Жаңалықтар

Бәйтеректің тарихы

Астана
01.07.2016 10:44 21828

Ата-бабаларымыз жапан далада жалғыз өскен ағашты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санаған. Оны кесуге, қандай да бір зақым келтіруге тыйым салған. Саясында ұзақ отырып демалып, ұйықтауға да болмайтынын ескерткен. Жалғыз өскен ағаштың жанында ұзақ болсаң, сол ағаштай сопиып жалғыз қаласың деп жалғыздықтың нышанына балаған. Ал құла түздегі жайқалып өскен жалғыз ағаш пен шөлді мекендегі тырбиып өскен бұталарды қасиетті санап, жанында түнеп, шүберек байлайтын болған. Кейбіреулер ол маңда әулие жатыр деп ырымдап, мал сойып, тілеу тілеген. Бәйтеректің тарихы

Бәйтерекетің негізгі идеясы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ой-қиялынан туды. Президент алып ескерткіштің эскиз-нобайын бір түннің ішінде өзі ойлап шығарған. Оның айтуынша, монументтің негізгі идеясы бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді. Бәйтеректің негізгі ұстыны Бейбітшілік дарағы болып есептеледі. Ежелгі түпкі ұғымында «бәйтерек» деген сөздің өзі «өмір ағашы» деген мағынаны білдіреді. Міне, осы жапырақ жайған алып ағашқа ертедегі ертегілерде кездесетін қасиетті құс – Самұрық айқара жазылған кең қанаттарымен айналасын тұтас жауып ұшып келеді. Ол өмірдің өзегін өркендетіп, үміттің үзірін үкілейтін алып алтын жұмыртқа – Күнді салу үшін Өмір ағашы – Бәйтерекке ұмтыла түскен.

Бәйтеректің тарихы

Осы алып ағаштың тағы бір идеясы өлім мен өмірді теңестіретін дүниежүзілік мифтің мазмұнына негізделген. Қазақ мифологиясында ол «космос» ағашы ретінде қаралады. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде кеңінен көрсетіледі. Ел арасында адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым ежелден қалыптасқан. Мифологияға зер салсақ, бәйтерек туралы аңыз әңгімелер өте көп. Солардың бірінде, басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан киелі теректің әрбір жапырағы жер жүзінде жасаған әр адамның өмір тіршілігінің нышаны, жер бетінде тіршілік еткен әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келіп, жапырағы жайқалып өскенде есейіп, кемеліне келіп, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса қартайып, жапырағы үзіліп, жерге түскенде, қазаға ұшырайды делінген. Осылай бәйтеректің жапырағына жан орналастырып, адамның өмір сүру кезеңдерімен үйлестіре бейнелейді.

Бәйтеректің тарихы

Аңыз бойынша мифологиялық Бәйтерек «о дүние» мен «бұл дүние» арасын жалғаушы жол ретінде саналады. Алып теректің ерекше қасиеті сол оны айнала ән салып, сұраған адамдардың тілегі қабыл болып жақсылыққа өзгереді екен. Елорданың бас жоспары аясында салынған нысанның сызба-жобасын әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жасап, Ресей академиясының сәулетшілері, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава және «Ақорда» қазақстандық жобалау-құрылыс компаниясы орнатты. Есіл өзенінің сол жағалауынан көкке қарай бой созған зәулім «Бәйтеректің» биіктігі – 97 метр. Ол Астана қаласының елорда мәртебесіне ие болған 1997 жылды білдіреді.

 Бәйтеректің тарихы

Ғимараттың өзі үш бөліктен тұрады. Нысанның жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюынан өзекті ой өрсе, ал екінші және үшінші бөліктері кейінгі өркендеу кезеңдерінен көріністер береді. Кешеннің ең жоғарғы бөлігіндегі «Аялы алақан» композициясы осы монументті тұрғызу идеясын ұсынған Президент Нұрсұлтан Назарбаев алақанының көшірмесі қойылған. Панорамалық залдың ортасында 17 жапырақтан тұратын 17 әртүрлі әлем діндерінің уәкілдері қолы қойылған ағаш глобусы орналасқан. Ұшар басында алтын шар орналасқан, арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 тоннаға жетсе, алтын шардың үстіңгі ауданы 1 553 метрді алады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіреберісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 тонналық металл құрылғымен жалғасып жатыр.

 Бәйтеректің тарихы

«Астана-Бәйтерек» монументінің жерасты бөлігі 4,5 метрлік тереңдікке кетеді. Онда дәмхана, аквариумдер және сурет галереясы бар. «Ағаштың діңімен» лифтілер арқылы көтерілген адам дөңгелек шардан бір-ақ шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға