Жаңалықтар

Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға ауыстырылды

Хаменова былтырғы желтоқсанда ұсталып, қамауға алынды
Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға ауыстырылды
Фото: egemen.kz 03.08.2022 14:04 1154

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға ауыстырылды,– деп хабарлайды El.kz.
Сот отырысы бүгін, 3 тамызда Атырау қаласындағы №2 сотта басталып, небәрі 20 минутқа созылды. Сот отырысы 11 тамызға ауыстырылды. Бұған Бақытгүл Хаменованың айыптау актісінің көшірмесін алмауы себеп болған.
Бұған дейін Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа жеткенін хабарлаған едік.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесінің 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС-нің директорына қатысты қылмыстық іс түскен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзінің Telegram парақшасында мәлім еткендей, Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеу бастады. Олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.
Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсанда ұсталып, қамауға алынды.
Осыған байланысты басты сот отырысын 2022 жылғы 14 маусымда сағат 14:45-те өткізу белгіленген болатын. Алайда, сот отырысының уақыты шегерілді. Бұған судьяның өзге қылмыстық іс бойынша кеңесу бөлмесіне кетуі себеп болған. Кейін іс бойынша отырыс 3 тамызға белгіленді.
Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға