Жаңалықтар

Бұхар хандығы

Орталық Азиядағы Шайбани негізін салған мемлекет (XVI ғасырдың басы – 1920 жылға дейін) Шайбани мемлекеті деп аталады.
30.06.2014 08:14 13244

Орталық Азиядағы Шайбани негізін салған мемлекет (XVI ғасырдың басы – 1920 жылға дейін) Шайбани мемлекеті деп аталады. Бұл кейіннен Бұхар хандығы аталып кетті. Алғашқы орталығы – Самарқанд, 1560 жылдан Бұхара шаһары болды.

Бұхар хандығы

Шайбани мемлекетінің құрылуы көбіне-көп көшпелі өзбек тайпаларының ішінен шыққан Шайбани ханның орталық Мәуереннахрды жаулап алуымен байланысты болып келеді. Хандықта алғашында Шайбани әулеті кейін Аштрахан әулеті (1599-1740) және Маңғыт әулеті (1755-1920) билік жүргізді.

Шайбани әулеті билік құрған кезеңде Орта Азиядағы қалыптасқан саяси жағдайға байланысты оның жер көлемі ұдайы өзгеріп отырды. Ол шамамен алғанда Каспий теңізінен Тянь-Шаньға, Сырдариядан Орталық Ауғанстанға дейінгі шөлейтті және жазиралы жерлерді қамтыды.

1506-1510 жылдары Қазақ хандығына қарсы ұйымдастырған 4 жорығының алғашқылары табысты болғанымен, соңғысында Шайбани әскері қазақ хандығынан ойсырай жеңілді.

1510 жылы Иран шаһы Сефеви әулетінен шыққан Исмаил І Шайбани ханның ордасын құлатқаннан кейін, Шайбани әулеті империясының тармағынан тараған екі өзбек мемлекеті құрылды. Бірі – Мәуереннахрдағы Шайбани мемлекеті де, екіншісі оған тәуелсіз Хиуа хандығы. Әмір Темір әулетінің бұрынғы хорасандық иелігі Иранның қол астына қарады. Көшпелі өзбектердің Дешті Қыпшақ даласынан Мәуереннахр өлкесіне ауысу нәтижесінде Шайбани әулеті қазақ жұртындағы өз ықпалынан айырылады да, далалық жерлерде қазақ хандарының билігі орнады.

Көшпелі өмір салтын ұстанған өзбектердің отырықшы халықтың арасына қоныс тебуі егіншілік дәстүрінің біршама дәрежеде құлдырауына және егіс алқаптарын суландыру құрылыстарының жұмысы ырғағының бұзылуына әкеп соқтырды. Жер телімдерін сыйға тарту, мұрагерлік жолмен меншіктену құқығы ел ішінде кең тарады.

Мемлекетте ірі ақсүейектер, шейхтар мен үлкен вакуфтарды иемденген мұсылман дінбасылары үстемдік құрды. Ежелгі жердің едәуір бөлігі хан меншігі болып есептелді.

Абдоллах хан ІІ-нің тұсында мемлекет астанасы Бұхара болды да, біз білетін Шайбани мемлекеті енді Бұхар деп аталды. Бұхара шаһары елдегі ірі мәдени орталыққа айналды. 1583 жылы барлық өзбектерді өз қол астына біріктіре білген Абдоллах хан ІІ елді өркендетіп, гүлдендірді. Ресей, Қазақстан, Сібір және Үндістандағы Ұлы моғолдармен тату-тәтті қатынас орнады.

Бұхар ханы Иранмен арада жүргізілген толассыз күрестерінде әрдайым қазақтардың көмегіне сүйенді. Қазақ хандығы билеушілерінің мұндай туысқандық жәрдеміне аса ризалық білдірген ол қазақ ханы Шығайға Ходжент қаласын, оның ұлы Тәуекел сұлтанға шұрайлы жері саналатын Зеравшан мен Адеркент өлкесінің біраз бөлігін сыйға тартты. Оның кейінірек Қазақ хандығымен арадағы қарым-қатынасы көңіл қуантарлықтай баянды бола қойған жоқ.

Ұзақ жылдар бойы Хорезм мемлекетімен, Иран елімен, Хиуамен, Қоқанмен соғыстар жүргізді. Бірде сүрінді, бір де кеңге қанат жайып өркендеді. Ақыры соңында 1920 жылы 2 қыркүйекте кеңестік өкіметтің орнауына наразылық танытып, қарсы шыққан мұсылман зиялыларын жазалау мақсатында Қызыл Армия бөлімдері Бұхараға келіп кірді. Бұхар хандығының соңғы әміршісі Сейіт Әлім хан амалының жоқтығынан Ауғанстанға қашып кетуге мәжбүр болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға