Бүгіннен бастап елімізде Отбасының цифрлық картасы іске қосылады
Әлеуметтік кодекс жобасы аясында 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылады, деп хабарлайды EL.KZ Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл ақпараттық жүйе азаматтарға проактивті форматта, яғни алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендете отырып, қызметті жеделдетуге және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактивті форматта кепілдік берілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.
ОЦК-да 6 млн отбасына бөлінген барлық 19,4 млн азамат туралы деректер жинақталған.
Отбасылардың әл-ауқатының деңгейі 5 критерий бойынша айқындалады: экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік жағдайлар, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі.
Отбасының цифрлық картасының жұмыс істеу алгоритмі мынадай түрде іске асырылған: мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде, әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлем немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрі тағайындалып, кейіннен алушының банк шотына аударылады.
Жобаны іске асыру кезеңдері:
- осы жылғы 1 қыркүйектен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
ОЦК-ны пилоттық іске қосуға дайындық барысында ҚР Еңбекмині желісі бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж азаматтар анықталды. Ал үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектен бастап оларға проактивті қызмет көрсетуге СМС-хабарламалар жіберілетін болады.