Жаңалықтар

БАӘ-ден Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 27% артты

БАӘ-ден Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 27% артты
Фото: primeminister.kz 31.05.2023 13:50 636

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов пен БАӘ-нің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики өзара сауда көлемін ұлғайту және энергетика, көлік, логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлихан Смайылов Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен инвестициялық әріптестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша БАӘ-ден Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 27%-ға өсіп, шамамен $420 млн болды. Осы ретте биылғы қаңтар айында Мемлекет басшысының ресми сапары аясында екі ел үкіметтері Жаңа стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Бүгінде тараптардың жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды орындауға кіріскені қуантады. Біз өзара іс-қимылды жандандыруға, оның ішінде Қазақстан экономикасына тартылатын БАӘ инвестицияларының көлемін арттыруға мүдделіміз, – деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы сауда қатынастарын дамыту да басым міндет екенін айтты.

Екі елдің көшбасшылары өзара тауар айналымының көлемін $1 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойды. Осыған байланысты Қазақстан ауыл шаруашылығы, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салалары өнімдерін БАӘ нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын, – деді премьер-министр.

Өз кезегінде Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики әмірліктердің өзара тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты, оның ішінде ҚР Президентінің БАӘ-ге сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылды арттыруға дайын екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға