Жаңалықтар

Бәйшешек – қатерлі ісікке дәру

Ғылым
29.11.2016 05:14 13825

Көктем жаршысы саналатын бәйшешек гүлінің тағдыры қазақстандық ғалымдарды алаңдатып отыр. Жас ғалым Дария Сатыбалдиева бірнеше жылдан бері бәйшешектерді сақтау және көбейту бағытында ізденіп келеді. Зерттеу барысында бәйшешектен алынған жалпы экстракттардың қатерлі ісік жасушасының өсуіне қарсы әсерлері бар екенін анықтағанын айтады. Ғалым El.kz сайтына Қазақстанда жойылып бара жатқан бәйшешек гүлінің тағдыры туралы сұхбат берді.

Бәйшешек – қатерлі ісікке дәру

– Дария, жуырда Астанада өткен TEDх конференциясында жасаған ғылыми баяндамаңыз көпшілікті елең еткізді. Яғни, бәйшешектің қатерлі ісікке қарсы емдік қасиеті туралы айттыңыз. Ғылыми жаңалық іс жүзінде қаншалықты дәлелденді?

– Соңғы жылдары бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да ауруға қарсы дәрі-дәрмектерді табиғи өнімдерден алу мақсатында өсімдік экстракттарының, жеке метоболиттерінің қатерлі ісікке, бактерияға қарсы сияқты тағы басқа әсерлері зерттеліп келеді. Менің зерттеу жұмысым бәйшешекті біріншіден биотехнологиялық жолмен сақтау болса, екіншісі оны фитохимиялық тұрғыда, яғни бұл өсімдіктің құрамында қандай биологиялық белсенді заттар бар және олардың жалпы қандай биологиялық қасиеттері, әсерлері бар екенін анықтау. Мен бәйшешектен алынған жалпы экстракттардың (жалпы экстракттар – өсімдік құрамындағы барлық заттардың қоспасы) әсерлеріне зерттеу жүргіздім. Атап айтқанда, бос радикалдарға қарсы, бактерияларға қарсы және қатерлі ісік жасушасының өсуіне қарсы әсерлерін анықтадым. Мүмкіндігімізге қарай тек екі түрлі ісік клеткаларының өсуіне әсерін анықтай алдым, нәтижесінде бұл экстракттардың ісік клеткаларының өсуін тежейтіні анықталды. Себебі, бұл өсімдіктің құрамында ісікпен күресетін галл және хлороген қышқылдары жоғары мөлшерде.

Д.Сатыбалдиева TEDx конференциясында баяндама оқып тұр, 29 қазан, 2016 жыл

TEDх конференциясындағы басты мақсатым – жылдан жылға саны азайып, жойылып бара жатқан бәйшешек өсімдігін сақтау, оған зиян келтірмеу керектігін көпшілікке жеткізу. Себебі, бұл гүл адамдардың немұқрайлылықпен оны жұлғандығынан жойылып бара жатыр. Осы конференцияның форматына сәйкес, қатерлі ісікке қарсы тұратын қасиеті жайлы сөз арасында айттым, себебі, онкология десе кез-келген адам назар аударады ғой. Бірақ бұл ғылыми жаңалықты түбегейлі зерттелді деп айтуға болмайды.

– Ал, бұл бәйшешектерді қалай сақтап қалуға болады?

– Биоалуантүрлілікті сақтаудың дәстүрлі әдісі арқылы, яғни, табиғи қорықтарда, ботаникалық бақтарда өсіру арқылы сақталуда. Қазіргі күні Алматы, Алтын емел, Көлсай, Ақсу Жабағылы сияқты қорықтарда өсіріледі. Екінші, биотехнологиялық әдіспен өсімдікті арнайы шыны түтікте өсіріп шығарып, топыраққа отырғызуға болады және арнайы тоңазытқышта сақталады (40С). Өсімдіктер биотехнологиясы саласы бойынша студенттік жылдардан бері зерттеулерге қатысып келемін. «Қазақстан бәйшешектерін микроклонды көбейту және сақтау биотехнологиялары» ғылыми жобасы аясында әріптестермен ғылыми жұмыс атқардым және PhD докторлық диссертация қорғамақпын.

– Қазақ даласында бәйшешектің қанша түрі өседі? Қандай аймақтарда таралған?

– Қазақ жерінде бәйшешектің 2 түрі ғана бар. Корольков бәйшешегі (лат. Crocus korolkowii) – бәйшешек туысына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанда Оңтүстік Қаратау мен Талас Алатауының сілемдерінде кездеседі. Биіктігі 10 – 20 см, тамыр түйнектері шар тәрізді домалақ болады, сыртын торлы қабық жапқан. Гүлі ашық сары түсті, оның ұзын түтікшесі болады. Наурыз – сәуір айларында гүлдеп, жемістенеді. Екіншісі, алатау бәйшешегі (лат. Crocus alatavicus) – Қазақстан аумағында өсетін белгілі түр. Жоңғар Алатауында, бүкіл Тянь-Шаньда (Алматы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында) кездеседі. Гүлсерігінің жапырақтары аппақ, сырт жағы сұрғылт күлгін, барлық бәйшешектердің сабағы жетілмеген, сондықтан түтік гүлді топырақтың бетіне алып шығады. Жылдан-жылға таралу аймағы азайып бара жатқандықтан, бұл екі түр қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Алатау бәйшешегі

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының өсімдіктерді қорғау зертханасында жұмыс істеймін. Бұл жерде «тұқым банкі» деп аталатын коллекцияда Қазақстанның жабайы флорасынан өсімдік тұқымдарын жинау, толықтыру, сақтау бойынша жұмыстар атқарылады.  

– Әр саланың өз қиындығы бар. Ғылымда жүрген жас ғалым ретінде қандай қиыншылықтарға, кедергілерге тап болдыңыз?

– Зертханада жұмыс істеу асқан мұқияттылықты, төзімділікті қажет етеді. Жан-жақты болу керек, мысалы, менің саламда биологиядан бөлек химия, физика, математика ғылымдарын білу керек, тіл білу керек. Әрине біріншіден ол – ағылшын тілі. Себебі, зерттеу жұмыстары бойынша қажетті ақпараттарды, ғылыми мақалаларды, жаңалықтарды көбінесе шетелдік басылымдардан қараймыз. Үнемі ізденісте болу керек. Ғылыми жұмысты жасап қана қоймай, жазу керек. Ғылым – машақаты көп жұмыс.

Биотехнологиялық әдіспен өсімдік арнайы шыны түтікте өсіріледі

– Шет елдік ғалымдармен, зерттеу институттарымен бірлесіп жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Шетелдік ғалымдармен үнемі бірлесіп жұмыс істейміз. Шет елдік ғылыми кеңесшім Рамазан Маммадов өсімдіктердің екінші реттік метоболиттерін зерттеу саласының маманы. 2015 жылы Түркияда Памукалле университеті зертханасында жарты жылға жуық ғылыми тағылымдамадан өттім. Бәйшешек өсімдігінің экстракттарының өкпе карциномасы және лейкоз клеткаларының өсуіне қарсы әсерін сол тағылымдама кезінде зерттедік.

– Қазақстанда жас ғалымдарға қаншалықты қолдау бар?

 – Бұрын қалай болғанын білмеймін. Қазір жас ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау барынша көрсетіліп келеді. Оқимын деген, ізденген адамға бар мүмкіндік қарастырылған.

– Қазақстандағы биотехнология өндірісінің даму деңгейі туралы не айтасыз?

– Биотехнология мультидисциплинарлық ғылым болғандықтан, физика, химия, биология сияқты ғылымдардың басын біріктіретін сала. Оның ішінде қазіргі биотехнологияның микробиологиялық өндіріс, жасушалық инженерия жөне гендік инженерия сияқты негізгі бағыттары бар. Биологиялық обьектілерді өндірісте қолдану бойынша АҚШ пен Жапония алдыңғы орында келеді. Өндірісте биотехнологиядан енгізілген жаңалықтарды атап айта алмаймын. Бірақ біздің елімізде биотехнологиялық жолмен түрлі ғылыми зерттеулер белсенді жүргізіліп келеді. Медициналық және экологиялық биотехнология, өсімдіктер мен микроорганизмдердің молекулалық генетикасы және биоинженериясы саласында зерттеулер жүргізілуде. Ветеринария, тамақ және өңдеу өнеркәсібі үшін технологиялар мен препараттар  әзірленеді.

– Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешуде қазақстандық биотехнолог ғалымдар қаншалықты үлес қосып келеді?

– Қоршаған ортаны қорғауға барлық ғалымдар атсалысуда. Биоалуантүрліллікті сақтау – мемлекет деңгейінде атқарылатын дүние. Қазақстанда жас ғалымдар көп. Ғылыми жетістіктерін БАҚ бетінен бұрын, шет елдік ғылыми журналдарға жариялайды. Мен диссертациялық жұмысымда бәйшешектің фитохимиясы мен биотехнологиялық сақтау әдісін зерттедім. Жалпы, жыл сайын көктем шығысымен науқандық сипат алатын бәйшешек жұлу кесірінен оның табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады. Қазақстанның барлық тұрғындарынан, әсіресе алматылықтардан көктемде бәйшешек гүлшоқтарын сатып алмауды сұраймын. Өйткені, осы гүлдер көктемгі мерекелерде мыңдап жұлынады, аяусыз қырқылады. Бұл бағытта барынша ақпараттық-насихат жұмысын жүргізу керекпіз.

– Әңгімеңізге рахмет!


 Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ

Фотосуреттер жеке архивтен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға