Жаңалықтар

Бадминтоннан Дмитрий Панариннің қарсыластары анықталды

Бадминтоннан Дмитрий Панариннің қарсыластары анықталды
Фото: ҰОК / Сали Сабиров 24.07.2024 23:44 668

Бадминтоннан Ұлттық құрама көшбасшысы Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасының іріктеуінде D тобына түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отандасымыз әуелі 28 шілдеде жапон спортшысы Кента Нисимотомен ойнайды. Матч Астана уақытымен 11:30-да басталады. Кента жеребе кезінде әлем рейтингінде жоғары орында тұрған 13 ойыншының қатарына кірген. Осыдан кейінгі Панариннің қарсыласы – канадалық бадминтоншы Брайан Янг (ойынның күні мен уақыты кейін белгіленеді).

Дмитрий спорттың бұл түрінен барлық санаттағы олимпия ойындарында сынға түскен тұңғыш қазақстандыққа айналды. Ол осыған дейін 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында сынға түскен, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі Kazakhstan International (2018 жылы), Cyprus International (2021 жылы) турнирінің жеңімпазы.

Ал енді оның қарсыластарына тоқталайық:

Нисимото – 2017 жылғы жазғы Универсиаданың күміс жүлдегері, Джакартадағы жазғы Азия ойындарының (2018 жыл) қола жүлдегері.

Брайан – Панамерика ойындарының жеңімпазы (2023 жыл) және күміс жүлдегері (2019 жыл), аралас командалық сында Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы.

Бадминтоннан барлық ойын 27 шілде мен 5 тамыз аралығында Париждегі Порт-де-ла-Шапель аренада (тағы бір атауы «Адидас Арена») өтеді. Бұл жолы 36 мемлекеттен 41 спортшы жүлдеге таласады. Олар 3-4 атлеттен 13 топқа бөлінген. Плей-офф кезеңіне тек 1-орын алған ойыншы шығады. D тобының үздігі 1/16 айналымда С тобының мықтысымен кездеседі. Ал бұл жұптың жеңімпазын ширек финалда А тобының мықтысы күтіп тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға