Жаңалықтар

Бақытжан Қажымұқанов: Ең болмаса, бір әнімді бүкіл ел білсе екен деймін

90-жылдардың ортасында қазақ эстрадасына өзінің «Таңғы жас», «Алтынай» секілді әндерімен жаңалық әкелген әнші, композитор Бақытжан Қажымұқанов қазір қайда жүр?
02.12.2016 03:22 20050

90-жылдардың ортасында қазақ эстрадасына өзінің «Таңғы жас», «Алтынай» секілді әндерімен жаңалық әкелген әнші, композитор Бақытжан Қажымұқанов қазір қайда жүр? Оның қазіргі қазақ әндерінің сапасына қатысты пікірі қандай? Бұл сұрақтардың жауабын төмендегі сұхбаттан біле аласыз.

Бақытжан Қажымұқанов: Ең болмаса, бір әнімді бүкіл ел білсе екен деймін

– Бақытжан аға, сіздің шығармашылығыңызбен сырттай таныспыз, құрметтейміз. Бірақ, соңғы кездері өзіңізді көп жерден көріп жүрген жоқпыз. Сіз қайда жүрсіз?

– «Неге көрінбей кеттің?» деген сұраққа не деп жауап берсем екен, қарындасым? Қазір біздің эстрадада жеңіл-желпі әндер көбейіп кетті ғой. Менің әндерімнің сипаты олардан бөлектеу болғандықтан, концерттерге шақырмайтын шығар. Шақырған жерге қуана-қуана барамын, ал шақырмаған жерге өзімді тықпаламаймын. Алматыда шағын жеке студиям бар. Сол жерде ән жазамын, оларды өңдеймін. Әзірге бұйырғаны осы болып тұр.

– Телеарналарға жиі шақыра ма?

– Анда-санда шақырып тұрады. Осыдан біршама уақыт бұрын «Кешкі кездесу» деген бағдарламаға бардым. Телевизиялық концерттерде екі-үш әнімді орындадым.

АНЫҚТАМА

Бақытжан Қажымұқанов: Ең болмаса, бір әнімді бүкіл ел білсе екен деймін

Бақытжан Қажымұқанов – қазақстандық әнші, композитор, ән өңдеуші, продюсер. Ол Шымкенттегі музыкалық училищені «пианист» мамандығы бойынша бітірген. Одан соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмәмдаған. Композитор консерваторияда Еркеғали Рахмадиев, Мансұр Сағатов, Анатолий Бычковтардан сабақ алды. 

Тыңдарман жақында қандай әндеріңізбен қауышады?

– Роза Рымбаева «Ана тілегі» деген әнімді жеке концерттерінде орындап жүр. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жұмыс істейтін Әсел деген керемет опера әншісі бар. Соған осыдан 2 жыл бұрын «Астана» деген ән жазып (сөзі – Ринат Зайытовтікі), өңдеп бергенмін. Жақында Анарбек Қалымбетов деген жас әнші «Алтынай» деген әнімді аттай қалап алып, репертуарына қосты. Анарбек осы әннің екінші тынысын ашсын деген ниетпен әдемілеп өңдеп бердім.

– Сіз Роза Рымбаевамен тығыз шығармашылық байланыстасыз. Кезінде «Жарығым», «Бұл дүние ғайыбы», «Аққу» деген әндеріңізді Роза Қуанышқызы сахнаға жарқыратып алып шықты. Сосын  он жылдай уақыт бұрын екеуіңіз «Ән мен әншінің» концертінде ғашықтар туралы ән айтып шықтыңыздар. Бірақ, ол әнді ғаламтордан таба алмадым. Алдағы уақытта тағы да бірігіп ән орындайсыздар ма?

–  Жоғарыда сен айтқан әнді өзім де таба алмай жүрмін. Оны Роза екеуміз қайтадан жаздырамыз деп ек, кейін уақыт болмай кетті. Негізі, болашақта Роза Қуанышқызымен бірге әлі де талай әдемі әндерді жарыққа шығарамыз деп ойлаймын.

– Қазір жеңіл-желпі әндер көбейіп кетті дедіңіз. Өзіңіздің әндеріңізді қандай бағытқа жатқызасыз?

– Қазір бізде көше әндері көбейіп кетті. Концерттерге, жобаларға тек сондай әндерді орындаушыларды ғана шақырып, ал менің әндерімді түсінбейтін сияқты... Мысалы, менің Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған салмақты әндерім бар. Білмеймін, ешқайсысы жолатқысы келмейді.

– Өзіңіз апарып, ұсынып көрдіңіз бе?

– Жоқ, ұсынбадым. Бәрі мені бұрыннан біледі ғой. Басқа бағдарламалардан байқайды дегендей.

Бәлкім, сіздің көп жерге шақырылмауыңызға бұрынырақта біреулермен сөзге келіп, келіспей қалғаныңыз әсер еткен болар?

– Ой, Розажан, мен ешкіммен керіскен емеспін. Өзіммен-өзім тыныш жүрген адаммын. Достарым да көп емес.

– Сонымен, эстрадада бүгін айтылып, ертең ұмытылатын, мағынасыз әндер көп дейсіз ғой?

– Иә. Қазір еш жерге терең, ойлы әндер керек емес. «Неге тек жеңіл әндер сұрайсыңдар?» десең, «ойбай, қазір халықтың жағдайы қиын. Олардың басын қатырмау керек» дейді. Бұл дұрыс емес түсінік деп ойлаймын. Ондай болса, бәріміз айғайлап жүре берейік, тойға ғана ән жазып... Әр нәрсенің өз орны болады ғой, айналайын! Адамды ойландыратын да, күлдіретін де шығармалар қатар өмір сүруі қажет.

– Сіз тойға арнап ән жазбайсыз ба?

– Жоқ, жазам. Әдейілеп тойға арнамасам да, қоржынымда жеңіл ырғақты әндерім бар. Онсыз болмайды ғой. Репертуарда түрлі-түрлі ән болғаны дұрыс.

– Жұбаныш Жексенұлы жақында сіздің «Бақытты болар» деген әніңізді сахнаға алып шықты. Өте көңілді ән екен.

– Естіген жұрт жақсы деп мақтап жатыр. Бұрынырақта Фариза Оңғарсынованың сөзіне «Мақсат – бақыт бастауы» деген позитивті ән жаздым. Оны Роза Рымбаева мен Мәдина Сәдуақасова айтып шыққанда, халық жылы қабылдады.

– Бірер жыл бұрын Қытай қазағы Арай Айдархан сіздің «Таңғы жасыңызды» орындады. Арай қазақстандық бір телебағдарламада «осыдан 5-6 жыл бұрын Ұлыбританияда хит болған «Apologize», «Someone like you» сияқты әндердің идеясы мен аккорд жолын Бақытжан Қажымұқанов ағамыз сонау 90-жылдары жазып тастаған» деп пікір білдірді. Бұған қатысты не айтасыз?

– Арай айтқан «Таңғы жасты» 1995 жылы өткен «Азия дауысында» шырқағанмын. Сол байқауда ең үздік композитор атандым, лауреат болдым. Ал, әннің стиліне келер болсақ, жоғарыда аталған заманауи  әндермен үйлесімділік жағынан ұқсауы мүмкін. Менікі – 90-жылдардың әуені, ал мыналар – заманауи әндер. Бірақ, сол «Таңғы жасты» қазір естісе, заманауи ән деп қабылдайтын тыңдарман көп екенін байқаймын.

Шынымды айтсам, әндерім қалай жазылатынын білмеймін. Ол Құдайдың маған берген бағы болар. Жастайымнан қазақтың Құрманғазы мен Дәулеткерейін, әлемдік классикадан Чайковский, Бетховендердің шығармаларын, британдық рок-топ «Пинк Флойдты», орыстың Андрей Макаревич, Борис Гребенщиков сияқты әртістерін, «Пикник» тобын тыңдап өстім. Солардың бәрін тыңдай келе, ән жаздым. Үнемі сапалы музыка тыңдасаң, нәтижесінде тәуір ән дүниеге келеді. Ал, тек қана Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Заттыбек Көпбосыновтарды тыңдай берсең, одан кейін қайдан ән шығаруың мүмкін? Оны білмеймін...

Жастар баяғы өзіміздің Біржан сал, Ақан серінің әндерін, Құрманғазының күйлерін, әлемдік деңгейдегі композиторлардан Бетховен сияқты генийлердің шығармаларын көбірек тыңдаса деп армандаймын. Сонда жақсы шығарма туады, өнер әлемінде жаңалық болады.

– Өзіңіз бойындағы талабын байқап, шығармашылығын ұнатып жүрген жастар бар ма?

– Ондай жастар бар. Тек оларды радиодан естімейсіз, теледидардан көрмейсіз. Себебі, қазір пысықтардың заманы ғой. Беті жылтырағандар эфирге тез өтеді. Өнеріне ешкім қолдау білдірмеген соң, «менің әнім кімге керек дейсің?» деп күдер үзіп жүрген таланттар ел арасында баршылық.

Әнші Арай Айдарханмен бірге

– Қытайдағы қазақ музыканттарының көпшілігі «90-жылдардағы қазақстандық музыканың идеясы мықты болатын» деген пікірде екен. Арай Айдархан олардың Батырхан Шүкеновке және сізге еліктеп өскенін айтты. Қытай қазақтары сізді қайдан біледі?

– Оларда 1995 жылы мен қатысқан «Азия дауысының» бейнетаспасы бар екен. Сондағы менің әнімді 15 жыл бойы телеарнадағы құттықтау бағдарламасында көрермендер сұрауы бойынша қойып келіпті. Мұны өткенде Қытайға концерт қоюға барғанымда, өздері айтты.

– 2014 жылы Сейфуллин Жолбарыс екеуіңіз «Қазақконцертте» концерт беріпсіздер. Бұл ән кешінің ерекшелігі рояль мен гитараның үндестігінде ме?

– Иә, оның дұрыс, кеш бойы Сейфуллин гитарада, мен рояльда ойнадым. Сонымен қатар, бұл концерт екі композитордың бір сахнада отырып, өз әндері және бір-бірінің шығармаларын орындауымен де есте қалды. Мұндайды басқа кімнен көрдіңіз? Қазақтың екі композиторы бірлесіп концерт өткізгенін бұрын естімеген сияқтымын. Абай Әбішев, Ринат Ғайсин сияқты талантты жігіттер келіп, бізді музыкалық аспаппен сүйемелдеді.

– Сіз М. Лермонтовтың өлеңдеріне көп ән жазған екенсіз. Неліктен?

– Cебебі, Лермонтовтың өлеңдері менің болмысыма жақын. Қазақ ақындарынан Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Оның 8-9 өлеңіне ән жаздым. Байқасаңыз, Жұмабаев пен Лермонтовтың табиғаты ұқсайды. Екеуінде де әдемі мұң бар.

– Лермонтов та, Жұмабаев та қиын кезеңдерде өмір сүрді. Біреуі «Прощай, немытая Россия, страна рабов, страна господ» десе, екіншісі «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп күрсінді. Ал, сіздің жүрегіңіздегі мұң қандай мұң?

– Жалпы, менің табиғатым мұңға жақын. Үнемі ой үстінде жүремін.

Қазір тек ән жазумен күн көріп жүрсіз бе? Әлде басқа да табыс көздеріңіз бар ма?

– Айтсам, ұяттау болар, бірақ, менде өнерімнен басқа ештеңе жоқ. Баяғыда «Калина красная» деген фильмде бір кейіпкер «Никем больше не могу быть на этой земле – только вором» деуші еді ғой (күлді). Мен де сондаймын. Тек қана шығармашылығыммен нан тауып жүрмін. Пысық емеспін.

– Бұл сұрақты қойған себебім, әнші Арай Айдархан 2 жыл бұрынғы сұхбатында сізді алыс жолға шығатын көлік жүргізушісі (дальнобойщик) болып жүр екен» депті.

– Жоқ, әңгіме арасында байқамай қосылып кеткен болар. Қиын күндерде қала ішінде аздап таксилеткенім болмаса, алыс жолға шығып көргенім жоқ.

– Білуімше, журналистер сізден өзіңіз туралы емес, атаңыз Қажымұқан Мұңайтпасов туралы көбірек сұрайды екен.

–  Иә, журналистер маған «атаңыз туралы айтып беріңізші» деген өтінішпен жиі хабарласады. Менің әкем Қажымұқан атамның 77 жасында дүниеге келген. Қажымұқан атам шешен кісі болған, домбырасын тыңқылдатып, ыңылдап ән салады екен. Атамның палуандығы маған дарымапты. Дегенмен, спортқа жақынмын.

Бақытжан Қажымұқанов: Ең болмаса, бір әнімді бүкіл ел білсе екен деймін

– Продюсерлік орталығыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Бұл орталықты биыл шағын командамен аштық. Алдағы уақытта «Әнім менің» деген әніме кішігірім бейнебаян түсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ешқандай демеушіміз жоқ, шама-шарқымызға қарай өзіміз түсіреміз. Бұйырса, келер жылдың көктемінде М. Жұмабаевтың сөзіне жазылған барлық әндерімді өзім рояльда орындап, концерт бергім келеді. Шығармашылығымызды демеп жіберетін адам керек боп тұрғанын да жасырмаймын.

– Қазір репертуарыңызда қанша ән бар?

– Жалпы саны отыздан асады.

– Тапсырыспен ән жазасыз ба?

– Иә,  жазамын.

– Композитор Еркеш Шәкеев маған берген сұхбатында «тапсырыспен жазылған шығарманың жүгі екі есе ауыр болады» деп еді.

–  Бұл пікірмен келісемін. Тапсырыс берілсе, оның қаламақысына емес, сенің өнеріңді тағы бір адам ары қарай насихаттайтынына қуанасың.

– Қандай композиторларды жоғары бағалайсыз?

– Еркеш Шәкеевті, Сейфуллин Жолбарысты, кейінгі кездері ән жазып жүрген Медеу Арынбаевты бағалаймын. Өнерпаздардан «Орда», «Ninety one» топтарының репертуарындағы әндердің заманауи сипаты, сауатты өңделуі маған ұнайды.

Бақытжан Қажымұқанов жұбайымен бірге

– Қандай арманыңыз бар?

– Бір қызым бар. Құдай  енді ұл берсе екен деп тілеймін. Республика сарайында үлкен концерт беруді көптен бері армандап келемін.

Бұрын бойымда сенім бар еді. Осыдан 10-15 жыл бұрын армандарым таудай болатын. Болашақта бәрін аударып-төңкеріп тастайтындай боп жүретінмін. Қазір жасым 45-ке келді. Заман қиындап кеткен соң, ішімдегі үміт біртіндеп өшіп барады... Ең құрығанда, бір әнімді бүкіл ел білсе екен деймін. Мен өз әндерімді құрметтеуге тырысамын. Себебі, жаман шығарма жазбаймын. Жылына бір-ақ ән жазуым мүмкін. Өз шығармашылығым арқылы тыңдарман талғамының өсуіне ықпал еткім келеді.

Бір-екі жолдасым композитор боламыз деп, енді-енді талпынып жүрген кезде өмірден озды. Солардың тағдырын көрген соң, бойымдағы өнерімді там-тұмдап болса да, халыққа көрсетіп жүрмін ғой деп шүкірлік қыламын.

Мен сияқты ағаларыңды ұмытпай, еске алып, сұхбат құрғаныңа рахмет! Қазақтың өнері жаңа деңгейге көтерілсе екен деп тілеймін! Мен сияқты әншілер қатардан сызылып қалмаса екен деймін...

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

Суреттер ғаламтордан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға