Жаңалықтар

Бағасы қымбат болса да жекеменшік мектепке деген сұраныстың арту себебі неде?

Бағасы қымбат болса да жекеменшік мектепке деген сұраныстың арту себебі неде?
Фото: El.kz 23.08.2024 10:00 1219

Кез келген ата-ана баласының мықты, сапалы білім алғанын қалайды. Соңғы жылдары  жекеменшік мектепте оқытқанды құп көретіндердің саны артты. Мұның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі еліміздегі мемлекеттік, жекеменшік мектептерге шолу жасаған еді. 

Биыл 302 мектеп пайдалануға беріледі

Бүгінде елімізде 7 859 мектеп жұмыс істейді. Оның 6 387-сі жақсы жағдайда. Алайда кейбір аймақтардағы, яғни Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарындағы мектептерде жөндеу бойынша ең үлкен қажеттілік байқалады. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені 2027 жылға дейін шешуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.

Білім алуға қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 222 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс. Ал 58-де құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгіленген мерзімдеріне сәйкес аяқтау көзделген, – дейді министр Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар министр су тасқыны болған өңірлерде 5 нысанды қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын да атап өтті. Ал 16 нысан бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде.

Жалпы 2024 жылы 536 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің проблемаларын шешуге бағытталып отыр. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет, – дейді министр.

Жекеменшік мектептер керек пе?

QAZBILIM Ұлттық мектептер желісінің басшысы, ұстаз Аятжан Ахметжанмен мектептердегі орын тапшылығы, жекеменшік мектептердің ерекшелігі, қажеттілігі аясында әңгімелестік.

Аятжан Ахметжан жекеменшік мектептердің елімізге керек екенін айтады.

Мемлекет үш ауысыммен оқу мәселесін уақытында шеше алмады. Енді жекеменшік мектептерге мүмкіндік бермесек, бұл мәселені тағы 30 жыл шеше алмауымыз мүмкін. Мемлекет тек заңдық талапты дұрыс талап етуі тиіс. Одан басқа жекеменшік мектептерден ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпын, – деді Аятжан Ахметжан.

Сонымен қатар оның сөзінше, мемлекеттік мектептерге оқушыларға толыққанды жағдай жасалмаған.

Мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 40-45 балам отырып, екі-үш ауысыммен оқиды. Бұл әрине, білім сапасына әсер етеді. Егер біз отандық мектептерді қолдамасақ, шетелдік жекеменшік мектептердің табысын арттырамыз. Мәселен, баланы жылына оқу ақысы 15 миллион теңге тұратын шетелдік мектепке бердік делік. Оның құрылтайшысы шет мемлекетте болғандықтан, мемлекеттің экономикасын сыртқа кетіреміз. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, шетелдік жекеменшік мектептердің идеологиясы, тәрбие мәселесі сұрақ тудырады. Сондықтан мемлекеттік мектептерді дамыту мәселесін көтеру керек, – деді ол.

Аятжан Ахметжан әке ретінде егер экономикалық мүмкіндігі жоғары болса, балаларын жекеменшік мектепке беретін едім дейді. Қазіргі таңда ғалымның екі баласы мемлекеттік мектепте, екі баласы жекеменшік мектепте білім алады.

«Қызымды  жекеменшік мектепке беруге мәжбүрмін»

Астана қаласының тұрғыны Балнұр Қожагелдінің екі қызы бар. Ол биыл тұңғышын жекеменшік мектепке бірінші сыныпқа берді. Жұбайы екеуі күні бойы жұмыста болатындықтан, қыздарын сабақтан ерте алып кетуге мүмкіндігі болмай отыр.

Қызым Ақжарқын алты жаста. Оны осы жылы «Neotech Digital School» жекеменшік мектебіне бердік. Себебі мен де, жолдасым да баламызды ерте мектептен алып кете алмаймыз. Мемлекеттік мектептерде бірінші сынып оқушылары сағат таңғы 09:00-ден 11:40-қа дейін ғана оқиды. Бізге ол қолайсыз, – деді Балнұр Қожагелді.

Ол ұзартылған күн тобын да іздестіріп көрген. Оның бағасы әжептәуір көпке шыққан.

Баланы қосымша үйірмеге беруге, тамағына, оны ары-бері тасығанына біраз ақша кетеді. Сол себепті біз қызымызды ақылы мектепке беруді жөн санадық, – дейді астаналық тұрғын.

Балнұрдың мемлекеттік мектептерден бастартуына себеп болып отырған тағы бір мәселе – бір сыныпта бала санының нормадан тыс көп болуы.

Мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 33-35 балаға дейін оқиды. Ал жекеменшік мектептерде оқушы саны ары кетсе 24-25-тен аспайды, – дейді кейіпкеріміз.

Астаналық тұрғын қызының оқу ақысына айына 240 мың теңге төлейтін болады.  

Ай сайын оқудың ақшасын төлеп отыру әрине, ата-анаға ауырлық салады. Қазір енді біз бір баламызды ғана мектепке беріп жатқандықтан, оны қалыпты жағдай деп қабылдадық. Бірақ екінші қызымыз да өсіп келе жатыр. Қазір жасы үште. Егер ол да мектепке баратын болса, екі баланы бірдей ақылы оқыту қиын болады. Екінші қызымызды сабаққа апарып, алып келетін адам болмаса, оны да жекеменшік мектепке береміз. Бірінші қызымызды ақылы оқу орнына бергеннен кейін екіншісін де бөліп-жарғымыз келмейді, –  деді ол.

Балнұр Қожагелді мемлекеттік мектептерде баланы кешке дейін қалдыруға мүмкіндік болса, балаларын мұнда оқытуға қарсы емес екенін айтып жеткізді.

Мысалы, бала түске дейін тегін оқыса, түстен кейін ақылы болса да түрлі қосымша сабақтарға, үйірмелерге бара алса, мемлекеттік мектепке беруге дайынбыз. Өкінішке қарай, тегін мектептерде сабағы ұзартылған топтар жоқтың қасы. Ал сұраныс көп, – дейді ол.

Балнұр мемлекеттік мектептерде балаларды кешке дейін қалдыруға мүмкіндік жасалса екен деген ниетін айтты. Оның сөзінше, бұның өзі көптеген ата-анаға көмек болары анық.

Астана тұрғыны болашақта қызын қайтып мемлекеттік мектепке ауыстыруы мүмкін.

Мемлекеттік мектептердегі білім сапасы жаман емес деген ойдамын. Ондағы мұғалімдер түрлі біліктілігін арттыру курсына барып тұрады. Қызым Ақжарқын кішкентай кезінде мемлекеттік балабақшаға барды. Ал кіші қызым жекеменшік балабақшаға барып жүр. Екеуін салыстырған кезде, тең дәрежеде білім сапасы да, мәдениеттілігі де жоғары болды. Бізде содан кейін мемлекеттік балабақша, мектептерге жақсы көзқарас қалыптасқан. Ақжарқынды алдағы уақытта мемлекеттік мектепке ауыстыру ойда бар. Өзі мектепке барып-келе алатындай жағдайға жеткенде ауыстыруымыз мүмкін, – деді Балнұр Ерханқызы.

Ең қымбат мектептер

Елімізде оқу ақысы жылына бірнеше миллион теңгеден асатын жекеменшік мектептер бар. Соның ішінде Астана мен Алматы қаласында орналасқан ең қымбат оқу орындарына тоқталдық.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің хабарлауынша, бүгінгі таңда жекеменшік мектептердің саны тағы 18 бірлікке өсіп, 256 496 орындық 725 мектепті құрады. Мектептерді қаржыландыру оқушылардың оқу ақысы есебінен, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен жүргізіледі. 2023 жылғы 01 қарашадағы жағдай бойынша 128 357 оқушының орташа жылдық контингенті бар 301 мектеп тегін жұмыс істейді. Тиісінше, мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік мектеп оқушыларының жалпы санының 51,7 пайызы тегін білім алады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сәйкес, елорда мен Алматыда барлығы 184 жекеменшік мектеп бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі мегаполисте жұмыс істейтін жекеменшік мектептердің саны 33-ке артқанын көрсетеді. Алматы және Астана білім басқармаларының мәліметінше, қалалардың жекеменшік мектептерінде барлығы 76 мың оқушы оқиды.

Haileybury Almaty  

Haileybury Almaty 2008 жылы Ұлыбританиядағы Haileybury компаниясымен серіктестікте ашылды. Бұл коммерциялық емес білім беру жобасын бір топ қазақстандық кәсіпкерлер қаржыландырды. Haileybury Almaty британдық білім берудің үздік дәстүрлеріне бай кең көлемді оқу бағдарламасын ұсынады. Оқушылар шет елдерде және Қазақстандағы үздік жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін «A levels» бағдарламасы бойынша дайындалады.

Бұл мектепте оқушылар дайындық сыныбынан бастап, 13-сыныпқа дейін білім ала алады. Балалар даярлық сыныбына 4 жастан бастап барады. Оған 2024-2025 жылғы оқу ақысына сәйкес, жылына 6 932 618 теңге төлеу керек. Ал 1-2 сыныптар үшін оқу ақысы 10 115 963 теңге, 3-6 сыныптарға 11 813 747 теңге, 7-9 сыныптар үшін 13 511 531 теңге, 10-11 сыныптарға 15 350 797 теңге, 12-13 сыныптар үшін 15 350 797 теңгені құрайды.

Haileybury Astana

Haileybury Astana 2012 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында ашылды. Бұл білім ордасы мектеп негізін қалаушы құрылтайшылардың қайырымдылық көмектері есебінен қаржыландырылып отырған коммерциялық емес ұйым. Мектепті Ұлыбритания Haileybury мектебі және қазақстандық құрылтайшылардың өкілдері кіретін Басқарушылар кеңесі басқарады. Мектептің Алматыда серіктес мектебі бар және ол Haileybury мектептерінің үлкен тобына кіреді. 2011 жылы мектеп Қазақстанның халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттігінің институционалдық аккредитациясынан өтіп, толық аккредиттеу мәртебесін алды.

2024-2025 жылғы оқу ақысына сәйкес, бұл мектепте оқу даярлық тобына 11 696 фунт, 1-2 сыныптарға 17 028 фунт, 3-6 сыныптар үшін 20 124 фунт, 7-9 сыныптарға 23 048 фунт, 10-11 сыныптарға 25 112 фунт, 12-13 сыныптар үшін 25 112 фунтты тұрады.

QSI Астана халықаралық мектебі

Мектеп Middle State Association of Colleges and Schools (MSA) - Колледждер мен университеттер қауымдастығымен Пенсильвания, АҚШ-та тіркелген. Оқу ағылшын, француз, испан және орыс тілдерін үйренуге мүмкіндік береді.

Бұл мектепте баланы оқыту үшін айына шамамен 1 000 000 теңгеден артық ақша төлеу қажет. Баланы бес жастан бастап қабылдайтын мектепте оқу құны жылына – 28 200 АҚШ долларын құрайды.

Kazakhstan International School

Бастапқыда Монтессори балабақшасы ретінде құрылған мектептің құрылтайшысы, негізін қалаушы – Дэниэл Гунасилан, Gateway Ventures LTD компаниясы, Сингапур. Оқу тек ағылшын тілінде жүреді. Өзге де халықаралық мектептер секілді мұнда да халықаралық бакалавриат (IB) үш бағдарлама бойынша білім береді: PYP (мектепке дейінгі және бастауыш білім), MYP (негізгі орта білім), DP (диплом бағдарламасы). 2020–21 оқу жылы мектеп оқушылары Space Foundation (АҚШ) және ТМД елдері халықаралық бакалавриат мектептері ассоциациясы өткізген халықаралық сайыстардан жүлделі орындар алды. Мұғалімдер құрамында шетелдік және отандық мамандар бар.

2024-2025 жылғы оқу ақысына сәйкес, дайындық кезеңі 20 000 АҚШ доллар, 1-2 сыныптар үшін 22 000 АҚШ доллар, 3-5 сыныптарға 24 000 АҚШ доллар болады.

Ardingly Astana

Ardingly Astana Британияның алдыңғы қатарлы дербес оқу орны Ardingly College мектебінің филиалы. 1858 жылы құрылған Ardingly College – Ұлыбританиядағы ең үздік мектеп-пансиондардың бірі. Халықаралық бакалавриат (IB) емтихандарының қорытындылары бойынша, Ұлыбританиядағы ең үздік 10 мектептің, дүние жүзіндегі үздік 20 мектептің, ал A-level емтихандары нәтижелеріне сай, британиялық ең үздік 50 дербес мектеп қатарында. Мектеп түлектері жыл сайын University of Cambridge, University of Oxford, Айви Лигасы университеттері секілді әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына түсуде.

Мектептің оқу ақысы 1-2 сыныптарға 7 200 000 теңге, 3-6 сыныптар үшін 8 000 000 теңге болады.

Spectrum халықаралық мектебі

Spectrum International School Қазақстандағы жергілікті және шетелдік азаматтарға білім берудің ең жоғары стандарттарын ұсынады. Бұл халықаралық ортада барлық баланың эмоционалдық, физикалық, шығармашылық және зияткерлік қажеттіліктерін қанағаттандырады.

Мектептегі оқу ақысы даярлық тобына 5 500 000 теңге, 1-5 сыныптарға 7 200 000 теңге, 6-8 сыныптар үшін 7 590 000 теңге, 9-10 сыныптарға 7 980 000 теңге, 11-12 сыныптарға 7 980 000 теңге болады.

Nurorda

«Nurorda» мектеп-лицейі Нұрсұлтан Назарбаевтың соққан алғашқы қоңырауымен 2007 жылы ашылған. Мектеп «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорының жетекшілігімін жұмыс істеп келеді. Оқушылардың ерекше қабілеттерін айқындап дамыту арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірген, салауатты өмірді ұстанатын, өзін-өзі ұдайы жетілдіретін, кез келген мәселені оңтайлы шешуге дағдыланған жаһандық тұлға қалыптастыруды мақсат етеді.

2024-2025 оқу жылына арналған оқу ақысы бірінші сыныпқа 4 370 000 теңге (+ 655 000 – күніне үш мезгіл тамақтану), 2-3 сыныптар үшін 4 180 000 теңге, төртінші сыныпқа 3 960 000 теңге, бесінші сыныпқа 3 740 000 теңге, алтыншы сынып үшін 3 610 000 теңге, 7-11 сыныптар үшін 3 960 000 теңге болады.

Tamos Education

Орта Азия мен Еуропадағы ең ірі жекеменшік мектептің негізі 1998 жылы қаланған. Мектептің физика-математикалық бөлімге арналған, лингвистикалық бөлімге арналған мектептер мен Кембридж халықаралық мектебі сынды түрлі филиалы бар. Оқыту қазақ, орыс, ағылшын тілінде.

2024-2025 оқу жылына арналған оқу ақысы Бастауыш математикалық мектебінде даярлау кезеңі 1 600 000 теңге, 1-5 сынып оқушыларына 2 000 000 теңге болады. IT мектебінде 6-9 сыныптар үшін 2 000 000 теңге.  Физика-математика кафедрасы Нұр Алатау шағын ауданындағы мектептерде 1-9 сыныптар үшін 2 000 000 теңге, 10-11 сыныптарға 2 000 000 теңге. Кембридж халықаралық мектебінде даярлық кезеңі 4 700 000 теңге, 1-5 сыныптарға 4 900 000 теңге, 6-8 сыныптар 5 200 000 теңге, 9-10 сыныптар үшін 5 700 000 теңге, 11-12 сыныптар 6 200 000 теңге тұрады.

NGS жаңа буын мектебі

«NGS жаңа буын мектебі» 2018 жылы ашылды. 2021 жылы ол ЮНЕСКО-ның Қазақстан Ұлттық клубтар федерациясының құрамына кірді. Мұнда оқыту жеке оқу жоспары бойынша жүргізіледі. Бастауыш мектепте стандартты пәндерден басқа балаларға робототехника, шахмат, ритмопластика, жүзу және олимпиадалық есептерді шешу пәндері оқытылады. Орта және жоғары сыныптарда оқушыларға жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша оқыту қолжетімді.

2024-2025 оқу жылына арналған оқу ақысы бойынша 0-11 сыныптар үшін жылына оқу 4 245 000 теңге болады.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп

Ш.Уәлиханов атындағы мектеп 1-11 сыныптарда қазақ және орыс тіліндегі бөлімдерде оқитын 1350 балаға есептелген. Мектепте жоғары білікті педагог кадрлар, қосымша білім берудің бірегей бағдарламасы және заманға сай инфрақұрылымы арқылы оқытуға барынша оңтайлы жағдай қалыптастырып, білім берудің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Ең жоғарғы деңгейде оқыту мен білім беру – мектептің педагогтар ұжымы қызметінің басты ұстанымы. Мектеп әр оқушының жеке дамуын қадағалауға мүмкіндік беретін білімді бағалаудың объектив әрі айқын жүйесіне жүгінеді. Оқыту тиімділігіне қазақстандық және халықаралық тәжірибедегі білім беру технологияларын біріктіру арқасында қол жеткізіледі.

2024-2025 оқу жылына арналған оқу ақысы 1-4 сыныптар үшін айына 450 000 теңге, 5-11 сынып оқушыларына айына 400 000 теңгеге шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға