Жаңалықтар

Бүгін – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

23 – маусым Қазақстан полициясы күні.
23.06.2015 06:04 9101

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы 5 маусым күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді.

Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.

Бүгін – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

Бүгін – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

Биыл Ішкі істер министрлігінің құрылғанына  23 жыл толып отыр. Тәуелсіздік таңы атқалы полиция және ішкі әскерлер сапында қызмет атқарған 400-ден аса жаужүрек азаматтар мемлекеттік марапатқа ұсынылса, 100-ге жуығы «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен марапатталған, өкініштісі сол, тең жартысы қызмет бабында қаза тапқан соң аталмыш марапаттарға ұсынылған жандар екен. Қазақстанда соңғы үш жыл көлемінде қызметтік борышын өтеу барысында 76 полиция қызметкері көз жұмса, 352 полицей жарақат алған.

Бүгін – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

Шын батыр сын үстінде танылар

Қазақстан полиция жасағында үлгі етерлік қызметіне аса жауапты, антына адал, сертіне берік талай азаматтар бар. Бүгінгінің батырлары атанып жүрген бірқатар полиция қызметкерлерінің ерен ерлігін үлгі ету мақсатында тоқталып өткенді жөн көрдік.

Ғазиз Байтасов

Бүгін – тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі

2011 жылдың 12 қарашасы күні Тараз қаласында орын алған лаңкестік әрекеттен 7 адам қаза тапты. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов  төрт тәртіп сақшысы мен екі азаматқа оқ атқан лаңкес Мақсат Қариевті құрықтау кезінде қаза тапты. Ол террористің жетінші құрбаны болатын. Жарақат алғанына қарамай, ол жарылғыш затты іске қосқан лаңкесті денесімен жауып, айналасындағы адамдарды құтқарып қалды. Қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы мен «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері берілді.  2012 жылдың 30 қазаны күні капитан Байтасовтың туған жері Байзақ ауданында ескерткіш тақта ашылды. 

Қайрат Жұмабеков

2008 жылдың 30 мамыры күні 130 бала мінген автобустар тізбегі жол полицейлерінің бақылауымен Астанада Қарағандыға қайтып келе жатқан. Полиция сержанты Қайрат Жұмабеков балалар мінген автобустың қарсы беттегі көлікпен соқтығысуына жол бермей, ерлікпен қаза тапты.

Қайрат Жұмабеков оқиға орнында көз жұмса, оның әріптесі Дмитрий Пугач ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Инспекторлардың ерлігінің арқасында барлық балалар аман қалып, ешбірі жарақат алмаған. Жақында Қайрат Жұмабеков оқыған мектепте ескерткіш тақта ашылды және полицейдің туған ауылында оған көше аты берілді.

Арғын Қуанов пен Нұрлан Зәкенов

Былтыр Павлодар облысы, Екібастұз қаласының полицейлері балалар мінген автобус пен жолдың қарсы бетіне өткен жеңіп көлік соқтығысуының алдын алды. «Қызылорда – Павлодар» тас жолында Toyota Mark II жеңіл көлігінің 27 жастағы жүргізушісі жолдағы көліктерді басып озбақ болып, жол ережесін өрескел бұзған. Сол кезде жеңіл көлік пен автобус соқтығысуының алдын алмақ болған жол полицейлері Арғын Қуанов пен Нұрлан Зәкенов соққыны өздеріне қабылдап, балаларды аман алып қалды.

Зайытжан Аюпов

2011 жылдың 2 қарашасы күні Алматы қаласының патрульді полицейі 5 қабатты үйдің шатырынан құлаған 3 жасар сәбиді қағып алды. Үйдің шатырынан секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған 35 жастағы әйелді «Боран-086» патрульді экипажының мүшелері ойынан айнытып, жергі түсуге көндірмек болады. Осы кезде аға лейтенант Серік Жапаров подъезд арқылы шатырға көтерілмек болса, тағы бір аға лейтенант Зайытжан Аюпов әйелдің оқыс әрекетке бармауын қадағалап төменде қалады. Алайда, ашынған әйелдің қолынан 3 жасар бала құлап түсіп, кейін әйелдің өзе де секіріп кетеді. Қуанышқа қарай, аға лейтенант Аюпов бірнеше секунд ішінде төменге құлдилаған сәбиді қағып алып, өмірін сақтап қалды.

Руслан Елутаев

Өткен жылдың желтоқсан айында Талдықорған қалалық ІІБ полиция инспекторы Руслан Елутаев тұтас бір отбасыны балаларымен бірге өртенген үйден алып шықты. Өрт Көксу ауданы маңындағы Балпық би ауылындағы төрт отбасы тұратын бірқабатты үйде болған. Үйдегі пәтерлердің бірінде 6-7 кішкентай баланың қатысуымен мерекелік басқосу өтеді. Ал сол күні жұмыстан қайтып келе жатқан полиция қызметкері үй маңындағы сарайдың өртеніп, жалынның үйді шарпығанын да байқаған. Руслан Елутаев үйге жүгіріп кіріп балаларды, содан соң, газ баллонын сыртқа шығарған. Дереу әріптестерін көмекке шақырып, өзге пәтерлер отқа оранбау үшін өртті сөндіруге үлкен үлес қосқан.

Арман Смағұлов

2012 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі аудандық полиция бөлімшесінің қызметкері Арман Смағұлов қазаншұңқырға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды. Полиция лейтенанты қазаншұңқыр маңында ойнап жүрген балаларды көреді. Кенет мұз еріп, қазаншұңқырға батпақ лай жинала бастайды. Ал қырдан сырғанап келген Женя есімді жасөспірім батпаққа түсіп кеткен. Арман Смағұлов дереу киімдерін  шешіп, жасөспірімнің артынан шұңқырға секіреді. Содан соң, бар күшін салып судан баланы аман алып шығады. Дәрігерлер үш күн бойы Женяның өмірі үшін күресіп, үшінші күн дегенде батпаққа батып кете жаздаған жасөспірім тілге келеді. Бұл Арман Смағұловтың бірінші ерлігі емес. Әскери борышын өтеп жүргенде ол өзінің әріптесін өлім аузынан аман алып қалған.

Ермек Досмағамбетов

Екі жыл бұрын полиция капитаны Ермек Досмағамбетов жұмыстан тыс уақытта өз өмірін қауіпке тігіп, екі қызды күдіктілердің зорлауынан аман алып қалады. Түнгі 2-лер шамасында бақтағы орындықта демалып отырған әпкелі-сіңлілі екі қызға жас жігіттер таныспақ болып, тиісе бастайды. Ал өздерімен танысуға қыздардың ниеті жоқ екенін білгенде, олар күштеп зорламақ болады. Сол кезде жұмысынан қайтып келе жатқан Ермек Досмағамбетов зорламақ болған жігіттерден қыздарды арашалап қалады. Күдіктілер полиция өкіліне пышақ жарақатын салғанымен, көп ұзамай қолға түсті.

«Әмбебап полицей» жүйесі

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013-жылғы 30-қыркүйектегі №557 бұйрығына сәйкес, 1-қарашадан  жол полициясы мен әкімшілік полициясы бірігіп, «Әмбебап полицей» жүйесі  енгізілді. Әкімшілік полиция бөлімшесіне қарасты қызметкерлерден тұратын патрульдік полиция бөлімшесі жол  патрульдік  полиция тобы  болып  қайта құрылды. Әмбебап полицейлер ұсақ бұзақылық жасағандарды, рұқсат етілмеген жерде темекі тартқандарды құрықтап, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін сақтау, ізін суытпай қылмысты ашу, төтенше оқиғаларда жедел шара қолдану, азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету сынды жұмыстарды атқарады. Аты айтып тұрғандай,  ішкі істер органы  қызметкерлеріне тиесілі  қылмысты ашу, оның алдын алудағы барлық ісшараға  атсалысады. Мерекелік шеру, жаңажылдық мереке, спорттық жарыстар, көкпар,  ұлттық бірыңғай тесттің басы-қасында жүріп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.

Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға