Жаңалықтар

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Бірінші байлық – денсаулық
08.06.2016 08:07 4870

Кеше Қазақстандағы балалар мәселесімен айналысатын ұйымдарды біріктіретін «Асыл бала» республикалық қауымдастығы елордадағы «Ана мен Бала ұлттық ғылыми орталығына» жалпы құны 59 млн теңге болатын медициналық дәрі-дәрмектерді табыстады. Бұл шара онкогемотологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмектесетін «Ғұмыр үшін» жобасы аясында жүзеге асты.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

«Асыл бала» қауымдастығы ғылыми орталықта ем қабылдап жатқан балаларға арнап инфузомат және перфузор дәрілерін шетелден арнайы алдыртты. Медициналық аппараттарды табыс еткен «Braun sharing expertise» компаниясының Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі басқарушы менеджері Валерий Голубев өз компаниясының өнімдері қауіпсіз әрі сенімді екенін айтты.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Қауымдастық «Шаритэ» (Германия, Берлин) емханасы және ҚР ДСӘДМ−нің балалар онкологиясы және гематологиясы бойынша ресми кеңесшісі профессор Гюнтер Хенцемен бірлесе отырып, онкологиялық аурумен ауыратын балаларға диагноз қою және емдеу тәсілдерін жетілдіруге ынталы. Ол үшін қазір өңірлерде балалар онкогематологиясы бойынша қызмет көрсететін орталықтар құрылу қажет. Сондай-ақ, еліміздегі ауруға шалдыққан әрбір балаға зерттеудің барлық түрлері қолжетімді болуы тиіс.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Онкологиялық аурумен ауыратын балаларға диагноз қою және емдеу ісінде медицинаның ең соңғы жетістіктері қолданылып, ауруды ерте анықтаған жағдайда науқастың толығымен сауығып кету мүмкіндігі бар.

Қауымдастық балалар онкологиясының мәселелерін шешу үшін «Ана мен бала» орталығымен бірлесе отырып,  «Ғұмыр үшін» жобасын жасады. Осы жоба аясында Астана және Алматы қалаларындағы екі онкогематалогиялық орталықты озық жабдықпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл орталықтарда көмекке зәру барлық балалар емделетін болады. Сонымен қатар, Жоба қолдауымен, онкогематологиялық ауруға шалдыққан пациенттерді емдеу ісі бойынша халықаралық медициналық қауымдастықтарға Қазақстанның мүше болып кіруі күн тәртібінде тұр. Онкологиялық диспансерлерді медициналық және лабораториялық жабдықтармен қамтамасыз еткен соң, «Асыл бала» ұйымы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен онкогематологиялық аурумен ауыратын балалардың өлім көрсеткішін төмендетуге ниетті.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Екі онкологиялық орталықты жабдықтау үшін қаражат жинау мақсатында қауымдастық Қазақстанның ірі қалаларында «Мейірімділік акциясын» өткізді. Атап айтқанда, акция Астана, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында өтті. Алдағы уақытта мұндай акцияларды Алматы және Астана қалаларында өткізу жоспарланып отыр.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Бекбай Хайрулин, «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» директоры:

 – «Асыл бала» қауымдастығы «Ғұмыр үшін» біздің орталық пен  Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттар тарту етті. Енді бұл аппараттар бізге онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу ісінде көмектесетін болады. Осы жобаның арқасында шын мәнінде өте маңызды көмекке ие болдық. «Асыл бала» қауымдастығына ұжымымыздың және барлық аналар мен балалардың атынан алғыс айтамын.

Бәрі де ана мен баланың саулығы үшін

Өкінішке қарай, соңғы кездері балалар арасында онкологиялық аурулар көбейіп кетті. Біздің орталығымызға жыл сайын келіп түсетін 300-ге жуық балаға диагноз алғаш рет қойылады. Бүгінде біз орталығымызда емдеу ісінде халықаралық протоколдарды қолданамыз. Бұл протоколдар жақсы нәтиже береді. Ал, оларды орындау үшін, қымбат дәрілер алу үшін қаржылай қолдау ауадай қажет екені белгілі.

Қазір орталығымызда онкологиялық ауруға шалдыққан балаларды емдеу ісінде нақты жетістіктерге жеттік. Атап айтқанда, химиялық терапия, сәулелі терапия, сүйек кемігінің трансплантациясы сияқты барлық заманауи емдеу әдістері қолданылады деп айтуға болады.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген  –  Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға