Жаңалықтар

Бүркітбай Аяған: «Қазақтану» – ұлт құндылығын дәріптейтін жоба»

26.07.2018 12:08 2631

Бүркітбай Ғелманұлы Аяған – тарих ғылымдарының докторы, профессор, саяси ғылымдарының доценті, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану академиясының академигі, «Қазақ Білім Академиясының» академигі, «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар академиясының» академигі.

2008 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры қызметін атқарып келеді. ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі.

– Бүркітбай Ғелманұлы, өзіңіз білетіндей ҚХА «Қазақтану» жобасын ұсынып отыр. Осы жоба туралы айтып өтсеңіз.

– ҚХА-ның XXVI сессиясында алғаш рет көтерілген «Қазақтану» жобасының негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайтып, Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.

Бұл жобаның негізгі идеялары Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарих саласы бойынша жазылған еңбектерінде нақты көрсетілген болатын.

«Қазақтану» жобасы «біз қайдан шықтық, қайда барамыз» деген ұлт үшін аса маңызды сұраққа жауап іздейді. Бұл өз кезегінде барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші – қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда.

– Жоба кеңінен таралу үшін қандай шаралар жасалып жатыр? Жалпы жобаның нәтижесі қандай болмақ?

– Жобаны іске асыруға Ассамблея мүшелері мен еліміздің 4 министрлігі және барлық өңірлердегі әкімдік өкілдері айналысатын болады. Жақын арада облыстарда 10 бағыт бойынша әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.  

«Қазақтану» жобасы 3 жылға жалғаспақ. Жоба шеңберінде жүзеге асатын «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы мен «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» жобалары еліміздің әрбір өңірін қамтиды.

Жоба барысында мақсатты аудитория мен ортақ міндеттерді ескере отырып, іс-шаралар өткізудің жаңа, стандартты емес түрлері мен әдістері пайдаланылады. Осы орайда жас қазақстандық ойшылдарды, әдебиетшілерді, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымды, сондай-ақ Қазақстан этностары өкілдерінің ішінен қоғамдық пікір көшбасшыларын іс-шараларға қатыстыру көзделген.

Жобаның нәтижесі біз күткеннен әлдеқайда зор болады деп пайымдаймын. Өйткені бұл – тың, бұрын-соңды көтерілмеген мәселе.

Қазақ халқының өз-өзін тануы негізінде барша қазақстандықтардың бір жағадан бас шығара отырып, ортақ мүдде жолында қызмет етуіне жаңаша бір тосын стимул болмақ.

– «Ұлы Дала елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акцияның бастау алғаны мәлім. Осы акция еліміздегі киелі ескерткіш орындарын түгелдей қамтып отыр ма?

– Қазақ жері киелі ескерткіштерге өте бай. Оны аз уақыт ішінде «толықтай қамту» асырып айтқандық болады. Бұл шараның жүзеге асырылуы барысында ұйымдастырылатын экспедицияларға Қазақстанның әрбір облысындағы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысады.

Киелі ескерткіш орындарының барынша түгелдей қамтылуы жоғарыда көрсетілген қатысушылардың белсенділігі, ыждаһаттылығы мен қажыр-қайратына тікелей байланысты. Атқарылған істің тыңғылықты әрі нәтижелі болуы осы факторларға тәуелді. Әрине, акция барысында қыруар іс атқарылуы сөзсіз. Ұлы Даламыздың қойнауында жасырынған сырлардан ғылыми қоғамды дүр сілкіндіретін тарихи жаңа, тың деректер ашылатын күндер алыс емес. Нақтылап айтсақ, бұл жоба атам қазақ, бар Алаш жұртының, оның ойшылдарының ұлы арманы болатын.

– Кең даламыздың түпкір-түпкірінде аты аталмай, зираттары қоршаусыз қалған тарихи тұлғалар бар екен. Осыған арнайы қандай да бір шара ұйымдастыру ойыңызда бар ма? Мүмкін арнайы жоба құру керек шығар?

– Қазақ елінің әр түкпірінде кешегі кеңестік заманның идеологиялық қысымы салдарынан немесе соңында ұрпағы, іздеушілері қалмаған, өзі өмір сүріп, мекен еткен, қызмет жасап, туған өңіріне еңбегі сіңген, бірақ қазіргі күні ескерусіз қалған белгілі адамдар зираттары кездесіп қалады. Біздің ойымызша қазақ еліне сондай еңбек еткен белгілі, бірақ ескерусіз қалған тұлғалар қазір өте сирек кездеседі. Бір ескеретін мәселе, руы, өз ауылы, ауданы, облысы көлемінде есімі мен еңбегі белгілі болған адамдардың бәрін «тұлға» деп бағалау қисынға келмейтін сияқты.

Есімі мен еңбегі барлық қазақ жеріне белгілі, халық жадында сақталған, мойындалған адамдарды ғана тұлға қатарына қосқанымыз жөн. Олай болмаса, тұлғалардан «көз аша алмай», бұл ұғымның қадір-қасиетін жоғалтамыз.

Ал енді ескерусіз қалған жергілікті деңгейдегі белгілі адамдардың зираттарын қоршау, еңбектерін анықтау, біздің ойымызша жергілікті әкімдердің міндеті болуы керек. Бұған республикалық деңгейде шаралар өткізіп, жобалар жасап, қаржы шығындау тиімсіз болар.

Биыл маусымның орта тұсында тарихшылар мен өлкетанушылар тобымен бірге Есіл өзені мен Жабай өзені құятын тұста «Тоқтамыстың ордасы» деп аталатын жерде экспедиция жасадық. ХХ ғасырда 1913 жылы орыс әкімшілігі офицерлері жасаған топографиялық картада бұл өңірдегі жер-су атаулары ежелден бері келе жатқан түпнұсқа қалпында берілген. Қарашекпендердің келуімен, индустриялық қалашықтардың, авто және теміржолдардың салынуымен көптеген жер-су атаулары еуропалық өңге ие болып немесе кеңестік кезеңнің лебі аңқып тұр.

Қалай дегенмен де далалық топонимдер ХҮ-ХҮІ ғасырларға қатысты ортағасырлық жазбаларды бұлыңғыр берілген. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін әлі де болса келелі, терең зерттеулер жүргізілуі тиіс.

– Аталмыш жоба аясында көпшілікке таралатындай киелі жерлеріміз туралы кітап немесе электронды кітап шығаруға қандай идеяңыз бар?

– Бұл жұмыспен республикалық деңгейде бірнеше ғылыми институттар айналысуда. Біздің ғалымдар Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттары ғалымдарымен қосылып, «Интерактивная карта Казахстана» картасы сынды жобаларды қосылып жасап отыр. Ол картаның тұсаукесерін Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіхалықованың қатысуымен өткізді. Жаңалық БАҚ беттерінде жарияланған болатын.

– Өзіңіздің «Қазақтану» жобасына арнаған еңбегіңіз бар ма?

– Бұл мәселеге қатысты екі-үш кітабым жарық көрді. 2011 жылы «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы», 2014 жылы «Рассвет и сумерки Казахской степи» еңбектерім қазақ ұлтының, мемлекеттігінің пайда болып, қалыптасуы және дамуы тарихына арналған.

2017 жылы шыққан оқулықтарда осы тақырып кеңінен қамтылып келді.

Алғашқы шолу ретінде 2004 жылы туған елім жайлы «Ақтас деген ауыл бар...» деген тарихи зерттеу дайындаған едім. Қалың оқырман қауымға жеңіл, түсінікті тілмен ұлтымызды танытуға пайдасы тиетін мұндай еңбектер «Рухани жаңғыру» жобасын іске асырудағы нақты қадам болып табылады.

Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының құрбаны болып, тарих сахнасынан жойылып бара жатқан (ассимиляцияланып) қазақ халқының бір бұтағы сияқты туысқан ноғай халқы туралы бірқатар мақалаларым БАҚ-та жарық көрді. Ал қазір біз ХХ ғасырдың басындағы жасалған ғылыми маңызы зор картаны қарастырудамыз.

– 2015 жылы Сіздің бастамаңызбен «Қазақ хандарының жолдарымен» деп аталған ғылыми экспедиция ұйымдастырылған екен. Қазіргі кезде «Қазақтану» жобасына байланысты экспедицияға шығу мақсатыңыз бар ма?

– Иә, ол экспедиция менің бастамам бойынша ұйымдастырылып, өз қаржымызбен Ақмола, Орталық Қазақстан, Ұлытау өңірін, Оңтүстік Қазақстанның, Жамбыл облысының тарихи жерлерімен, орта ғасырларда қазақ хандарының ізі қалған өңірлермен танысу мақсатымен жасалған болатын.

«Қазақтану» жобасы бойынша таяуда Ақмола өңірін аралап, Көшпелі Өзбек (немесе Әбілқайыр хандығы) мемлекетінің негізін қалаушы Әбілқайыр ханға (1428-1468 жж. билік құрған) қатысты деректер іздестіріп келдік. Болашақта мұндай экспедициялар әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймын.

Бұйыртса, биыл, қыркүйек айында келесі экспедиция Қызылорда облысына шықпақшы. Ол аймақтың тарихи жәдігерлері мен мұраларынан көз сүрінеді. Сыр бойында Қазақ жұртының алғашқы астанасы Сығанақ сынды қазақ тарихына тікелей қатысы бар ұлтымызға қымбат ескерткіштер өте көп.

– Бүркітбай Ғелманұлы, тұшымды сұхбатыңызға рақмет! Қазақ елін тану және танытудағы еңбегіңіз арта берсін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға