты жүздерін көріп отырған ақсақалды қария мен ақ жаулықты әжей үй ішінде ешқашан ұрыс-керістің болмайтындығын айтады. Өйткені мұнда үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету жанұя мүшелерінің әрқайсысының басты міндеті болып саналады екен.

Әулет отанасының пікірінше, баланың жас ерекшелігін ескере отырып, оған шама-шарқына қарай әртүрлі жұмыстарды тапсырып әрі оның өз міндетін дұрыс орындалуын қадағалап отырған дұрыс. Яғни перзентінің еңбегіне артық салмақ түсірмей, керісінше саналы түрде ұйымдастыра білу керек.

– Ең бастысы, әр ата-ана перзенттеріне өз махаббаты мен мейірімділіктерін көрсетіп, оның бойына ізгі адами қасиеттерді сіңіртіп отырса, болашақта кез келген ортада қиыншылықты жеңе білетін байсалды, қабілетті әрі ақжарқын бала өсіп жетіледі. Сонымен қоса, әр ата-ана өз баласының жүріс-тұрысына, қимыл-іс әрекетіне немқұрайлы қарамауы қажет деп есептейміз, - дейді әулет отанасы  Ақлима Көкенқызы.

Бала тәрбиесіне өте жіті қарайтын Баймағанбетовтер бақытты отбасы жылтыраған сәнді сарайда ғұмыр кешу еместігін айтады. Ол дегеніміз жан жарыңның, балаларыңның амандығы, немерелеріңнің сыңғырлаған күлкісі  мен ынтымағы екенін тілге тиек етті.

– Көз қуанышымызға айналған немерелеріміздің әлі де бағындырар асуы биік болса деген аталық тілегім бар. Қазіргі ұрпақ бақытты әрі алаңсыз күн кешуде. Сол үшін Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Лайым осы тәуелсіздігімізден әрі шат-шадыман бейбіт өмірімізден айырмасын, - дейді отағасы Мәлік Тоққожаұлы.

«Қарты бар үй қазыналы» дегендей бұл әулетте ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрді берік ұстанып келеді. Төрінен орын алған қазыналы қарттарымыз қазақтың әдет-ғұрпы пен жөн-жоралғыларын өшірмей, ұрпақтарына ұғындырып келеді. Мәселен, бұл отбасында жылына бір келетін ұлық мейрам саналатын құрбан айт кезінде  құрбандық шалынып, жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі әрі садақа беріледі. Бұдан бөлек қазақи жаңа жылымыз ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесінде отбасы мүшелері үстіне ою-өрнектермен безендірілген кимешектерді киіп, үлкен дастархан жайып, құттықтап келген барша меймандарды бар сән-салтанатымен қарсы алуды әдетке айналдырған. Осы күні ауыл маңайында алтыбақан құрып, жастар жағы ойын-сауықтың сәнін кіргізеді екен. Сонымен қатар қыз ұзатып, келін түсіру салттары айтпағанда бұл шаңырақта өтетін әр дәстүр мен жөн-жоралғылардың орындалуын үйдің ақсақалды қариясы Мәлік Тоққожаұлы мен ақ жаулықты әжесі Ақлима Бөкенқызы қадағалап, өз ақыл-кеңестерін айтып отырудан жалыққан емес.

Алланың бұйырған ғұмырын мәнді де мағыналы етіп ғұмыр кешіп жатқан Мәлік Тоққожаұлы қария газет-журналдар оқып, ел жаңалықтарынан әркез хабардар болып, солардан тек жақсылық күтіп отырады екен. Ал Ақлима Бөкенқызы әжей қолы қалт етсе,  өмірден көргені мен түйгенін келіндерімен бөлісетінін айтады.

Иә, бұл да қарттықтың бір белгісі екені рас... Шынтуайтына келгенде, әдемі қартая білгенге не жетсін.  Әулетке түскен келіндерін туған қызындай көретін ақ жаулықты әже оларға әркез үй-ішінде барлығы тату-тәтті болу керектігін жиі айтып отырады. Ал келіндері болса, әжейдің айтқан әр сөзін, ақылын, өсиетін және берген тәлім-тәрбиесін көкейге қондырып, өмір жолында  пайдаға асырып келеді.

– Анамыз бізге әрқашан ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Бойжеткен қыз баланың ибалы, әдепті, инабатты, қылықты болуы керектігін әрі жасы үлкенді сыйлап, олардың алдынан кесіп өтпеуді, сөзін бөлмеуді әрқашан есімізге салып отыруды әдетке айналдырған. Оған қоса осы үйге келін болып түскен біздерді өз туған қыздарындай жақсы көреді. Сондықтан мен бірлігі жарасқан тату шаңыраққа келін болып түскеніме өзімді ерекше бақытты адам сезінемін, - дейді әулеттің келіні Айнұр Хамзина.

Келіндері бүгінде жасы алпыстың алтысына келген ақ жаулықты әжейдің бар тілеуі бала-шағасы мен елдің амандығы екенін тілге тиек етті. Жүзінен бақыттың белгісі сезілетін асыл әже шаңырағына ғана емес, айналасындағы ауыл-аймаққа да шуақ нұрын төгетінін байқауға болады.

Мейірімге толы Баймағанбетовтер отбасы бүгінде Қостанай облысы Жангелді ауданының Көкалат ауылында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Осындай бақытты да  базарлы шаңырақ мүшелері әрқашан сыйластық сынды ізгі қаситеттерді ұрпақтан-ұрпаққа сіңіртіп келеді.

Көпке үлгілі Баймағанбетовтер әулеті енді күз айында өтетін жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінде Қостанай облысының намысын қорғауға жолдама алуды мақсат етеді.

(Суреттер  Баймағанбетовтер отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға