Жаңалықтар

Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде

1 мамыр елімізде 1996 жылдан бастап тойланады.
01.05.2016 07:27 10132

1 мамыр елімізде 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған болатын.

Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде

Бүгін «Қазақ елі» алаңында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған шаралар өтіп жатыр
Алаңда үлкен шатыр тігіліп, 22 этностың ұлттық тағамдары қойылған. Әрі қала тұрғындары мен қонақтары осы жерге келіп әр ұлттың салт-дәстүрімен және тарихымен таныса алады. Ал Астана қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсаинованың айтуынша, биылғы мереке жаңа форматта тойлануда.

Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде

«Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жаңа форматта мерекеленіп жатыр. Үлкен шатыр тігіліп, 50 метрлік үстел ұйымдастырылды. Онда 22 этномәдени бірлестіктің ұлттық тағамдары қойылған. Әрі осында әрбір этнос үйінің эскизін орнаттық. Осы жерде олар өз өнерлерін, ұлттық тағамдарын, қолөнер бұйымдарын көрсетеді. Биыл осы форматты таңдап алдық. Бұл шаралар Астана тұрғындары мен қонақтарына арналып отыр», - деді Л.Құсайынова.

Айта кетейік, «Қазақ елі» алаңында ұйымдастырылып жатқан концерттік бағдарламада 450-ден астам әртіс пен шығармашылық топтар өз өнерін паш етеді. Әрі 300-ден астам этномәдени бірлестіктің өкілдері аталмыш іс-шараға қатыспақ.

Сонымен қатар, алаңда мерекелік сауда жәрмеңкелері, түрлі спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде

130-дан аса ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында айрандай ұйытып отырған Қазақстанда бірлік күнін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұл мереке ел халқын татулық пен тұтастыққа, ынтымақ пен келісімге, бейбітшілік пен бірлікке үндейді. Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі де – ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау.

Бүгін ел көлемінде Қазақстанда тұратын ұлттардың этномәдени ұйымдарының қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар өтеді.

Сонымен қатар, бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік. Ынтымақ. Достық» мерекелік шарасы өтті
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов жиналғандарды және барша оңтүстікқазақстандықты Бірлік күнімен құттықтады.
«1 мамыр – бірлігі жарасқан ұлы Отанымыздың ең маңызды мейрамдарының бірі. Бұл мамыражай мерекені барша қазақстандықтар бейбіт заманға, достық пен бірлікке тағзым еткендей, қуана тойлайды. Тәуелсіздік жылдарында алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Бұл ұланғайыр табыстарда облыс тұрғындарының да үлесі барлығын айта кеткен жөн. Себебі, осындағы ұлттардың өзара татулық пен келісімде өмір сүруінің арқасында бәріміз алаңсыз еңбек етудеміз»,-деді облыс әкімі өз құттықтауында. Салтанатты жиында облыс басшысы елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Елбасының атынан алғыс хат пен «Бірлік» алтын медалін табыстады,деп мәлімдеді ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде
Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық саяси өміріне белсене қатысқаны үшін 20 азамат «Облыс әкімінің алғыс хатымен» марапатталды.

Түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен мерекелік шара «Бәйтерек» композициясы мен «Сарыжайлау» хореграфиялық қойылымымен бастау алып, ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдерінің өнерпаздары ән шырқап, өнер көрсетті.
Оңтүстік Қазақстанда бүгінгі таңда 100-ден астам этнос пен 11 діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлесе еңбек етіп келеді. Ал облыстағы 20 этномәдени орталық пен аудан, қалалардағы 51 филиалда әр этностың салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына, мәдениетіне байланысты түрлі іс-шараларды өткізуіне барлық мүмкіндік жасалған.

Айта кетейік, биыл облыс әкімдігінің бастамасымен өңірімізде алғаш рет Бірлік мерекесін тойлау аясында «Достық сыйы» акциясы өтті. Игі шара аясында аймақтағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері бір-біріне сый жасап, өзара татулығын нығайта түсті.


Дереккөз Bnews.kz
Суреттер Бауыржан Жуасбаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға